• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
03 Қазан, 2016

Көкейкесті көгілдір отын

347 рет
көрсетілді

«ҚазТрансГаз» АҚ «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының қуатын арттыруда Бір жылға жетер-жетпес уақытта «ҚазТрансГаз» бірнеше ірі жобаны еңсерді. Мәселен, өткен жылдың соңына қарай ұлттық операторымыз ел экономикасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының «С» желісін пайдалануға берген болатын. Бұл – энергетикалық және өңірлік әріптестік саласындағы ірі халықаралық жобаның қорытындылаушы кезеңі болды. Енді міне, кезекті рет екі мем­лекеттің, яғни Қазақ­стан мен Қы­тай­­дың белді БАҚ өкілдері арнайы жолға шығып, шалғайда жатқан Алматы облысы Ұйғыр ауданында үлкен істің біткеніне куә болдық. Біз бұған дейін де мына жа­һан қазір табиғи ресурстар үшін таласып, қырғи-қабақ болып жат­қан за­ман­да Қазақстан айна­ласындағы көршілерімен қай кезде де көкейкесті болып келген кө­гілдір отын мәселесін тату жолмен шешіп жатқаны шынында терең саяси мәнге де ие екенін тіл­ге тиек еткенбіз. Содан бері өзгер­ген дүние жоқ. Ал табиғи отынмен қам­тамасыз етудің маңыздылығы сол күйінде қала бермек. Сонымен, өткен жұма күні салтанатты түрде «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбыры «С» же­лісінің №4 және 8 компрессорлық стансаларын пайдалануға беру ресми рәсімі өтті. Қарапайым тілмен айт­қанда, бұл стансалар жалпы ұзын­дығы 7,5 мың шақырымнан ас­там «Түрікменстан – Өзбекстан – Қа­зақстан – Қытай» трансұлттық ма­гистралды газ құбырының құ­рамдас бөлігі болып табылатын «Қа­­зақстан-Қытай» құбырының қысымын көтеріп, газ өткізгіштік әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Ал «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбыры «С» желісінің ұзындығы – 1303 шақырым. Бұл оқиғаның ерекше атап айтатын тұсы – заманауи техникамен жаб­дықталған алып компрессорлық стансалар қашықтықтан басқару жо­лымен, яғни кәдімгі смартфон арқылы басқару, бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен де қамтамасыз етілген. Ендігі жерде бұл нысандардың жұ­мысы «С» желісінің өткізу қа­бі­­летін жылына 20 миллиард текше метр газға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Ал ең заманауи тех­нологиялармен жабдықталған бар­лық үш «А», «В» және «С» ком­прессорлық стансалардың құры­лы­сы толық аяқталғаннан кейін газ тасы­малдау қуаттылығы жылына 55 миллиард текше метрге дейін жетеді. Жоғарыда атап өткендей, жа­ңа компрессорлық стансалар әлем­­­­­дегі жетекші газтурбиналық және компрессорлық техникала­рын жасайтын «Rolls-Royce» жә­не «General Electric» компа­ния­ларының инновациялық құрал-жабдықтарымен жарақталған. «ҚазТрансГаз» АҚ тапсырысымен еліміздің газ тасымалдаушы жүй­есі үшін алынған газ айдаушы агрегаттардың қазірге таяу және алыс елдерде баламасы жоқ деуге болады. Өйткені, бұл технология­лар ең соңғы, ең жетілдірілген, тиім­ділігі жоғары ин­новациялық жабдықтар. Мұнан да бөлек ком­­­прессорлық стансалардың қосымша көмекші жүйелер ке­шені магистральды газ құбырын пайдаланудың барлық кезеңінде қауіпсіз және технологиялық тұр­ғы­да үздіксіз газ тасымалдауды қам­­­­­­та­­­масыз ете алады. Бұдан басқа, агрегаттарды әзірлеу барысында оның экологиялық қауіпсіздігі де ескерілген. Яғни, компрессорлық стансалар зиянды қалдықтарды ауа­ға барынша аз шығарады әрі құр­ғақ қалдықтарды сүзіп отыратын  жүйемен қамтамасыз етілген. Сонымен, жаңа нысандарды сал­­танатты түрде іске асыру шара­сына Қазақстан мен Қытай тарапынан осынау жобаға тікелей жау­апты компаниялар мен жергілікті билік өкілдері түгел қатысты. Бұл оқиғаның өңір үшін де, мемлекет үшін де маңыздылығын Қазақ­стан Республикасының Энергетика ви­це-министрі Мағзұм Мырзағалиев атап өтті. Ал Алматы облысы әкі­­­­­мі­­нің орынбасары Ғалымжан Әб­дірайымовтің айтуынша, бір ғана компрессорлық станса оған жақын елді мекендердің 100-ге тар­та тұр­ғынын тұрақты жұмыспен қам­тамасыз етеді. Сонымен, Орталық Азиядағы ең үлкен транзиттік газ құбырының қуатын артыратын компрессорлық стансаларды қосу планшет арқылы онлайн жүйеде жүзеге асырылды. Яғни КС-4 Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой станса­сы маңында болса, екінші КС-8 біз тұрған Алматы облысы Ұйғыр ау­даны Шарын кентінің маңында  орналасқан еді. Осынау айтулы шарада «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ атқарушы вице-президенті Қайрат Шә­ріпбаев: «Отандық газ саласын дамыту мемлекеттік энергия саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің ал­дымызға экспорттық бағыттарды кеңейту, отандық газ транзитін ұлғайту жөнінде мін­деттер қой­ды. Сондықтан «ҚазТрансГаз» экс­порттық газ тасымалдау дәліздерін кеңей­туге, ең озық технологияларды өндіріске енгізуге зор көңіл бөледі. Бұл газ магистралдарының ұзақ жыл­дар бойына іркіліссіз жұмыс істеуіне ғана емес, тасымалдау кө­лемдерін қажеттілігіне қа­рай ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Мысалы, пайдалануға берілетін компрессорлық стансалар «Қазақ­стан-Қытай» магистралды газ құбырының өткізу қабілетін кейін­нен ұлғайту мүмкіндігін ескере отырып жобаланған. Яғни, 4-ші желі салынған жағдайда жаңа ком­прессорлық станса салып, оған қомақты ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Біз барлық бұрмаларды төсеп қойғандықтан, тек жаңа желіні қосу қалды. Бұдан басқа, осы өңірлердің барлық тұтынушыларын газға қосу­ды қамтамасыз ететін бұрма газ құ­быр­лары көзделген», – деп атап өтті. Сонымен, құрылысы 2013 жы­лы басталған стансаның негізгі тапсырыс берушісі «Азиялық газ құбыры» ЖШС мен «СРСС» ЖШС біріккен кәсіпорны болып табылады. Аталмыш компаниялар атынан «Азиялық газ құбыры» ЖШС бас директоры Чжун Фань сөз алып, стансалардың сәтті жұмысқа қо­сы­луымен құттықтап, жобаны жүр­гізу барысында ұдайы қолдау білдіріп отырған «ҚазТрансГаз» компаниясына үлкен алғысын білдірді. Қалай десек те, бұл нысандардың іске қосылуы бірқатар стратегиялық мақсаттарды шеше алады. Оның ішінде ішкі нарықты газбен іркі­ліссіз қамтамасыз ету үшін оң­түс­тік дәліздің газ тасымалдау қуа­тын арттыру да бар. Және Қы­тай бағытындағы экспорттық мүм­кіндіктерді ұлғайтып,  оған қоса еліміздегі магистралды газ құбыр­ларын бірыңғай газ тасымалдау жү­йе­сіне біріктіруге мүмкіндік береді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы