Қазақстанның өндірісі өркендеп келеді. Бұл дегеніңіз – инвестиция. Бұл дегеніңіз – мыңдаған жұмыс орны. Бұл дегеніңіз – еліміздің экспорттық әлеуетінің артуы. Бұл дегеніңіз – индустрияландырудың екінші бесжылдығы табысты жүзеге асып жатыр деген сөз. Осы ойымызды одан әрі тарқатайық.
2012 жылғы 19 қыркүйек күні өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі IX форумда Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин автоөндіріс саласына қатысты екіжақты ауқымды жобаны мақұлдаған болатын. Бұл жоба бір жылға жетер-жетпес, дәлірек айтқанда, 2013 жылы 27 маусымда Renault-Nissan альянсының ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарына енді. Аталған альянс Ресей елі жағынан жобаға қатысушы «АвтоВАЗ» ашық акционерлік қоғамының бақылаушы акционері. Бұл ауқымды жобаға қатысушылар бірлескен жұмысқа кірісу үшін келесі жылы күз айында Атырау қаласында өткен өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі XI форумда тағы бір бас қосып, істің жай-жапсарын пысықтап, екіжақты келісімге қол қойылған еді. Бұл келісім Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен болды.
Міне, осындай дайындықпен Қазақстанда тұңғыш автозауыттың іргетасы қаланған еді.
Бір айта кетерлік жайт, егер Қазақстан тәуелсіздік алмаса, Елбасы алыс-жақын шет мемлекеттермен барыс-келіс, алыс-беріс саясатын ұстанбаса, ел экономикасын өркендету үшін инвестиция тартуға бел шеше кіріспесе, Шығыс Қазақстан өңірінде алып автоөндіріс салынбас еді. Бұл – ақиқат. Алып демеске амал жоқ. 745 футбол алаңындай аумақты алып жатқан автокөлік өндірісінің орны осыдан бірер жыл бұрын мидай жазық дала болатын. Өскемен қаласының қиыр шеті еді. Қазір адам танымастай өзгерді бұл орын. Жас кәсіпкерлер бел шеше кіріскен үлкен істің басы-қасында бүгінде «БИПЭК Авто – Азия-Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы дәрежесіне жеткен Анатолий Балушкин жүрді. Олар жоғары технологиялық өндірісті тақыр жерден бастап, әлемдік деңгейдегі әріптестерінің күмәнсіз сеніміне ие болды.
Өскеменнің конвейерінен шыққан алғашқы автомобиль – LADA 4х4 («Нива»). «АвтоВАЗ» Қазақстанда бұрын-соңды болмаған осы жаңа салаға барынша қолдау жасағанын айту ләзім. Жоба ойдағыдай жүзеге асып, автоөндіріс қыз-қыз қайнап, болашағы зор екеніне көптің көзі жеткендіктен болар, уақыт өте келе, Skoda Auto, General Motors және KIA Motors Шығыс Қазақстанда ашылған «Азия-Авто-ның» әріптестеріне айналып, қоян-қолтық араласып, бірлесе жұмыс жүргізе бастады. Қазақстанның өндірісі өркендеп келе жатқанына осы сөзіміз дәлел.
Қазіргі уақытта автоөндіріс – біздің ел экономикасының индустриялық дамуындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда республика аумағында жеңіл автокөліктер мен жүк және автобус техникаларын шығаратын, «Азия-Автоны» қоса есептегенде, бес өндірістік алаң бар. Бұл кәсіпорындар қазір Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналды десек, артық айтқандық емес.
Елімізде индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында автокөлік өндіру 4,8 есеге артты. Бұған «БИПЭК Авто – Азия-Авто» командасының қосып отырған үлесі айтарлықтай. Қазір олар «АвтоВАЗ»-дың сенімді серігі. Жасыратыны жоқ, «АвтоВАЗ» Ресейден гөрі Қазақстанда әйгілі. Өйткені, біздің елімізде жаңа көлікті сатып алушы әрбір үшінші адам «Lada» үлгісін қош көреді екен.
Қазақстанда алғаш ашылған зауыттың экспорттық әлеуетіне келсек, қазіргі уақытта «БИПЭК АВТО – Азия-Авто» Қазақстан нарығынан да тыс аймақтарда жақсы танымал. Бұл Еуразиялық одақ нарығына жол салған қазақстандық алғашқы компания. Аталған автохолдинг Қазақстан мен Ресейдің азиялық бөлігін қоса есептегенде, 7 мемлекетпен іскерлік, сауда-саттық қарым-қатынас қалыптастырып үлгерді. Олар 84 миллион тұрғыны бар нарықты «жаулап алды». Экспорт көлемі жылына 60 мың автокөліктен кем болмайды деген жоспар бар. Мамандардың топшылауынша, бұл мөлшерден де көп болуы әбден мүмкін. Өйткені, қазақстандық автоөндіріс әлемдік нарықта өзінің лайықты орнын ойып тұрып алды.
Кәсіпорынның өндірістік көлемі кеңейе беретіні сөзсіз. Жоспар сондай. Бұл компанияның негізгі және қосалқы өндіріс орындары толық іске қосылған кезде 12 мың адамның жаңа жұмыс орнына қолы жетеді.
Кәсіпорынның бірінші кезектегі қуаттылығы – 60 мың автокөлік. Бұл межеге 2018 жылы жетпек. Жобалық қуаттылығы – жылына 120 мың көлік. Оның жалпы құны – 340 миллиард теңге.
Инвестиция мөлшері – 55 миллион АҚШ доллары. Бұл – инвесторлардың жеке қаржысы.
«Азия-Авто» конвейері тоқтамайды, өндіріс көлемі жылдан-жылға ұлғая беретініне көпшілік сенімді. Кәсіпорын ашылғалы бері Қазақстан Президенті онда төрт мәрте болған екен. Осыған қарап-ақ, біздің еліміздегі алғашқы автозауыт Мемлекет басшысының қатаң бақылауында екенін анық аңғаруға болады. Тек бақылау ғана емес, жаңа өндіріс орнына мемлекет тарапынан ұдайы қолдау болатынын кәсіпорында болған кезінде үлкен ұжымның алдында айтқан еді.
– Біз ертеректе шетелде болған кезімізде осындай конвейерлерді көріп, таң-тамаша қалушы едік. Енді біздің елімізде де тамаша машиналар мен мамандар бар. Қазір жаңа алаңды көріп тұрмын. Келешегі жақсы. Қиындықтарға қарамастан, мемлекет сіздерге көмектесуді жалғастыра береді, – деген болатын Н.Ә.Назарбаев.
Ал «АвтоВАЗ» ашық акционерлік қоғамының президенті Николя Мор Қазақстандағы №1 автозауыттың аз уақыт ішінде үлкен іс тындырғанын, екіжақты іскерлік, әріптестік байланыстың аясы кеңейіп келе жатқанын тілге тиек еткені бар еді.
– Бұл Қазақстан мен Ресейдің бірлескен ірі өнеркәсіптік жобасы. Жасыратыны жоқ, екі мемлекет басшыларының біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі бастамаларының арқасында осындай табысты жоба жүзеге асты, – деген еді Николя Мор.
Өскемендегі өндіріс тәуелсіз Қазақстандағы №1 автозауыт. Оның болашағы кемел. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, алға адымдай беретіні анық.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы