• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2016

Ақтөбе қауіпсіздікке ерекше назар аудара бастады

236 рет
көрсетілді

Облыста «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасы бастау алды. Оны жүзеге асыруға 200-ден астам орталық және аймақтық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың үздік мамандары қатысуда. Делегацияны Бас прокурор Жақып Асанов басқарады. Бұдан басқа жұмыс тобының құрамында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаева, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев, Терроризмге қарсы орталығының штаб бастығы Марат Сайполдаев, Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Арифханов, Азаматтық қоғам және дін істері вице-министрі Марат Әзілханов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова және т.б. бар. Жұмыс тобы бұл бағытта­ғы қа­да­мын облыстық әкімдікте өңір жұртшылығымен кездесуден бастады. Кездесуді облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. – Елбасы тапсырма­сы бойынша біз өңірдің өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруды бастадық. Жоба тек Ақтөбе қала­сында ғана емес, барлық аудандар­да жүзеге асырылатын болады. Бұл бастаманың біздің өңірдегі тұрақ­тылық пен дамуға оң ықпал ететініне сенімдімін. Орталық ат­қарушы органдар өкілдері жер­гілікті тұрғындармен кездесіп, мем­лекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұ­мыстарды және оларды жүзеге асыруда туын­даған проблемаларды тал­қылай­тын болады, – деп атап өтті ол. Өңір басшысының айтуынша, облыста тәртіп бұ­зушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді, оның жұ­мысына прокуратура, ІІД, ҰҚКД және басқа органдардың басшылары қатысады, тоқсан сайын қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралады, тиісті шаралар қабылданады. Егер 2015 жылы облыста қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 6,1 мил­лиард теңге қарастырылса, биыл 6,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл өз кезегінде қылмыстық жағ­дайдың жақсаруына ықпал еткен. Бердібек Сапарбаев өңір­дегі қоғамдық қауіпсіздіктің тұр­­­ғын­дардың жұмыспен қамтылуына тәуелді екенін атап өтті.Тек өткен жылы ғана 10800 жаңа жұмыс ор­ны ашылған. Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етудің кешенді жоспарымен 17800 адам қамтылған. Қабылданған шаралар жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз, жастар жұмыссыздығын 4 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Содан кейін сөз алған Бас прокурор Жақып Аса­нов жұмыс тобы жүзеге асыратын іс-шаралар­дың негізгі ба­ғыттарына тереңірек тоқ­талды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы­мен, өңір басшысының бастамасы бойынша екі жүзден астам маман келдік. Топ құрамында имамдар, теологтар, психологтар, социологтар бар. Мақсат кемшілік іздеу емес, жергілікті проблемаларды бірлесіп шешуге қол жеткізу. Жалпы, жұ­­­­­­мысымыз жеті бағыт бо­йынша, яғни халық арасында түсінік жұ­мыстарын жүргізуге, шағын кәсіпкерлікті жаппай дамытуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, діни ахуалды жақсартуға, ақпараттандыру жұмысына, құқық қорғау қыз­­метінің тиімділігін арт­тыруға басымдылық беріледі. Бұл жұмыстар бір ай бойы жүр­гізіледі. Әрине, барлық мәселені шешіп беру мүм­кін емес. Деген­мен, біз осы қадамдарымыз ар­қы­лы жер­гілікті мәселелерді ше­шудің жолын қалыптас­­тыру­ға бағыт ұстап отырмыз. Оны кейін басқа өңірлерде қолдансақ па деген ойымыз да бар, – дей келіп, еліміздің Бас прокуроры жиналған жұрт­шылық назарын бірне­ше маңызды мәселелерге аударды. Ол әлемдік дағдарыс жағдайында да Президент­тің тапсырмасы бо­йынша әлеу­меттік төлемдердің қысқармай, қайта жыл сайын көтеріліп отырғанын айтты. – Дағдарыстан шығуда бір ғана мемлекеттің шарасы жеткіліксіз. Әрбір отбасы, әр азамат аянбай еңбек етуі керек. Ол үшін өз ісін ашуға, талмай еңбек етуге дағ­дылану қажет. Кәсіпкерлік әлі де дамымай жатыр. Мемлекет мол мүмкіндіктер беруде. Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау тетіктері тиімді пайдаланылмауда. Істің қисынын келтіріп, әр қазақстандық табысты болуы үшін күресуіміз керек. Біз бұл жағын да қаперде ұстайтын боламыз, – деді Ж.Аса­нов сөз арасында. Одан әрі ол қыл­мыспен қоғам болып күресу қажеттігін алға тарта сөйледі. Соңғы 20 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстардың жылдан-жыл­ға азайып келе жатқанына нақты мысалдар келтіріп, қылмысты еңсерудің бірден-бір жолы – жұ­мыс­сыз­дықпен күресу екенін, былтыр қылмыс жасағандардың 84 пайызы табысы жоқ адамдар болғанын атап өтті. Бас прокурор жастардың діни теріс ағым­дарға санасы уланып, жат идеологияның құрбаны болып жүргеніне алаңдаушылығын жеткізді. Кездесуде түрлі бағытқа басшы­лық жасайтын вице-министрлер мен орталық мемлекеттік органдар басшылары өздерінің жұмыс жос­парларымен таныстырып, осы кезеңде атқарылатын шараларды баяндады. Жалпы осы кезеңде 13454 адам қатыс­­қан ақпараттық-түсінік жұ­мыстарымен 152 әртүрлі шаралар өткізілетін болады. Бұ­дан басқа, құқық қорғау ор­гандарының қызметкерлері, дін тану пәнінің оқытушылары, психологтар, бар­лығы 890 адам қатысқан 19 сабақ пен семинар-тренингте әдістемелік көмек көрсетілуде. 10 мыңға жуық ақ­параттық және әдістемелік материалдар тарату көзделуде. Жоба аясында мәдени-көп­шілік, спорттық және басқа да шаралар ұйымдастырылады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы