Ташкент ауруханасында аты аңызға айналған бұрынғы боксшы Руфат Рыскиевке шұғыл ота жасалып, бір аяғының төменгі жағы кесілді. Республиканың белгілі жаттықтырушысы Мурад Эргашев оның аяғы вена тромбозымен ауыруына байланысты төменгі буынынан кесілгенін жеткізді.
Кезінде журналистер «Ташкент жолбарысы» деген лақап ат берген даңқты боксшы қазір Ташкент қалалық №16 ауруханасы хирургия бөлімшесінің 5-палатасында жатқан көрінеді.
Руфат Рыскиев 1949 жылы Аққорған қаласында дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. 12 жасынан атақты бапкер Сидней Джексонның қол астында жаттыға бастаған. Ал үлкен рингке тағы бір әйгілі жаттықтырушы Борис Гранаткин алып шыққан.
Р.Рыскиев 1974 жылы Куба астанасы Гаванада өткен бірінші Әлем чемпионатында 75 килоға дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ол осы биікке жеткенге дейін іріктеу сынақтарында канадалық Стан Уилльямсонды (нокаут, 1-раунд), болгар Александр Янакиевті (ұпай саны), ширек финалда аргентиналық Рикардо Рохасты (ұпай саны), жартылай финалда ГДР өкілі Бернд Виттенбургті (нокаут, 1 раунд) және финалда румын Алек Настакты (ұпай саны, 3:2) ұтқан болатын. Сол біріншілікте келесі алтын медаль иегері – Василий Соломин 60 килоға дейінгі салмақта күш сынасып, чемпиондыққа сәл бұрын қол жеткізген еді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ