• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2016

Сертке берік семсер сөз

632 рет
көрсетілді

Осыдан 55 жыл бұрын «На боевом посту» деген атпен «Қалқан» газеті қанат қақты. Басылым осы уақыт аралығында Қазақстан Ішкі әскерінің үнпарағына, жаңалық жар­шысына айналды. Кейін «Дзержинец», «Қалқан – Шит» болып сара жолын бекемдеді. Әрине, заман сондай болған соң тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанша «Қалқан» тек өзге тілде басылды, қазақ тіліне газеттен орын тимеді. Бүгін «Қалқанымыздың» 3177-ші нөмірі жарыққа шығып отыр. Газет жайлы сөз қозғаған соң оның әр жылдар уығын көтерісіп, ең­бектің диірменін айналдырып, қара нардай ат салысқан аға буын ақиық азаматтарымызды атап өтпеске болмас. Олардың баршасы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүр. Бірқатары әлі де ел игілігі үшін еңбек етіп, Тәуелсіз Қазақ елінің жарқын бола­шағына қарымды үлес қосуда. Олардың қатарында Сағи­дол­ла Көшімбаев, Асылбек Жа­қаев, Тұрар Жалмұхамедов, Боташ Қажымов, Александр Тас­болатов, Юрий Василевский, Дулат Молдабаев, Исқақ Темір­болат, Алтай Сиырбаев, Айткүл Мыр­затаева, Айнабай Мәдиев, Наиль Ахмеджанов, Олег Таран, Таңат Шернебеков, Тамара Дәу­лет­­баева, Наталья Акбарова, Аль­­фия Ахмеджанова, Ернар Кұл­­ма­ғанбет сынды қалам иеле­рі есім­­дерін құрметпен еске ала­мыз. Ал елі­міздің бас газеті, кие­лі ша­ңы­рақ – «Егеменнің» бел­ді жур­на­лисі Александр Тас­болатов­тың, «Казправдадағы» Дулат Мол­дабаев­тың, арайлы «Алматы ақша­мы» газетіндегі Айна­бай Мәди аға­ларымыздың «Қал­қан­нан» түл­еп ұшқан тұрпаты биік тү­лек­­тері екенін біреу білсе, біреу білмес. Шығармашылық іс қам­қор­лық­ты, тіпті аялы алақандай на­зар­­ды қажет етеді. Ал Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лей­т­енант Руслан Жақсылықов, Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатовтың газет­імізге деген ілтипат-ықы­лас­­тары ерекше. 2005 жылдан бас­тап газет тілшілерінің күші­мен екі айда бір шығатын «Бүркіт» журналы жарық көрді. Осы күні «Бүркіт» журналы сар­баз­дың қолынан түс­пес сүйік­ті басылымы, тұнық ой­лы ақыл­шы­сы һәм ел беріктігі мен қауіп­сіздігін нығайтуға жол бастаған шамшырағына айналды. Сонау 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза болған ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерінің ерлігіне бас ию мақсатында «Ерлікке тағзым», Ішкі әскер қатарынан Ұлы Отан соғысы сұрапылына қатысқан аға буын ардагерлерді өнеге тұтуға арнап «Біз Жеңіс мұра­герлеріміз», сондай-ақ, Ішкі әскердің, яғни бүгінгі Ұлттық ұлан­ның қалыптасуы, дамуы жай­лы сыр шертетін «Летопись воиск правопорядка» кітаптарын жарыққа шығарғанымызға да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл, әри­не, жоғарыда айтқандағыдай жауын­гер рухын жануға қосылған там­шыдай болса да, бүгінгі редакция ұжымының үлесі дегім келеді. Соған орай кеше еліміз­дің мерей­лі сәті – тәу етер Тәуел­сіз­д­ігіміздің 25 жыл­дық ме­рей­тойы­мен тұспа-тұс кел­ген, 55 жыл­­дық еңселі жолды еңсеріп отыр­­ған «Қалқан» газеті­­нің атау­лы күні салтанатты жиын өтіп, еңбек ардагерлеріне сый-құр­мет көрсетілді және мара­пат­тау шарасының соңы мере­келік концертке ұласты. Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ, полковник, Ұлттық ұланның «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы