• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2011

Ливияда нағыз азамат соғысы

673 рет
көрсетілді

Араб елдері мен Африканың кейбір мемлекеттеріндегі билікке қарсы наразылық Ливияға да жетті. Мұндағы толқулар бүгінде ел астанасы – Триполи қаласында қатты білінуде. Осыған дейін негізінен бірнеше қаланы, соның ішінде елдің екінші үлкен шаһары Бенгазиді басып алған көтерілісшілер сондағы қолға түскен қарулармен мұздай қаруланған. Бенгазидегі М.Каддафидің сарайын басып алуға ұмтылған оларға артиллериядан оқ жаудырылып, көзден жас ағызатын газ қолданылды. Қаланы М.Каддафидің екі ұлы бастаған әскерилер қорғауға тырысуда. Соңғы ақпараттарға қарағанда, Триполидің де 3-4 ауданы көтерілісшілердің қол астына көшкен. Өлгендер саны шамамен 200 адамнан асқан. Бір сөзбен айтқанда, бұл елде нағыз азамат соғысы жүріп жатыр. Америкалықтар аспанды аңсауда Американың НАСА ғарыш агенттігі Дискавери шаттлының ақыры ұшатынын мәлімдеді. Бұған дейін оның ұшуы техникалық себептермен бірнеше рет кейінге шегерілген еді. Ұшу Флорида штатындағы Мерриот аралында орналасқан ғарыштық орталықтан іске асырылады. Нақты күнін айтатын болсақ, ол – алдағы аптаның бейсенбісі күні кешкі сағат 17.00 деп жариялады НАСА-ның баспасөз қызметі. Айта кететіні, осы ғарыш кемесінен кейін де биыл үш шаттл ғарышқа аттанбақ. Арандатушылар бірлесе ауыздықталмақ Осы жылдың көктемінде Қырғызстанда ТМД елдері арнаулы қызметтерінің бірлескен әскери жаттығулары өтеді, деп хабарлады ТМД-ның лаңкестікке қарсы күрес орталығының басшысы А.Новиков. Әскери ойындардың Қырғызстанда өтуі кездейсоқтықтан емес екен. Қазір өкімет әскерлерінің қысымымен Ауғанстан талибандары елдің солтүстік шекараларына қарай жылжып, тіпті кейбір ТМД республикаларының аумағына өтіп кетіп жатқан фактілері де орын алса керек. Аталған жаттығулар осындайларға қарсы күресті шыңдай түсу мақсатын көздейді. Сонымен бірге, жаттығулар кезінде Қырғызстан аумағында террорлық әрекет жасаушыларды бірлесе іздестіру шаралары да жасалатын болады. Заң қорғаушылар оны өздері бұзады Мәскеу қаласының мэрі С.Собяниннің жіті қадағалауымен шаһардағы казино және ойын автоматтары құрықталуда. Бұл елдің заңы бойынша 2009 жылдың 1 шілдесінен бастап ондайларға тыйым салынған болатын. Бірақ «қызыл жағалылардың» қорғаштауымен ондайлар осы уақытқа дейін емін-еркін әрекет етіп келген еді. Енді дуанбасының тапсырмасын бұлжытпай орындауға көшкен федералдық қауіпсіздік қызметі заңсыз әрекет етіп жатқан казинолар мен ойын автоматтары орналасқан орындарды шапшаң әшкерелеп жатыр. Ал науқанға кедергі келтіруі мүмкін деген лауазым иелері қызметтерінен уақытша ығыстырыла бастаған. Олардың арасында Мәскеу облысының прокуроры А.Мохов пен оның бірінші орынбасары А.Игнатенко да бар екен. Сөйтіп, қазір Ресейде заңның орындалуын қадағалайтындардың өзі заң бұзушы болуы мүмкін деген күдік тарап кетті. Журналистерін тұтқыннан босатты Иранға ГФР сыртқы істер министрі Гидо Вестервеле ресми сапармен келіп, президент М.Ахмадинежадпен және сыртқы істер министрі Али Акбар Салехпен келіссөздер жүргізді. Мұндай сапарды маңызды оқиғалардың қатарына жатқызуға да болмас еді, егер ол Иранға жасалмаса. Қазір Батыс елдерінің бәрі Иранмен байланысты шектеп жатыр. Бірақ неміс сыртқы саясат ведомствосының басшысы Иранға амалсыз келген секілді. Өйткені, онда 2010 жылдың қазан айынан бері бірнеше неміс журналисі елдің қауіпсіздігіне қарсы әрекет жасады деген айыптаумен қамауда отырған болатын. Неміс дипломатиясы өзінің миссиясын орындап, журналистерін тұтқыннан босатып,  аман алып қайтты. Ал Иран жағы бұл істі үлкен дипломатиялық табыс болды деп бағалауда. Қысқа қайырып айтқанда: Ливияда уақытша тұратын 25 мың түрік азаматы отанына оралмақ. Мұндай шешімді Түркия үкіметі қабылдады. Аталған мақсатқа 4 әуе кемесі бөлінсе, соңғы дерек бойынша 600 түрік азаматының өз жеріне  табаны тиіп үлгерген. Иеменде де билікке қарсы наразылық акциясы күш ала бастаған. Ел астанасы – Сана қаласына танктер мен басқа да бронды техникалар енгізілген.  Мұндағылар да билікті тағынан  тайдырмай  тыншымауға бел буғандай. Әзірбайжанның Гой Гох ауданында орналасқан әскери бөлімде бір солдат өзінің 7 қызметтесін атып өлтірген. Оқиғаның себебі анықталуда. Мұндай оқиға 2010 жылдың қаңтар айында да орын алған екен. Онда 2 солдат 4 офицерді атып өлтірген болатын. Ирактың Самарра қаласындағы полиция учаскесінің жанында жарылыс болып 10 адам қаза тапса, көптеген адам ауыр жарақаттанған. Жарылысты жасаған жанкештінің кім екені әзірге белгісіз. 2009 жылғы қаңтарда ұлтшыл-фашистердің қолынан қаза тапқан адвокат С.Маркелов пен журналист А.Бабурованың ісі бойынша Мәскеуде сот іс қарады. Тергеу кезінде қылмыстарын мойындаған Н.Тихонов пен Е.Хасис енді  өз сөздерінен бас тартуда екен. Ауғанстанның Құндыз провинциясында бір жанкешті паспорт алуға кезекке тұрғандардың жанына келіп, бойындағы жарылғыш затты іске қосқан. Жарылыс салдарынан 21 адам қаза болып, 30-дан артығы түрлі жарақаттар алған.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.