• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2016

Құнды қойылым

206 рет
көрсетілді

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрындағы «Аида» операсына көпшіліктің қызығуының бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, спектакль «Ла Скала» сахнасындағы италиялық режис­сер Франко Дзеффирелли қойылымының нұсқасы болып табылады. Екіншіден, жаңа маусымдағы спектакльде Радамес­тің рөлі Алманиядан келген белгілі тенор, Мангейм ұлттық  театры­ның солисі Михаил Агафоновқа, ал басты партияны орындау театрдың жетекші солисі Жұпар Ғабдуллинаға тапсырылды. Радаместі сомдаған М.Ага­фонов­­тың есімін көрермен­ге жа­ңадан таныстырып жату ар­тық, өйткені оның өнері Венаның мем­лекеттік операсы, Ковент-Гар­ден Корольдік операсы, Па­риж­дің ұлттық операсы, Ресей­дің Үлкен театрлары, соны­мен қатар Берлин, Мюнхен, Сток­гольм, Дрезден, Хельсинки, Торон­то, Майами, Токио сияқты бас­қа да қала­лардағы опералық ошақ­тар арқылы жақсы мәлім. Әлем­дік деңгейдегі биіктерді бағын­дырған белгілі тұлға Мәскеуде дүниеге келген. Әртіс (Дж. Пуч­чи­ни­дің) «Эрнани» және «Дон Карлос» операларындағы – бас пар­­тияларды, «Тағдырдың күші» опе­расында – дон Альваро, «Тру­­ба­дурда» – Манрико, «Тос­када» – Каварадосси, «Туран­дот­та» – Калаф,   В.Белли­ни­дің «Нормасында» – Пол­лион, Р.Леонкаваллоның «Сайқы­ма­за­ғында» – Канио, Дж.Россинидің «Севиль шаштаразында» граф Альмавива сияқты сандаған басты партияларды орындады. Солист бұл ретте: «Бұл менің ең сүйікті партияларымның бірі, ал «Аида» операсына деген сүйіс­пеншілігім алабөтен. Негізі, Дж. Вердидің әрбір бейнесі мен үшін маңызды», деген болатын. Опера өнерінде аты аңызға айналған Франко Дзеффиреллидің ғаламат қойылы­мы шоу сипатымен және заманауи технологияның озық элементтерін қолдануымен үздік шы­ғармаға айналып отыр. Ита­лия­лық режиссер сахнаны көне Мысыр өнерінің үлгілерімен тол­­тыр­­ған. Сәнді көп қабатты алып деко­ра­циялардың қатарында Сфинк­стің басы, сахнаны жал­ты­ра­тып тұру үшін ілінген алтын кесек­тер, мысырлық Құдай­лар­­дың алып пішіндері және көне Пирамидаға дейін бар. Екі рет «Оскар» сыйлығын иелен­ген режиссердің үш бөлім­нен тұратын спектакліндегі таң­ға­­жайып декорациялар мен киім әшекейлерін, белдік, жамылғы, бутафориялық бұйымдарды, 400-ден астам костюмдерді Қазақ­стан­ға жеткізу үшін кезінде 17 үл­­­кен жүк көлігі тартылған бо­ла­­тын, жалпы барлық заттың сал­­­­мағы 30 тоннаны құраған еді. Атақ­­ты сурет­ші Маурицио Мил­лено­т­ти тік­кен костюмдердің әде­мі­­­лігі мен дәлме-дәлдігі тура­лы ұзақ ай­та беруге болады. Бірінші ке­зек­­­те, оны өзге суретші-маман­дар­­­­дан ерек­ше ететін қасиеті – ұсақ-түйек­ке дейін назардан тыс қал­­дыр­май­тыны. Айталық, мере­­к­е­лік көрініс кезінде киетін пер­ғауын­­ның бір костюмінің өзі сән­дел­­ген мун­дир, алтын түстес жаға, тас­пен әрлен­ген ақ мантия, квадрат пішінді бой­тұмар сияқты аксес­суар­лардан құралып, мұның бәрін алтын-қызыл түстес митра (бас киім) түйіндейді. Картинаны 315 бу­та­фория толықтыра­ды, оның ішін­де гераль­дикалық қал­қан­­дар, жебесі алын­баған тырна­құ­тан­дар, арыс­тандар мен аққу­лар­­­дың басы бар жануарлар сти­лін­­дегі орындықтар бар. Таза был­ғары немесе леопардтың терісі­мен қап­талған орындықтар мен кушеткалар Жаңа Патшалық дәуір­­дің (ең атақты перғауындар: ре­фор­­машыл Эхнатон, жас Тутан­ха­мон және басқыншы ІІ Рам­сес бас­қарған кез) нақышы­мен әр­лен­ген. Мәселен, Тутанха­мон­­н­ың мас­касын дайындауға декора­тор­­лар 200 кило алтын жылтырақ жұмсаған. Қаршыға КҮЛЕН