«Қазақстанға Ресейден келетін туристер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2015 жылы еліміз ресейлік азаматтар үшін сыртқа шығатын туризм бойынша танымалдылығы жағынан 4-ші орынға шықты. Қазақстанға 3 млн ресейліктің келіп, көрікті жерлерімізбен танысып қайтуы – соның айғағы. Қонақтар ең көп тынығатын өңірлер – Бурабай шипажай аймағы, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағы, Балқаш және Алакөл көлдері, сондай-ақ, Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайы». Қазақстан мен Ресей Федерациясының XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өткен панельдік сессия кезінде еліміздің Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев осылай деді.
Ал Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің туризм бойынша федералдық агенттігінің жетекшісі Олег Сафонов Ростуризм мекемесі ресейлік-қазақстандық қарым-қатынас мүмкіндіктерін барынша кеңейту бағытындағы іс-шараларды жан-жақты атқарып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесінің желісі бойынша ТМД-ның ортақ туристік кеңістігін құру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, оған Қазақстан да белсенді атсалысып жатыр екен. «Форум аясында «Қазақстан мен Ресей арасында туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында панельдік сессия отырысын өткізу – елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық қатынастары құрылымын қалыптастыруда, халыққа арналған мәдени-танымдық және сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыруда туризм индустриясының қаншалықты рөлге ие екендігіне айқын дәлел», деді Олег Сафонов.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ