Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев "Қазақстан" Республикалық телерадиокорпорациясы АҚ" ұжымына корпорацияның жаңа басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевты таныстырды деп хабарлайды Егемен-ақпарат.
Министрдің айтуы бойынша, корпорацияның бұрынғы жетекшісі Нұржан Мұхамеджанова төрағаның бірінші орынбасары қызметіне ауысып, корпорацияның стратегиялық дамуы және филиалдары мәселесімен айналысатын болады. Дәурен Абаев корпорацияның жұмысына жақсы баға беріп, ұжымға табыс тіледі.
Кемелбек Ойшыбаев ұжымға және өзіне артылып отырған сенімді ақтауға күш салатынын жеткізді.
Ойшыбаев Кемелбек Бақтығұлұлы 1977 жылы 13 шілдеде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірді. Қазақ мемлекеттік заң университетінде, Халықаралық бизнес академиясында оқыған. "Zaman Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары, "Қазақтелеком" АҚ" корпоративті сатулар дирекциясының бас директоры, "Қазмедиа орталығы" бас директорының бірінші орынбасары, Орталық коммуникациялар қызметінің директоры сияқты бірқатар жетекші қызметтер атқарған.
Егемен-ақпарат