Кеше кешке жақын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасының астанасы Пекин қаласына келді. Елбасы бастаған қазақстандық делегация құрамында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшісі Икрам Адырбеков, Бас прокурор Қайрат Мәми, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, Қазақстан Республикасы Президентінің экономика мәселелері жөніндегі көмекшісі Бақыт Сұлтанов, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов, Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Парламент Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев бар.
Пекин әуежайына келіп қонған ұшақтан Елбасын Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Цзечи бастаған осы елдің бірқатар лауазымды тұлғалары қарсы алды. Жайылған кілемді жағалай Құрметті қарауыл сапқа тұрды.
Осы күні Елбасы өзі түскен Қытайдың мемлекеттік «Дяоюйпай» резиденциясында Ху Цзиньтаомен бейресми кездесті. Оған екі жақтан бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты. Кездесуден кейін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа кешкі қонақасы берді.
Қытай жағы Елбасының бұл сапарына ерекше мән беруде.
Мемлекеттік сапардың ресми бөлігі бүгін басталады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Пекиннен.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.