Ел тыныштығы, қоғам қауіпсіздігі мемлекет үшін аса маңызды мәселе. Ал бейбіт заманда ел іші тыныштығын ең алдымен, ішкі әскерлер күзететіні мәлім. Солардың арасындағы ауқымы жағынан ең үлкені – «Орталық» өңірлік қолбасшылығы. Оның құрамына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы тиісті әскери бөлімдер мен Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан он әскери бөлімі енеді. Жақында осы «Орталық» өңірлік қолбасшысы генерал-майор Еркін БОТАҚАНОВПЕН әңгімелесудің орайы келді.
– Еркін Советбекұлы, алдымен қолбасшы ретінде Ұлттық ұланның қысқаша тарихы мен рөліне тоқталып өтсеңіз.
– Бірден айталық, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған сәттен-ақ құқықтық тәртіпке айрықша көңіл бөліп, егеменділік туралы Декларация қабылданғаннан кейін бір айға да жетпестен, алғашқы күштік құрылым ретінде Ішкі әскерді құру туралы Жарлық шығарған болатын. Ішкі әскерлеріміздің дербес жауынгерлік тарихы да сол 1992 жылдың 10 қаңтарынан басталады деуге болады. Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты орындап, азаматтардың, жалпы халықтың конституциялық құқықтары мен қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тыныштығы мен тұрақтылығын қорғауда қалтқысыз қызмет атқарып келеді.
2014 жылдың 21 сәуірінде еліміздің Ішкі әскерлері Президент Жарлығымен Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Бұл, әлбетте, аталған әскери құрамды заман талабына сай жасақтап, жетілдіру мақсатында жасалған оң қадам болды. Уақыттан қалмай ілгерілеп, мүмкіндігінше дамып отыру қай салаға да тән. Жалпы адамзатқа қауіп төндіретін лаңкестік, экстремзим, сепаратизм тәрізді зобалаңдар Қазақ елінде де қылаң бере бастағаны жасырын емес. Олармен күресте ел ішінде ғана емес, әлем болып күш біріктіру қажеттігін әр жерде орын алған оқиғалардың өзі дәлелдеп отыр. Бейбіт халықты осындай оқиғалардан қорғауда қырағылық, ұтқырлық, шапшаңдық танытып жүрген Ұлттық ұланның бүгінгі рөлі ерекше.
– Енді нақты өзіңіз басқарып отырған «Орталық» өңірлік қолбасшылығы туралы айтқаныңыз орынды болар?
– «Орталық» өңірлік қолбасшылығы бойынша күн сайын 2500 әскери қызметші жауынгерлік қызметін атқаруға шығады. Солардың 1600-і түзеу мекемелерін күзетсе, 900 адам қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметке кіріседі. Олар жауынгерлік қызметтерін Астана, Қарағанды, Жезқазған, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Степногор сияқты ірі қалаларда атқарады. Азаматтық қорғаныстың 52859 әскери бөлімі де 2014 жылы, Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығына енгізілді.
Ұлттық ұланның құрамына азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері енгізілген соң, жүктелетін міндеттер мен жауапкершіліктің де артқаны түсінікті. Әсіресе, былтыр мен биылғы жылдары ауа райының тосын мінез танытып, жауын-шашынның мол болуы біраз қиындықтар туғызды. Көктемде күннің күрт жылынуынан Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарындағы біршама елдімекендерді су басу қаупі төнді. Сол тұстарда қатердің алдын алу мен зардаптарын жою жұмыстарына Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451, 52856, 5516, 6637, 6697 әскери бөлімдерден 700-ден астам адам, 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарындағы су басу қаупі жоғары елдімекендерден екі мыңнан астам халық осы әскерилердің күшімен қауіпсіз жерлерге көшіріліп, керек-жарақтармен қамтамасыз етілді.
– Бейбіт заманның өзінде басын қатерге тігіп, басқаның өміріне араша түсіп жататын азаматтарымыз бар. Мақтанышпен айтатын сондай ер жігіттердің бірнешеуін атап өтсеңіз...
– Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауда тыным тауып көрген емес. Заман қанша тыныш десек те, көп ішінен «бүйректен сирақ шығаратындар» шықпай тұрмайды. Ел тыныштығы үшін кеудесін оққа тосатын Ұлттық ұлан сарбаздары да аз емес. Айталық, Асылбек Қоңыров, Ербол Отарбаев, Жандос Баянбаев сынды ерліктің үлгісін көрсеткен ұландықтар «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталса, қарағандылық полковник Қайрат Үмбетов бейбіт күндегі көзсіз батырлығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан мемлекетіміздің жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманы» атағына ие болды.
Қазақ елі қай заманда да батыр да батыл перзенттерге кенде болмаған. Оның ішінде ерекше іріктеуден өтетін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Отанға адал қызмет етуге берген антынан айнымақ емес. Олар халқымыздың конституциялық құқықтарын қызғыштай қорып, дер кезінде көмекке келуге қай кезде де әзір!
– Әңгімеңізге рахмет.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ