Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Илкка Райсаненді қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде, парламентаралық үнқатысуды нығайту мәселелерін талқылады. Мәжіліс Төрағасы аталған кездесудің екі мемлекеттің тарихи кезеңімен сәйкес келіп отырғанына назар аударды. Яғни, биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толса, келер жылы Финляндия тәуелсіздігіне – 100 жыл.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Финляндия – Қазақстанның барлық деңгейде сындарлы үнқатысуға қол жеткізген сыртқы саяси және экономикалық әріптесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 467 млн АҚШ долларын құрады.
Одан әрі Мәжіліс Төрағасы:
– Ұлт жоспарын және ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы ауқымды шараларды жүзеге асыру барысында инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім жүйесін жетілдіру, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ғылыми және іскер ортаның ынтымақтастық тетіктерін дамыту мәселелерінде финдік әріптестеріміздің тәжірибесіне қызығушылық жоғары, – деді.
Қазан айында Мәжіліс делегациясы Финляндияға ресми сапармен барады деп жоспарланған. Н.Нығматулин Хельсинкиде өтетін бұл кездесудің маңызды салалар бойынша екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.