Қазандағы айтулы сол күн
1991 жылдың 2 қазаны – Қазақ тарихында тұңғыш қазақ азаматының ғарышқа ұшқан күн. Кеңес Одағы ыдырауға түскен сол кезеңде бұрынғы одақтас барлық республикалар тәуелсіздігін жариялап үлгерген. Иісі қазақ үшін қазандағы айтулы сол күннен тура бір ай бұрын көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан ел егемендігін алғаны туралы жариялады. Қазақтың да кезегі таяп қалған. Қазақ елінің бетке ұстар саяси көзі ашық азаматтары бас болып, барша халық ел тәуелсіздігі күні ертең орындалатын мәртебе екеніне бек сенімді жүрді. Алдымен қазақ деген халықтың атын күллі әлемге жариялап, ғарышкерін ұшырды. Кеңес Одағының Батыры, КСРО Қарулы күштерінің авиация полковнигі, атақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы ӘУБӘКІРОВ күллі қазақтың намысын арқалап ғарышқа шықты. Ақжолтай батырдың ұлы сапарынан соң арада екі жарым ай өткенде Қазақстан бес ғасыр аңсаған Тәуелсіздігін жариялады. Қазақтың тұңғыш ғарышкер-ұшқышы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбегі сіңген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Вена (Австрия) қаласының құрметті азаматы, техника ғылымдарының докторы Тоқтар Әубәкіров таяуда ғана елордасы – Астанада өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Төменде сол салтанаттан жазған тілші естелігін назарларыңызға ұсынып отырмыз.Батырлар бас қосқанда...
Тұңғыш қазақ ғарышкерінің мерейтойына 16 батыр келген еді
Батыр үйінің ауласында тігілген атшаптырым ақшаңқан шатырдың бас үстелінде қатар отырған қазақтың үш ғарышкерінің келіскен келбеті көңілге сондайлық сүйсініс ұялатқаны туралы айтпасқа болмас, сірә! Дүйім жұрт риза. Батырлардың да жүздері жарқын. Қазақстанның Халық Қаһарманы, Ресей Федерациясының Батыры, ғарыш көгі рекордшыларының бірі, ғарышкер-зерттеуші Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев ағамыз көрген бетте алға ұмсынып: – «Бауырдың тойы – бүкіл халықтың тойы» деген осы, – деді масайрап. Батыр ағамыз осылайша бір ауыз түйінді сөзбен өтіп жатқан Тоқтар Әубәкіров мерейтойының болмыс-шырайын ашты. 1991 жылы Талғат Мұсабаев Тоқтар Әубәкіровтің экипажына қосалқы ғарышкер болып, ағасына «Сәт сапар!» тілеген еді. Кейіннен ғарыш көгіне өзі үш рет көтеріліп, Қазақстанның мерейін өсірді. Одан кейін күні кеше Айдын Айымбетов ұшты. Үш ғарышкер, қазақтың үш тұлғасы! Депутаттар, Үкімет мүшелері, әріптестер мен кәсіпкерлер, туысқандар Тоқтар Батырға деген шынайы пейілі мен ақ тілектер тасқынын ағытты. Осы арада алыстан ат терлетіп келген сыйлы қонақтардың атын атасақ артық болмас. Олар – той иесі Тоқтар Оңғарбайұлының әріптестері – 90 жастағы сынақшы-ұшқыш, әлемдік авиация тарихында 6 рет рекорд жаңартқан Кеңес Одағының Батыры, Жер шарының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің досы әрі ақылшысы Георгий Константинович Мосолов, Ресей Федерациясының тұңғыш Батыры, Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер-сынақшы Сергей Константинович Крикалёв, Тоқтар Әубәкіровпен ғарыш сапарында бірге болған Австрияның тұңғыш ғарышкері Франц Артур Фибёк, әріптес-командирі Кеңес Одағының Батыры Александр Александрович Волков, Ғарышкерлер Даярлау Орталығындағы (Мәскеу) ғарышкерлер тобының командирі, Ресей Батыры Валерий Григорьевич Корзун. Аты-жөндері авиация мен ғарыш саласында аса танымал азаматтардың легі осылайша тізбектеліп кете береді. Ақшатырдың астында бұдан басқа да есімдері әлемге мәшһүр бір топ ғарышкерлер мен ресейлік батыр-сынақшы ұшқыштар, ғалымдар отырды. Олардың дені Тоқтар тойына отбасындағы жан серіктерін ертіп келіпті. Кеуделеріне «Алтын Жұлдыз» таққан азаматтардың легі батыр тойының танымдық, ғаламдық, тіпті саяси сипатын еселеп арттырып жібергендей! Бұл күн –әсірелеп айтқанда «аспаннан алтын жұлдыз жауғандай күн болды» десек қателеспеспіз. Батырдың тойына Қазақстаннан тыс елден он алты Батыр келген екен! Аты аңызға айналған көк қырандарымен жеке-жеке сұхбаттасудың мүмкіндігі салтанат хаттамасына сай үйлестіріліп, сондайлық шектеулі болатыны да рас. Соған қарамастан орайы келген кезде аса танымал екі мәскеулік қонақпен сұхбаттасып үлгердік. Дастарқан басында отырған күйде шешіле сөйлеген, өткен мамыр айында ғана Мәскеуде 90 жасын тойлаған Георгий Мосолов ақсақалдың сөзіне құлақ түріп көрейік: – Менен көбіне журналистер «Сіздің досыңыз Гагарин қандай адам еді?» деп сұрайды. Ондай сұраққа мен ылғи да «ол да адам, бәріміз секілді екі көзі, екі құлағы бар еді» деп әзілдеп жауап қайтарамын. Алайда, оның өмірден өтуінің өзі әлемдік маңызы бар бірінші жасаған ерлігіне пара-пар екенін қайталаудан жалыққан емеспін. Өйткені, жаңа ұшақты аман сақтаймын деп планетаның тұңғыш ғарышкері Юрий Николаевич бейбіт күнде қапылыста көз жұмды. Жаңа ұшақты біз қайтадан жасайтын да едік қой, ал Гагаринді енді қайдан табамыз, өкініштісі сол. Менің әріптесім әрі атағы зор досым Тоқтар Онғарбайұлы Әубәкіров те дәл сондай батыл жан. Авиациялық сынақ үстінде өміріне төтенше қауіп төніп тұрғанына қарамастан Тоқтар қаншама ұшақты апатқа ұрындырмай аман сақтап қалды. Сіз білесіз бе? Бүгінгі той үстінде осы жайттар туралы әңгімеледім, әлі де талай рет қайталап әңгімелегім келеді. Айтпақшы, менің Астана қаласына деген ерекше таңданысым туралы міндетті түрде жазып қоюды ұмытпаңыз! Ғажап! Бір сөзбен жеткізе алмаймын, шын сөзім, мұндай ерекше қаланы осынша жасқа келгенше өмірімде көрген емеспін. Мұндай қала тұрғызған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс! Гагарин, Тоқтар, Астана туралы, әрине, Астананың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы атағы жер жарған ақсақал сынақшы-ұшқыштың түйіп айтқан тұжырымы үшін ілтипат танытып, алғысымызды білдірдік. Кезінде Тоқтар Әубәкіровтің ізін басқан әріптесі, бүгінгі Ресей Федерациясының Батыры, Ресейдің еңбегі сіңген сынақшы-ұшқышы Анатолий Николаевич Квочур да сұхбатқа қызына араласып, қызықты әңгіме бастады. – Заманымыздың бірегей әрі сөз жоқ ұлы сынақшы-ұшқышы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлымен мен А.И.Микоян атындағы авиациялық конструкторлық бюрода бірге кызмет еттім, – деді Ресей батыры. – Мен ол кезде әлдеқайда жас едім. Біздер тәжірибелі көшбасшымыз – КСРО-ның еңбегі сіңген сынақшы-ұшқышы Тоқтар Оңғарбайұлына еліктей жүріп, оның ұстаз ретіндегі айтқан ақыл-кеңестеріне, үйреткен тәлім-тәрбиесіне тәнті болдық. Өзінің сынақшылық ғұмырында өліммен сан рет бетпе-бет келсе де жалт бермеген, жеңілмеген жүректі аға-досымның бойында алапат тасқынды күш-жігермен қатар, әлдеқандай бір философиялық тылсым күштің, терең ой иірімдерінің барын байқайтынмын. Меніңше, ондай сирек те айрықша қасиет оған туған ата-анасынан, өзі туған халқынан дарыған. Қазақ жерінде, дархан даламызда бұрын-соңды мұндай сипаттағы талай-талай шадыман той-думан болған да шығар! Бірақ, мұндай той болғанымен Алтын Жұлдыздарын сыңғырлатып топтарын жазбай жарқылдап жүрген 16 батыр – Көк қырандары ондай тойға келмегені анық-ау!.. Қазақ Батырына жасалған құрмет сол Батырды туған халықтың мәртебесін аспанға әуелетіп, көкке көтерді. Өйткені, ол халқы қаумалаған, ұлты ұлықтаған қыран-қазақтың тойы еді!.. Астананың түбіндегі «Үш аю» елді мекені аймағында келем деушілерге есігі ашық болған Батырдың сол күнгі тойының ду-думаны, самсаған Алтын Жұлдыздардың сыңғыры күні бүгінге дейін басылмай құлаққа ұрып тұр... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА