• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2016

Қырмызыдай құлпырған Қызылорда

892 рет
көрсетілді

«Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», деп еді Елбасы. Президент неге бұлай деді? Мемлекеттің бар жетістігін неге бір ғана аймақтан көруге болады деп айтты? Оның өзіндік себебі бар. Азаттықтың алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлына Қызылорда облысына қатысты ұсыныс айтылды. Онда облысты таратып, бір жағын Оңтүстік Қазақстанға, екінші бөлігін Ақтөбеге қосу туралы баяндалған. Экономиканың өте қиын кезеңі, аймақтардың біріктіріліп жатқан тұсы еді. Сонда Мемлекет басшысы Алашқа ана, қазаққа пана болған құтты өңірді бөлмей, тұтас сақтап қалуға шешім шығарды. Бір кездері облыс атынан айырылып қала жаздаған экологиялық аймақтың бүгінгі келбетін көргенде Елбасының есіне осы жағдай түспеді дейсіз бе?! Президенттің бұл бағасының астарында осындай сыр жатқан еді.

Ақмешіттің ажарын ашты

Осы ретте Қызылорда қаласы да ерекше даму жолына түсті. Жолы ойдым-ойдым, жертөлесі суға толы, масасы баданадай, сұрқы қашып, кейпі кетіп тұрған қала қазірде жоғы бүтінделген, кем-кетігі түзелген әсем де көркем шаһарға айналған. Әсіресе, соңғы жылдарда Қызылорданың келбеті ажарлана түсті. Бұрнағы күні Қы­зылордада қала күні аталып өтті. Осы шара барысында қаланың ажарын ашатын тағы да бірнеше нысандар іске қосылды. Енді қала күнінде атқарылған шаруаларға қарай ойысайық. Елдің елдігін айшықтайтын ең негізгі нышан оның рәміздері екені баршаға аян. Ал Тәуелсіздігіміздің негізгі атрибуттарын қастерлеп, қадірлеп отыру әрбір азаматтың қасиетті борышы. Қала күнінде Қызылордада, Сырдарияның жағасында «Рәміздер алаңы» пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын алаң­да Елтаңба, Әнұран және биіктігі 60 метрлік Мемлекеттік Ту орналастырылған. Айналасы абаттандырылған. Енді әуе­жайдан қалаға қарай беттеп келе жат­қаныңызда көкте желбіреген Көк туымыз қарсы алады. «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгі­лерін де ерекше қадірлеуіміз, қас­терлеуіміз керек», деп Елбасы баса айт­қан болатын. Сондықтан, бүгін Сыр елінің орталығы Қызылорда қаласының күніне орай, киелі Алаштың анасының төрінен, өңіріміздің «Үлкен маржаны» саналатын Сырдарияның жағалауынан көк байрағымызды биікке көтеріп, «Рәміздер алаңы» ашылды»,– деді салтанатты шараға қатысқан Қырымбек Көшербаев. Тәуелсіз ел болмасақ, мұндай аллеяның ашылмайтыны бесенеден белгілі. Сондық­тан, әрбір азамат азаттықтың қадірін біліп, мемлекеттің нығаюына, дамыған елдердің қатарына қосылуына ерекше еңбек етуі керек. «Алтай құлазып, Арқа аңырап, Тұран тұнжыраған заман артта қалды. Екі ғасыр тоғысында жаңаша тарихқа бастайтын Тұлға дүниеге келді. Бүгінде Тәуелсіз ел болдық, кеше ғана Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылар сәтте Еуразия төрінде, қазақтың Сарыарқасында зәулім Астана бой көтерді. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан азат еліміздің көк байрағы көтерілді. Тіліміз жаңғырып, діліміз бекіді, дініміз оралды, тәуелсіз ел дамуының тағ­дыры таңдалды», – деген аймақ басшысы өскелең ұрпақты бабалар аманатына адал болып, тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Жалпы құны 325 миллион теңгені құрайтын жоба ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы аясында салынды. Қызылорда дарияның жағасында орналасса да, Сырды жағалай жүретін жол жоқ еді. Енді осы олқылықтың орны толды. Қала күні қарсаңында ашылған екінші нысан – Тәуелсіздік даңғылы. Жаяу жүргіншілерге, велосипедшілер мен көлікке арналған даңғыл дарияны жаға­лай салынды. Бұл алдымен қаланың ажарын ашса, екіншіден, шаһар ішіндегі көлік нөпірін азайтуға септігін тигізеді. Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықта, Сырдария өзенінің бойын жағалай орналасқан әсем жағалауға, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық құрметіне орай Тәуелсіздік атауы берілді. «Ұзындығы 7 шақырымды құрайтын айналма жол құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 миллиард 932 миллион теңге бөлінді. Бұл жолдың бойында барлық стандарттарға сәйкес жарық бағаналары, аялдамалар және 7 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы мен арнайы веложолақ қарастырылған. Осындай сапалы да сәулетті көшенің құрылысын жүргізіп, халық игілігі үшін аянбай қызмет етіп жүрген «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің барша құрылысшыларына қала халқының атынан алғысымызды білдіреміз. Салтанатты түрде ашылған жаңа көше, ынтымақты халқымыздың мерейін асқақтататын көрікті орындардың бірі бола берсін», – деді Қырымбек Елеуұлы. Қызылордада ұзындығы 612 шақырым болатын 760-тан астам көше бар. Қалада көлік инфрақұрылымын дамытуға бүгінде жіті назар аударылуда. Мәселен, соңғы 3 жылда Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 15 миллиард теңге­ден астам қаржы тартылды. Бұл қар­жыға 300 шақырымды құрайтын жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 51 көшенің орташа жол жөндеу жұмыстарына 980 миллион теңге қаржы тартылуда. Мұнымен қоса ауыл­дық округтердегі 14 көшенің орташа жол жөндеу мен 2 көшені жарықтандыру жұмыстарына 80 миллион 126 мың теңге бөлінді. Елбасы қамқорлығының арқасында Арал теңізі қайта оралуда. Жыл сайын 197 мың тонна шыны табақшаларын шы­ғаратын Қызылорда қаласындағы шыны зауытын, «Шалқия» кен байыту фабрикасын, Қармақшы ауданында жоғары экологиялық сипаттағы К4, К5 сыныпты мотор майларын өндіретін зауытты, Бала-Сауысқандық ванадий кенішін игеру, Аралда кальцийлендірілген сода зауытын, жылына 160 мың тонна аз алюминийлі ферросицилий шығаратын ферроқорытпа зауытын және 2 цемент зауытын іске қо­су жоспарланса, соңғы жылда тәулігіне 80 тонна құрамажем шығаратын «Жан Арай Жем» құрамажем зауыты құрылып, жылына 80 мың текшеметр темір-бетон бұйымдарын шығаратын үй құрылысы комбинаты ашылды. «Сонымен бірге, бірнеше ірі инфра­құрылым жобалары тұрақты пайдалануға берілді, олардың қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі, «Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу» темір жолы, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магис­тральды газ құбыры бар. Тіршіліктің көзі аталатын сумен облыс халқының 95%-ы қамтылса, қуат көзі саналатын көгілдір отын Қызылорда қаласы мен 4 аудан орталығына жеткізілді. Үш ауысымды мектептерді жою және балаларды 100% балабақшамен қамту туралы Елбасының тапсырмалары облысымызда мерзімінен бұрын толыққанды орындалды. Әлеуметтік мәселелерді қаржыландыру бойынша алға шыққан аймағымыздың бюджеті соңғы төрт жылда 2,5 есе өсті. Мұның барлығы Тәуел­сіздік таңы атқаннан кейін ғана қо­йыл­ған талаптар, жүзеге асқан мақсаттар», – деді өңір басшысы.

Шаһарға шырай берген шаралар

Қала күні қарсаңында 350 қызыл­орда­­­лық баспаналы болды. Солайша «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жаңа «Сәулет» шағын ауданында «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынған 350 пәтерді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Мерейлі мерекеде қуа­нышқа бөленіп, шаңырақтары шаттыққа толып жатқан отбасыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы құттықтап, пәтер кілтін табыстады. «Облыс экономикасын әртараптандыру жалғасып, өңдеуші секторда өнім өндіру соңғы төрт жылдың өзінде ғана 40 пайызға өсіп, қарқынды дамуда. Тек қана облыс орталығында соңғы үш жылда жаңа 11 шағын аудан салынса, биылдың өзінде 80 жаңа көпқабатты үй тұрғызылуда. Ендігі міндет – сол жағалаудағы жаңа қаланың құрылысына кірісу», – деді аймақ басшысы. Айта кетейік, облыс бойынша құрылыс көлемі 3,5 есеге, Қызылорда қаласында аталған көрсеткіш 8 есеге артты. Сонымен қатар, соңғы үш жылдың көлемінде Қызы­лорда қаласы бойынша жалпы ауданы 265 мың шаршы метрді құрайтын, 3 мың 502 пәтерлік 82 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді. Осы күні «Солтүстік» атты жаңа сапаржай да қызылордалықтардың игілігіне тапсырылды. Енді Арал, Қазалы, Қар­мақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары тұрғындарының қалаға қатынауы оңай болады. Бес ауданның тұрғындарына жол қатынасы қиындық туғызбауы үшін осы сапаржай ашылды. Аймақ басшысы сапар­жайдың ашылу салтанатына қатысып, қала жұртшылығын мерейлі мерекемен қатар келген қуаныштарымен құттықтады. «Осы игілікті істердің бастамасы ретін­де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Романов және К» серіктестігі өз қаражаты есебінен бұрынғы автобус паркі ғимаратын толықтай қайта жаң­ғыртудан өткізіп, «Солтүстік» сапаржайды қала тұр­­­ғындары мен қонақтарының игілігіне тапсыруды мақсат етіп отыр. Жаңа сапаржайдан жасаған сапарларыңыз сәтті, жолдарыңыз оң болсын», – деді Қ.Көшербаев. Бұрын қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан орталық сапаржайдан облы­сы­мыздың оңтүстік аудандары мен Шым­кент, Алматы қалаларына ғана автобус­тар қатынаса, облысымыздың солтүстік аудан­дарына қатынайтын автобустар «Солтүстік» сапаржайдан жүреді. Осыған дейін қала тұрғындары­ның қоғамдық көлікке деген сұранысын қана­ғат­тандыру және қаламыздағы көлік қа­ты­насын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген 500 миллион теңгеге экологиялық таза, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді 20 автобус алын­ған болатын. Осы жоба жалғасын тауып, «Байқоңыр» ӘКК және «Еуропа Қай­та құру және даму» банкі арасындағы ке­лі­сімге сәйкес биыл «Қызылорда автобус паркі» 100-ге тарта жаңа автобуспен толық­тырылды. Қала күнінде аймақ басшысы өңір эко­номикасына ықпалды жобаның құры­лыс барысымен танысты. Қызылордада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-пен бірлесіп шыны зауытының құры­лысы басталған болатын. Зауыттың жалпы құны 52,1 миллиард теңгені құрайды. Ал жобаның стратегиялық инвесторы – АҚШ-тың «Steward Engineers» компаниясы. Оған Қызылорда қаласындағы индустриялық аумақтан 50 гектар жер телімі бөлініп, жобаның инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Жуырда зауыт қоймаларының құрылысы аяқталып, барлық құрал-жабдықтары әкелінеді. Шыны зауыты 2017 жылдың екінші жартыжылдығында қолданысқа беріледі. Зауыт жылына 197 мың тоннадан астам табақша шынысын шығарады. Кәсіпорын толықтай аяқталғанда энергия үнемдеуші, оқшауланған, ламинатталған және айна өнімдерін жасап шығаратын болады. Толық іске қосылғанда тұрақты 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Қала күнінде «Тереңөзек – Сырдария» бағытындағы кіреберіс қақпа пайдалануға берілді. «Бүгінде Алаштың анасы атанған Сыр елінің бас шаһары күннен күнге жасанып, сәулетіне сән қосып келе жатқанының куәсі болып келесіздер. Тәуелсіз еліміздің алғашқы астаналарының бірі – Қызылорда тереңнен сыр тартатын тарихи қала. Қызылорда ортақ үйіміз десек, оның одан әрі көркейіп, гүлденуі баршамызға ортақ іс.Сондықтан, сүйікті қаламыздың бас қақпасы құтты болсын», – деді Қырымбек Көшербаев. Айта кетейік, Конституция күні мерекесінде қаланың оңтүстігіндегі кіреберіс қақпа пайдалануға берілген болатын. Ал жалпы құны 120 миллион теңгені құрайтын осындай мазмұны мен мағынасы зор қос қақпаны салуға «УАД» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасады. Қала күні мерекесінде әлеуметтік нысандар қатары «Мерейлім» бала­бақ­шасымен толықты. «Ақмешіт» шағын ауданындағы 80 орындық балабақшада 3 пен 6 жас ара­лығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленетін болады. Облыстық мәслихат депутаты Әбдімәжит Жансақаловтың демеушілігімен және мемлекет-жекеменшік әріптес­тік негізінде салынған нысанның жоба­лық-сметалық құны 200 миллион теңгені құрайды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта «Балапан» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан ауқымды істердің маңызына тоқталып, қаланың кішкентай тұрғындарына арналған нысанның ашылуымен құттықтады. «Қазір біз білектінің емес білімдінің заманында, Қазақстанның алтын ғасы­рын жасау кезеңінде өмір сүрудеміз. Бүлдіршіндеріміздің бақыт шапағатына бөленіп, балғын балалықтың базарында өмір сүрулеріне барынша жағдай жасау біздің басты мақсат-міндеттеріміздің бірі деп білемін. Сондықтан, осындай ертегі әлеміндегідей әсем сарайды тұрғызып, балаларға қуаныш сыйлап отырған Әбді­мәжит Әлмағамбетұлына рахметімізді айтамыз! Қашаннан қабат келген тойды жақсылыққа жорыған ырымшыл халықтың ұрпағы ретінде, бүгінгі балапандарыңыздың осындай жаңа да зәулім ғимаратта өмірдің жаңа белесіне аяқ басуы да жақсылықтың нышаны. Бөбектеріміз білім, тәрбие нәрі­мен сусындап, еліміздің ертеңі болар ел тұтқасына айналсын», – деді Қырымбек Елеуұлы. Қызылорда қаласы бойынша «Балапан» бағдарламасы аясында 3 пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. Қала күндері аясында Қызылорданың орталық алаңында көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Батпырауықтар мен гүлдер фестивалі қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, былтырдан бері дәстүрлі түрде ұйым­­дастырылып келген қауын-қарбыз бен қымыз-шұбат фестивальдері де ұйымдастырылды. Аймақ басшысы мереке күні орталық алаңға жиналған жұртшы­лықты мерекелерімен құттықтап, қала көлеміндегі ілкімді істерге аз-кем тоқталды. «Береке-бірлігі бұзылмаған ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған Қызылорда қаласының туған күнін атап өтудегі басты мақсат – жыл көлемінде өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген жерлестерімізге алғысымызды білдіріп, мерекелік көңіл күй сыйлау. Қала күні мерекесінде былтырғы жылдан бастау алып, дәстүрге айналып үлгерген Ұлы Дала елінің бренді болған «Шұбат-Қымыз» фестивалі ұйымдастырылып, «Ақ мол болсын!» деген қазақы салтымыз ұлықталды. Хал­қымыздың ең басты құндылығы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған айтулы шарада әр отбасына бақ-береке, мерекелік көңіл күй, шаңырақтарыңызға шаттық тілей­мін», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Содан соң аймақ басшысы орталық алаңдағы жаңа субұрқақтың ашылуына қатысты. «ТехосносткаРемсервис» ЖШС мердігер мекемесімен салынған субұр­қақтың жалпы сметалық құны 196 миллион 297 мың теңгені құрайды. 168 түрлі түске енетін субұрқақ 30 метр биіктікке дейін су бүрки алады. Ал сыртқы беті керамогранит және ішкі беті гранит тастармен қапталған. Мереке соңы танымал эстрада жұлдыздарының гала-концертіне ұласты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА Түйін: Тойды қазақ қашанда Құдайдың қазынасына балаған. Дегенмен, той тойлау дегеніміз – ас ішіп, аяқ босатып, бір-біріне мақтау айтып қана тарасу болмауы керек. Мысалы, Қызылордадағы қала мерекесі мұндай үрдістен ада болды. Жоғарыда баяндағанымыздай, қала күні мерекесінде шаһардың ажарын ашатын нысандар мен халықтың игілігіне қызмет ететін орталықтар ашылды. Мереке аясында жеті ауданның жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Қала халқы арзан тауар алып, мәре-сәре болып қалды. Қысқасы, Қызылордадағы қала күні құр сөзбен емес, нақты істермен аталып өтті.