• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2016

Сақтыққа шақыратын спектакль

323 рет
көрсетілді

«Жерде бір жетім қуанса, көкте мың періште шаттанады» дегенді мың құбылтып айтып жүрсек те, мәні  – біреу. Бүлдіршіндерді қуантып қана қоймай, түрлі қауіп-қатерден сақтандырып отыру да өзекті мәселе болып табылады. Айтпай келетін жаудың бірі – өрт. Осы мәселеге орай, Алматы қаласының Төтенше жағдай­лар департаментінің қызметкер­лері Теміртау қаласынан келген  ба­ла­лар мен жасөспірімдер театрымен бірлесіп, қаладағы №1 Балалар үйінде «Пілдің баласы – өрт сөндіруші» спектаклін қойып берді. Осылайша бір оқпен екі қоянды атқан қызықты шара Алматыға алғаш гастрольдік сапармен келген Теміртау театрының қойылымдарымен үйлесе кетті. Өйткені, бұл күн­дері Алматыда өрт қауіп­сіздігі айлығы өтіп жатқан болатын. Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, өртей жаз­даған «Оттық» деген қыз туралы қойылым шынында да ұнады. Көмекке пілдің баласы – өрт сөндіруші мен инспектор асыға келіп, екеуі алапаттың алдын алады. Көңілді, ойын түрінде өткен көрініс балаларға кәдімгідей қуаныш сыйлап, Теміртау  балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері рөл­деріне беріле ойнап, бүл­діршіндерді қуантты. Балалар  да қойылымға әсерлене араласып, ертегі кейіпкерлерін қолдап, оларға жандары ашып, өртпен ойна­ғанның түбі не болатынын, өрт пайда болғанда не істеу керектігін ұғынып отырды. Көріністер аяқталған соң спектакльге көңілі толған балалар да теміртаулық өнер таланттарына алғыс білдірді. – Қалай десек те, әрі қы­зықты әрі пайдалы өткен шараның мәні мол болды. Бүлдіршіндерді жалық­тыр­маған қойылым олардың ру­хани және мәдени дамуына мүмкіндік туғызатын, өмірге қауіп төніп, өрт туын­дағанында саналы әрекет етуді үйрететін, әртүр­лі жағдайларда қарапа­йым қимыл дағдыларын мең­­геруге көмектесетін пе­даго­гикалық идея іске асырыл­­ды, – дейді Алматы қала­сы­ның Төтенше жағдайлар де­партаментінің қызметкері А.Нүсіпбаев. Аза­маттық қорғау майоры­ның айтуынша, мұнан былай­ғы жерде балалар үйінің тәр­бие­ленушілеріне келіп тұру алматылық құтқарушылар үшін дәстүрге айналмақ.  Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар