Ақтөбеде теріс ағымның жетегінде кеткен он жігіт әскер қатарына алынбады. Арнайы комиссия олардың діни көзқарастарынан қорқып іріктеуден өткізбеген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Радикалдардың қорғаныс саласына кіріп, іріткі салуынан қорыққан құзырлы органдар күзгі шақырылымға келгендерді жіті сүзгілеуде. Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті жастарды медициналық тексеруге шақырмастан бұрын жеке істерін тексереді екен. Егер Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер департаментінің тізіміне іліккендер болса, оларды әскерге жолатпайды. Биылдыққа экстремистік көзқарасы бар он жігіт және баптистердің уағызшысы болған тағы бір жас әскерден шеттетілді.
«Әскерге шақырмастан бұрын ер азаматтарды сырттай зерттеп, жеке істерін тексереміз. Ұлттық қаупсіздік комитеті мен Ішкі істер органдарымен тығыз байланыстамыз. Арнайы тексеру кезінде тіркеуде тұрған-тұрмағаны анықталады», дейді Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Әділбек Құлтаев.
Егемен-ақпарат