• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2016

Шағын аудан шаттығы

250 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы «Алюминстрой» шағын ауданының бұрынғы тұрғындары пайдалануға берілген жаңа үйден жарқыраған пәтерлерге ие болуда. Бұрынғы тұрғындары дейтініміз, қалада өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған екі қабатты тұрғын үйлер әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда еді. Көптен бері бұл жерге жаңа үй тұрғызу мәселесі де жиі айтылып жүрді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ескі үйлер орнынан «Сарыарқа» атты жаңа тұрғын үй кешенінің жобасы жасалып, бұл мақсатты істі Үкімет те қолдады. Құрылыс «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Негізі бұл бастама, қазіргі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыста әкім болып тұрған кезде қолға алынған болатын. Он екі қабатты биік үйлердің жобалау жұмыстарын жүргізуге, инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға қаржы да бөлінді. Сөйтіп, келешекте 160-қа жуық ескі, екі қабатты үйлер бұзылып, оның орнына жаңа тұрғын үйлер салынады делінді. Онда тұрып жатқан 1272 отбасы бұл жақсы лебізді естіп, үміттерін үкілеген еді. Тұрғындарға берілетін баспананың аумағы ескі пәтерлердің көлеміне сәйкес болатыны ескертілген. Құрылыс бас­талардан бұрын, тұрғындар уақытша басқа жерлерге көшірілген. Енді міне, жақсы іс жалғасын тауып жұртты қуанышқа бөлеп отыр. Маусым айында «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңі пайдалануға беріліп, жаңа пәтер кілтін 105 отбасы алды. Сөйтіп, өткен аптада «ТемірТас-Павлодар» ЖШС-нің темір-бетон құрылғылары негізінде салынған Ш.Шөкин көшесінде орналасқан тағы бір жаңа үй қолданысқа берілді. Екінші кезеңде 52 отбасы пәтер алды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Болат Бақауов та келіп қатысты. Үйдің құны 502,5 миллион теңгені құрайды. Облыс әкімінің айтуынша, жалпы, өңірдегі тұрғындардың пәтер алуға деген қажеттілігін азайту мақсатында алдағы жылдары өңір орталығында 22 жаңа үй салынады деп жоспарланып отыр екен. «9 үй кешені осы жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Бұл – 900 отбасы жаңа пәтермен қамтамасыз етіледі деген сөз», – деді Б. Бақауов. Қазір «Сарыарқа» шағын ауданында жаңа үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін осы ауданда тағы да 4 жаңа үй тұрғындар еншісіне берілмекші. Аудандағы тұрғын үй кешендер құрылысы аяқталған кезде 4 мың отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»  ПАВЛОДАР Суретті түсірген Валерий БУГАЕВ