• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Өмірбек өнегесі

667 рет
көрсетілді

Өмірбек Жолдасбеков С.М.Киров атын­­дағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­си­те­ті­нің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті) ректорлығына бүгін­гі Қ.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық по­литехни­калық университетінің проректо­ры қыз­метінен ауысты. Сайлау арқылы ала­тын атақ-дәрежесі болмаса да, маңдай терімен келетін ғылым докторлығы ғана бар азаматтың жақындаса кеткенді ойлы да тар­тымды әңгімелерімен өзіне тартып ала­тын қасиетін байқап жүрдік. Өзім Қазақ ССР Ғылым академия­сы­ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутынан 1968 жылы қуылып ке­ліп, әңгіме-дүкенге араласпай, тек лек­цияға дайындалып, студенттердің ғылыми үйір­месін басқарып жүретінмін. Қоңырау­мен келген адам жаңа түскен келіндей ая­ғын аңдап басып, байқап сөйлеуге ыңғай­ланып тұрады екен. Х.Сай­киевтің орнына жа­ңадан доктор болған, өзім­мен бір кезде оқы­ған Кәкен Аханов декан бо­лып сай­лан­ды да, мені бастауыш партия ұйы­мының хатшылығына ұсынды. Әділдігіне бақ­қан адам әрқашан шешімді де адуынды бола ма деймін. Екеуміз факультет бас­шы­лы­ғына келген кезде аяғын аңдап басатын оқы­тушылар көбейген сияқты. Адал­ды­ғы­на кө­зіміз жеткен соң Өмірбек Жолдасбековке арқа сүйегеніміз де жалған емес. Өйт­кені, өтірік мақтанды ұнатпайтын, әділ­дік жо­лынан тай­майтын, жәреукелікті жек көре­тін мінезі Кәкен екеумізбен са­бақтас сияқты. Күні кеше ғана анау-мынау қаңқу сөзге қалған факультеттің ұстаздар қауымы еркін тыныстай бастады. Рас, бұрыннан ымы-жымы араласып қалған қулар у-шу­сыз ауысып, университет ұйымының жал­пы атмосферасы жақсара бастаған тұста бір­неше игі қадамдар мен ұтымды көрі­ністер жасала бастады. Алдымен Қазақ университетінің төмен­деп кеткен абыройы көтеріле бастады. Кеңес елінің 12 алдыңғы қатарлы универ­си­­теттерінің бірі болып оқу орындарының дүниежүзілік ассамблеясына мүше бол­дық. Еленуге тиісті табыстарымыз, іс-әре­кет­теріміз жалпыуниверситеттік жиын-жи­на­лыстарда талқыға түсіп, факультет бас­шы­лары ғана емес, қатардағы оқытушы-про­фессорлар жалпы мүдде деңгейінде бас қосып, ақылдасатын болдық. Әрқайсымыз көкейдегі ойымызды тартынбай айтып, әр­қилы ұсыныстар жасадық. Университет бас­шылығы айтты дегенді ұстап қалмай, әділдікті мұрат тұттық. – Әлі күнге дейін менің есімнен шық­пайтын қарапайым шешімді Өмірбек Жол­дас­бековтің тауып, бүкіл қазақ еліне, әсі­ресе оқу-білім саласына абырой-бедел сый­­лағанын айта кетейін. Мен журналистика факультетінің соңғы курсында 1950 жы­лы оқып жүргенде үкімет мүшесі бол­ған ректорымыз Төлеген Тәжібаевтан Қа­зақ университетіне жаңа корпус салуға шешім қабылданды деген қуанышты хабарды ес­тіген едім. Өмірбекке дейін болған бір­не­ше ректорлардан осы тақырыптағы әң­гімені талай қисындармен естігеніміз және бар. Салынуы жақындап қалды, университет ғимараты түсетін көшеге аты берілді деп те даурықтық. Қазіргі политехника уни­верситетінің корпустары салынып жат­қанда жан-жаққа қуана көз тастадық. Өйт­кені, мен Ботанический бульварда, бір кезде Біржан, қазір Бұқар Жырау атанған кө­шеде тұратынмын. КазГУ көшіп келсе, қол созым жерде тұратын болдым-ау деген ой да ұйытқып соғатын. Өмірбек келгенге дейінгі 20 жыл бойы­на талай саққа жүгіртілген университет қа­лашығын салу мәселесі күн тәртібіне қо­йы­лып, жаңа аймақ таңдалды. Қалашық­тың бұрынғы жоспарларында профес­сор­лар­дың сәнді үйлері мен сән-салтанат ны­сандары құрылыс қаржысын тым ша­рық­татып, Мәскеудегі мемлекеттік жоспарлау комитетінде санатқа еніп, ақша бөлінбей келген екен. Құрылыстың осы көргеннің көзін тойдыратын артық-ауыстары мен профессорларға арналатын коттедждерін құ­рылыс жоспарынан шығарып, республика қаржысына салуға бейімдепті. Оның үстіне ректорымыз басқа да әрекеттің жөнін тауыпты. Мәскеуде бір кезде оқып, анда-санда кездесіп жү­ре­тін Асқар Қонаев арқылы Димекеңе жолы­ғып,  бұл мәселенің шешімін тездетуге жағ­дай жасады. Иә, Димекеңнің қабыл­да­уында болғанда республиканың маңда­йы­на бас­қан жалғыз университеттің жай-күйін Мәс­кеу университетінің деңгейіне көтеруге жағдай жасау мәселесін жан-жақ­ты тү­сіндіріп, ол кісіні республика абы­рой-беделін өсіре түсуге бұның өте ыңғайлы қа­дам болатынына сендіріп әрі ықыласын ауда­рып, қаржыны молырақ бөлдіруге қол жеткізіпті дегенді естіп жүрдік. Ешбір айғай-шуға ілікпей Тимирязев көшесіне қарайтын беттен көсілтіп төрт қа­батты заң, одан өте 15 қабатты әкімшілік ғимаратын, онан әрі филология, тарих, жур­налистика, одан әрі бес қабатты биология факультетінің корпустары пайдалануға берілді. Бұдан соң  әл-Фараби даңғылын жағалай студенттердің он бесшақты жа­тақ­ханалары салынды. Оқу корпустары мен жатақханалардың батыс жағында ша­руа­шылық ғимараттары жұмыс істей бас­тады. Осының бәрін Өмірбектің өзі басы-қа­сында жүріп прораб сияқты өз көзінен өт­кізді. Мұндай «шаруақорлыққа» дос­та­ры қуанса, қайсыбірі іштерінен тынды. КазГУ-дің даңқы бұрынғыдан да асқақтай түсті. Сыртқы көркем көріністі сапалы оқу жүйесімен ұштастыра түсу үшін бірқатар  шетелдік оқу орындарымен бауырласып, он­дағы  профессорларды бізге шақыра бас­тады. Солардың ішінде өзін оқытқан, диссертацияларына жетекші болған, әлемді аузына қаратқан, кеңес елінің ғылыми та­быстарын дұшпандарына мойындатқан ұлы ғалыммен (аты-жөнін ұмыттым) кез­де­су болғанда ол: қандай биікке шығарсаң да Өмірбектің азаматтық парызын өтей­ті­ніне көзім жетеді. Әрдайым, жолы болсын деп бата берген еді. Ол тілегі айнымай келді. Университеттен кеткеннен кейін өзі Ин­же­нерлер академиясын ашып, қазір ол үлкен ғылыми орталыққа айналды. Республика Парламентінің депутаты болды. Адамның үлкен қасиеті уәдеге беріктік деп санаймын. Ондай адамдар көбіне до­ғал­дау сөйлеп, жалпылдай қоймайды. Ал сөз­дің әдемісін аузы-аузына жұқпай, жыл­тыратып сөйлеген адамнан сақ болған абзал, өйткені олар сен өтінбеген нәрсені өзі қо­сарлап жібереді, ақырында мұрын сипап қала бересің. Өмірбек уәдесінің кесімді мер­зімі бол­майтын. Айтқан тілегің сол сә­тінде де, айлап-тоқсандап қана емес, бірнеше жылдан соң да орындалатын. Уәде беру оңай болса, орындалуы қиын болатын. Мен мұны өз тә­жі­ри­бем­нен жақ­­­сы білемін. Ұлым Дәуренбек өзіміздің физика факультетін тәмамдап, Ле­нин­град­­тағы Иоффе атындағы физика инс­титутына аспирантураға түспек болды. Оқу бітірген жылы әртүрлі себеппен бара ал­мады. Келесі жылы Өмірбекке мән-жайды түсіндіріп ем, қолма-қол сол институттағы қолынан іс келетін тындырымды жол­да­сымен сөйлесті де: «Кешікпесін, жа­тақхана бәрі дайын, абыройлы оқып келсін», деп бар мәселені шешіп берді. Бұл бір жарым жылдан кейін орындалған уәде еді. Ойда жоқта бір күні өзінің қабылдауына шақырды. Жүздескеннен кейін: «Ағай, мен сізге бір жұмыс тапсырайын деп отырмын. Филология факультетінің сырттай оқитын студенттерінің деканы болуға қалай қа­рай­сыз?» дегеніне анау еді, мынау еді деп сыл­тау айтудың ретін таба алмадым. – Сырттан оқитындар ересек, ақыл тоқтатқан адамдар ғой. Онша көп қинал­май­сыз, жазғы, қысқы сессиялары мен күздегі қабылдау емтиханы ғой, – деп міндетті жеңілдеткенімен, әрбір істің өз қиындығы болады ғой. Не керек, 5-6 жыл істедім. 80-ші жылдардан бастап жалпы республикада ауа райы өзгере бастады. Әсіресе жоғары жақ­тың атмосферасының қиындай бас­та­ғаны Қазақстан Компартиясының кезекті съезіне Ди­мекеңнің өзі болмаса да, төңірегін­де­гі­лерді сөзге қалдыру, сынау, әсіресе Қазақ­стан Ғылым академиясының оншақты жыл президенті болған Асқар Қонаевты сынау күшейіп, орнын босатуға дейін барды. 1985 жылы Өмірбек мені шақырып алып: «Ағасы, мына филология факуль­те­тінің күндізгі бөліміне декан болғаныңызды қалар ем. Жұ­мыстың аты жұмыс қой, оған қи­налмайтын сияқтысыз», деген тілек айтты. Оның шын ниетіммен қабылдадым. Ректор болғанына 10 жылдан асқан уақытта әрқилы әңгіме, іс-әрекеттер болады ғой. Оны әсі­ре­се пәле қуып, портфельге, шен-шекпенге құ­мартып жүргендер шығарады. Жұмысқа кірісіп, енді ғана декандық қызметтің кол­хоздың бригадиріндей әуселесі болатынын аңғара бастағанымда Өмірбек Жолдасбеков қудаланып, орнына химия ғылымдарының докторы Еділ Ерғожин келді. Көп ұзамай республиканы жарты ға­сырға жақын басқарған Димаш Қонаев ор­ны­нан алынып, ешкім білмейтін, Ресейдің бір об­лысында хатшы болған біреуді та­ға­йын­дағанына разы болмаған қазақ жастары, әсіресе қыз-қырқындар 1986 жылдың жел­тоқсан көтерілісін бастап кеп жіберді. Қызметте отыр ем, сағат 12 кезінде уни­верситеттің парткомынан: «Брежнев ала­ңы­на шығып, лағып жүрген студенттеріңді жинап алыңдар. Ешқайсысы алаңға бармасын», деген бұйрық түскеннен кейін әр ауди­то­рияға кіріп, «ешқайсың алаңға бармаңдар» деп айтып шықтым. Сағат бірде соғылатын қоңыраудан кейін аудиториялар қаңырап бос қалды. Жастар қызыққыш қой, менің «бармаңдар» дегенім оларға «барыңдар, өз көздеріңмен көріңдер» дегенмен бірдей болып шықты. Содан бастауыш партия ұйымының хат­шысы, марқұм Талғат Сайрамбаев екеуміз сағат екі жарымда жастар ереуілдеген алаң­ға барып, өз студенттерімізбен кездесіп қал­ғанда: «Тез оралыңдар, факультетте болың­дар», деп ескерткенімізге бастарын шұл­ғы­ғанмен, олар айнала беріп топтың ішіне кіріп кетіп жатты. Сол төңіректе төрт жа­рым­ға дейін болдық. Трибунаға келіп сөйлеген басшылардың үш-төртеуінің сөзін естідік. Студенттерге түсіндіріп айтудың орнына олар заңмен қорқытып, неше жылға сот­талатынын айтқан кезде жастар шулап, қолына іліккенді лақтырып, кетуге мәжбүр еткендерін байқадық. Жастар да өздеріне жанды трибуна жасап алыпты. Екі жігіт қолдарын айқастыра мінбер жасайды. Кезекті шешен айқасқан қол­дардың үстіне шығып ойындағы пікірін айғайлап айтқанда естіп тұрғандар әртүрлі лебіз қосып шулайды. Талғат екеуміз осы жайтты біраз бақылап байқаған соң қа­сын­дағы «Жалын» кітап дүкеніне кіріп, керек-жарағымызды алып үйге қайттық. Түнгі он екі кезінде телефон шылдырлап, уни­вер­ситеттің 15-қабатындағы мәжіліс за­лына келуіміз қажет екенін айтты. Содан те­лефонды орнына қоя бергенімде қайтадан шар ете түсті. Телефон соққан Зейнолла Қаб­долов екен. «Сен бәрібір такси тоқ­та­тасың ғой. Жолшыбай мені ала кет, Мир мен Ви­ноградовтың оң жақ бүйірінде сені то­сып тұрайын. Бірге барайық», деді ол. Ботқаласым Зейнолланың айтқанын орын­дап, қазіргі Қарасай батыр қиы­лы­сын­да қазықтай қатып тұрған оны артқы орын­дыққа отырғызып алдық. Абай даңғылына жете бере шопыр машинаның жүрісін баяулата бастады. Абыр-сабыр қозғалысқа түс­кен жастар кес-кестеп жол бермейді. Радиокомитет мекемесіне жете бергенде ал­ды­мыз­да алаулар көрінді, ал бұрынғы университет, қазіргі Қ.Сәтбаев көшесінің қиы­лысына жақындай бергенде жанып жатқан ав­тобусты көрдік. Алаңда алау­ла­ған оттар. Зәреміз ұша бастады. Зейнолланың күңірене айтқан сөздері көңілді қобалжыта түсті. Тимирязев көшесіне жеткенше алаңдағы алауларды байқаймыз деп мойнымызды сірестіріп алдық. Сағат он екіден аса бергенде уни­вер­си­теттің мәжіліс залына барсақ, декандар мен кафедра меңгерушілері түгелге жуық отыр. Әлі отырмыз, бері отыр­мыз. Партия мен үкі­мет басшылары бір жерде жиналып, мәжіліс құрып жатқан көрінеді. Сол жиында белсенділікті, әсіресе Закаш Камалиденов көрсетіп жатыр, оқу орын­да­рын­да қазақ ба­лалары 70-80 па­йыздан асып ба­рады. Тәр­тіп­сіздіктің бәрі солардан шыға бастады, тәртіпке шақырмаса болмайды депті ол. Сол-ақ екен  Алматының милициясы ая­­ғынан тік тұрғаны аздай, қолдарына күрек ұстаған солдаттар мен курсанттар алаңды тазартып жатыр деген хабар жетті. Түнгі төрт шамасында биліктегілер жи­налысы аяқталған соң біздің университетке Орталық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарып жүрген Қуаныш Сұлтанов келіп, жиналыс ашты. Бұдан кейін үйді-үйімізге тарадық. Ертесіне қызмет орнымызға келгенде тағы бір құйын соға бастады. Бізге бір кезде Қара­ған­дыда бірінші хатшы болып, Алматыға кел­генде жөнсіз тірлігінен бір намысқой күйеуден таяқ жеп, Ресейдің бір облысына ауысқан Соломенцев келеді деп әбігер бол­дық. Сабаққа келгендері қауіп төндіріп жү­рер деп дәретхананың жанындағы дәліздің аузы-мұрнын толтыра студенттерді қамап қо­йыпты. Студенттердің у-шу болып тұрға­нын көріп, қара былғарыдан куртка киген пысықша жігітке балаларды босатуды сұ­радым. Көнер емес, гүж-гүж етеді. Аты-жө­нім­ді айттым да, студенттерге аудитория­ла­рыңа барып, ың-шыңсыз отырыңдар деп бұйрық беріп ем, әлгі пысықты иықтарымен қағып, көгеннен босаған қозыдай шыға жө­нелді. Әлгі жігіт ілесіп кабинетіме келді. «Жауап бересіз», деп тықылдай берген соң: «Өзің кімсің, кәне, құжатыңды көрсет», дегенімде, төс қалтасынан қызыл түсті қа­ғазды көрсетті. «Әкел, оқиын» десем, бөтен адамға ұстатуға болмайды деп есіктен шыға жөнелді. Ертеңіне ректорат пен партком декан­дар­ды шақырып, кеңес өткізді. Әсіресе жаңа­дан болған ректорымыз тым үрейлендіре сөйлеп, бір басымыз, бір партбилетіміз ба­рын есімізге салды. Қандай күш қысқанын білмеймін, өмірлік тәжірибеде талай бас­шылардан бұ­рынырақ туғаныма бақтым ба, әйтеуір «Жігіттер, үрейленбейік, үрей жеңсе көп мә­селені қиындатып аламыз, сабыр сақтайық», деп кеңес айтуыма тура келді. Алайда, басшылар жоғарғы жақтың ың­ғайына қарап біраз шаралар тындыруға кірісті. Алаңға барған адам кінәлі саналып, іс-әрекетінің ауыр-жеңілдігі есепке алынбады. Шытырлатып оқудан шығару басталды. Әсі­ресе заң, тарих, журналистика факуль­тет­терінің деканаты мен партия ұйымдары әй-шайға қаратпай, ақ-қарасын тексермей көп студенттерді оқудан шығарды. Сүйттік-бүйт­тік деп көкігендері де болды. Декабрьдің жиырмасы кезінде декан бөл­месінде бос тұратын үстелдің бетін фо­тоға толтырып тастады. Өз студенттеріңді танып, шара қолданыңдар деп әкірең­дей­тін­дер шықты. Факультет ұстаздарына: «Ешқай­сың танымаңдар!» деп ем, оны ректо­рат­қа жеткізгендер де шықты. Осындай жанталасып жүрген күндердің бірінде ұлы сыншы Мұхаметжан Қаратаев кабинетіме келді. Кіргенде де, келіп отыр­ғанда да екі адам болып көрінді. «Мұха, қасыңыздағы кім?» деп сұрағанда: «Ауырып отыр екенсің ғой. Жүр, сені ауруханаға жеткізіп салайын», деп келген мәселесін айтпай, мені дедектетіп бірден емхананың неврология бөліміне әкеп тапсырды. Бір айдан артықтау уақыт емделіп, бірден «Ал­маты» санаторийінде жалғастыру қажет де­ген соң, сонда кеттім. Күні кеше: «Ананы істе, мынаған назар аудар», деген әкім-қара­лардың бірде-бірі хабарласып, хал сұрауға жарамады. «Сау күніңде керексің де, ауру-сырқаулы болғанда халіңді білуге жара­маған ағайынды ойлап, жұмысқа шық­қан күні декандық міндетті атқар­маймын деп арыз жаздым. Сөйтіп, азаттыққа қо­лым жетті. Мұны айтып жатқаным, сол кезеңде Өмірбек Жолдасбеков ректорлығын атқара бергенде бәлкім, университеттегі әңгіме ауаны бас­қаша өрбуі де мүмкін еді. Өйт­кені, ол  адамгершілікті риясыз сақ­таған жан-ды. Мен Өмірбекпен қоян-қолтық жүріп, аяқ-табағымызды араластырған жан емеспін. Әртүрлі себеппен ресми басқосу бол­ғанда жайдары мінез танытса, әлде­қалай үйіне барып қалғанда жан жары Мая Михайловна Багызбаева жылы жүзбен шәй­нек көтеретін. Мұндай қасиет қазақы салт-дәстүр бойына дарыған адамдардан ғана аңғарылады. Үйіне кіргенде «жоғары­ла­тыңыз» деуді білмейтін «мәдениеттілерді» қазір талай кездестіріп жүрміз ғой. Өмірбек КазГУ-ден кеткеннен соң біраз уақыт өз мамандығымен жүрді. Ака­демияның президенті сайлауына қатысты. Қажетті дауысты жинай алмады. Егер ол сайланғанда бүгінгі жойылып кеткен Ғы­лым академиясы басқа республика­лар­да­ғыдай сақталып қана қоймай, өркендеп, экономикамыздың қуаттануына өзінің үле­сін қосатын еді. Мемлекеттен қаржыланатын академия­ны бермеген соң бұрынғы кеңес респуб­ликаларының ішінде бірінші болып өз қара­жатын өзі табатын Инженерлік акаде­мияны ашып, аз ғана жыл ішінде үлкен абыройға кенелді. Республиканың жаңа басшылары Өмірбектің азаматтығына, ал­ғыр­лы­ғына, іскерлігіне, тазалығына көз­дері жеткен соң Парламент депутаттығына сай­латқызып, талай ұтымды ұсыныстары мен мәнді қадамдарына назар аударып, жүзеге асырды. 1997 жылы менің 70 жылдығымды адами білімі жоғары, әрқашан сіз-бізден ас­пайтын, жауапкершілігі жоғары ректор Көп­жасар Нәрібаев университеттің үлкен мә­жіліс залында өткізді. Жартылай ресми болғанымен тойдың қызуы сезіліп, шешіле сөйлегендерден кейін қорытынды сөзді өзіме берді. Жиналған көпшілікке, осын­дай зор ілтипат білдіріп жатқан университет басшыларына алғысымды айтып тұр­ғанда ректорымыз Көпжасарға: «Баяғыда Өмір­бек Арысланұлы қаңқасын көтеріп кеткен Студенттер сарайын салып алға­нымызда мы­надай тарлыққа кездеспес ек қой», деген сөз аузымнан шығып кеткен болатын. – Осы Тұрсынбек қызық, мынадай келісті жиын өткізіп жатқанға дән риза бол­майды ма екен, – дегендер болғанымен, Көпжасар мұндай сыншыл тілекті қаперіне де алмай, сарай құрылысын тездетті. Бүгіндері ол өз міндетін қиналмай атқарып тұр. Талай ірі жиналыстар мен концерттер өтіп жатыр. Өміріміз қызық-думанға толы ғой. Мыр­затай Жолдасбеков докторлық дис­сер­тациясын Қырғызстанның Баласағұн атын­дағы мемлекеттік университетінде қор­­­ғады. Ол кезде Зәки Ахметов, Зейнолла Қаб­долов үшеуіміз Қырғыз университеті ғылыми кеңесінің тұрақты мүшесі бол­ғандықтан, Бішкекке жылына 5-6 рет ба­рып қайтатынбыз. Қырғыздарға риза болған Мырзатай Алматыдағы жора-жолдастарына және аяу­лы ағаларына мезірет жасап, бұрын Ми­нистрлер кеңесінің шаруашылық бөлі­міне қарайтын, қазір ақшалыларды қабыл­дайтын «Жалын» мейрамханасына шақыр­ды. Кү­ләш екеуімізді көпшіліктің ортасы­нан Мыр­затайдың жары Мәриям қолтық­тап дөң­гелене салынған үйдің есігіне кіргізіп жіберді. Отызшақты адамға арналған шайға академик, депутат Өмірбек  Жолдасбеков асаба екен. Орта тұсындағы дас­тарқанға қоныстандыра беріп: «Келесі сөз­дің кезегі қазақтың жоғын бәрімізден көп жоқтап, шындық үшін отқа түсіп жүрген, біра­зымызға іні болса да, сайлаумен ала­тын атағы жоқ болса да өзімнің тамаша ағам Тұрсынбек Кәкішевке беріледі», демесі барма. «Асатпай жатып құлдық» деген осы болар, қайсыбір академиктер осы сәт асығыс шаруалары естеріне түсті ме, қай­дам, әйтеуір менің сөзімнің соңына дейін шыдамады. Кезегіңіз келеді деп Өмір­бек тоқтатпады оларды. Тойдың рәсімі аяқ­талып, орнымыздан көтеріле бергенде Өмір­бек мені құшақтап тұрып: «Тойыңызға шақырмасаңыз да мен бастаған Студенттер сарайын ары қарай салу ісін қозғап жі­бергеніңіз үшін көп-көп рахмет, енді 80 жылдығыңызда ұмытып кетпеңіз мені», деп қарқылдап күлді. Жүрек жылуын танытты. Мұндай кездесулер Өмірбекпен талай болды. Азаматтық қалпы ешбір өзгеріске ұшырамай, депутаттық парызына сай ел­дің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатты болуы хақында Мәжілісте де ашық сөй­леді. Радио-теледидар сұхбаттарында да жеткізе айтқанын көпшілік әлі ұмыта қоймаса керек. Сөйтіп жүргенде сұм ажал арамыздан алып кетті. Алайда, ер-аза­маттың ізі қай саладан болсын бадырайып көрініп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Өмірбектің өзі байлап-матап кеткен шетел университеттерімен бай­ла­нысын кү­шейте түсіп, білгір ғалымдардың лекциясын студенттерге тыңдатып, ыжда­һат­ты ұстаздар мен талапты студенттер­ді шетел университеттерінде тәжірибеден өт­кізу шараларын бұ­рынғыдан гөрі жандан­дыра түсуде. Ел үшін, халықтың абырой-беделін өсіре беру үшін, рухани қуат-күшін да­мытатын ғылым-білім жолына түскендер үлгі болсын деп екі мыңдай адам сыя­тын, қазір жөндеудегі Студенттер са­райына Өмір­­бек Жолдасбековтің аты берілуі ай­тылған сөзіміздің, көкейде қал­ған ойы­мыздың нақ­ты дәлелі екені сөзсіз. Елге еңбегі сіңген әр азамат осы­лай ардақтала берсін. Шын мә­нінде адал еңбек етіп, халқының абыройын ас­қақтата, рухани дәстүрін басқаларға та­ныта беруге шын ниет, адал көңілмен кіріскен азаматты ел ешуақытта ұмыт­пайды. Өмірбек өміршіл азамат. Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.