Демалыс күні алматылықтар қуанышты оқиғаның куәсі болды. Сенбі күні Алматыда алып шолу дөңгелегі пайдалануға берілді. «Happy Eye» атауына ие болған дөңгелек Орталық Азиядағы ең үлкені деседі. Бүкіл қаланы алақанға салғандай анық көрсететін демалыс нысанының ашылуына қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, алғашқылардың бірі болып «Happy Eye» арқылы мегаполисті төбесінен көрді.
Қаланы 16 минутта тамашалап шығуға болатын «Happy Eye» дөңгелегі MEGA Alma-Ata сауда, ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан. 2015 жылы Mega Center Management компаниясы «Happy Eye» құрылысына автокөлік тұрағы есебінен 1765 шаршы метр жерді қарастырған болатын. Қала келбетімен үйлесе кеткен шолғыншы дөңгелек парк аумағынан тыс орналасқан. Бұл жобаны HAPPYLON компаниясы мен иесі «Astana Group» компаниясы біріге отырып жүзеге асырды.
Қала тұрғындары ғана емес, келген қонақтарға тамаша әсер сыйлай алатын Алматының алып дөңгелегі туристерді тартуға да септеседі деп күтілуде.
HAPPYLON компаниясының негізін қалаушы әрі қожайыны Рустам Агеев жобаны жүзеге асыру барысында қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдіре келе: «Алматы қаласының әкімдігі бізге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «кәсіпкерлік секторын сауықтыру» бағытында сенім артты. Қала билігі құрылыс кезінде барлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалады. Бұл өз кезегінде нысанды пайдалану кезіндегі қауіпсіздіктің кепілі болатыны сөзсіз», деді.
Сонымен, «Happy Eye» құрылысының техникалық тұрғыдағы жұмыстарын АҚШ пен Жапонияның жер сілкінісіне қауіпті аймақтарында осыған ұқсас нысандардың құрылысымен айналысқан Тechnical Park италиялық компаниясы атқарған.
Аталған жобаға 1,6 миллиард теңге инвестицияланған. «Happy Eye» құрылысына кеткен қаражат 5-7 жылда өзін өзі ақтайды деген есеп бар. Салмағы 360 тоннаны құрайтын шолу дөңгелегінің іргетасын құю үшін 857 тонна бетон қажет болған.
Жоғарыда атап өткендей, «Happy Eye» техникалық талаптарға сай құрастырылған және мемлекеттік сараптамадан өткен. Оған қоса, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары тәуелсіз сараптама жүргізген.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ