• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2016

Ұландар ант берді

655 рет
көрсетілді

Елордада генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық әскери мектебіне жаңадан қабылданған 10-сынып ұландарының салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Әскери киімдері бойларына жа­рас­­қан, сымдай тартылған 62 ұлан сап түзеп, арнайы әзір­ленген кең залға енді. Ортаға көк байрағымыз әкелініп, іле Әнұран шырқалғаннан кейін ұландардың ант қабылдау рәсімі бас­талды. Аты-жөндері аталған сәтте саптан алға нық басып шығып, ант мәтінін мәнерлеп оқыған жас өс­кін­дердің сенімді де ашық дауысы құ­лақ­қа жағымды естіледі, жүрегіңе жылы тиеді. Жиын барысында әскери мектеп басшысы, полковник Мұхтар Май­кеевпен аз-кем сұхбаттасуға мүмкіндік болды. Біздің қойған сауалымызға орай мектеп басшысы: «Мемлекет басшысының бас­тамасымен құрылған, 1999 жыл­дың 4 қарашасында ресми түрде ашыл­ған «Жас Ұлан» республикалық әскери мектебі – еліміздің Қарулы Күштері саласына қызмет етуді мақ­сат еткен жеткіншектерді тәрбие­леу­де өзін­дік орны бар білім ошағы. Тәуел­сіз Қазақстанның Қарулы Күш­тері үшін әскери қызметкерлерді мектеп қабырғасынан дайындау ісіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың айрықша көңіл бөліп келе жат­қа­нының арқасында бұл әс­кери мектеп жақсы жақ­тарымен көрі­ніп келеді. Құрылғалы бергі 17 жыл­­­дың ішінде 700-ден астам жас түлекті тәр­биелеп шығарған мек­­тептің тұсауын Ел­басының өзі кес­кені, сондай-ақ, білім ұясына Кеңес Ода­ғының Батыры, Халық Қаһарманы, қа­зақ халқының аты аңыз­ға айналған пер­зенті, Тәуелсіз Қазақ­станның тұңғыш Қор­ғаныс ми­нистрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов есімінің берілуі біз­дің ұжымға үлкен жауапкершілік жүктейді. Міне, өздеріңіз куә болып отырғандай, мектебімізге биыл қа­былданған 62 оқушы ант қабылдау үстінде. Бұл шараның маңызы өте зор. Өйткені, шәкірттеріміз осы ант қабылдау арқылы өздерінің аса жауапты жолды таңдағандарын терең сезіне түседі, – деді. Одан әрі полковник М.Майкеев 2015 жылдан бастап қабылдау ере­жесіне өзгертулер енгізіліп, мектепке 10-сыныптан бастап оқу­шы­лар қабылданатынын, мектеп Жарғысына сәйкес әскери пәндер және күшейтілген дене дайындығы, мемлекеттік және шет тілдері тереңдетіліп оқытылатынын, мұнда 420 тәрбиеленушіге білім беру қарастырылғанын атап өтті. Сонымен бірге, ол мектепті бітірушілердің 80 пайызы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ресей, Беларусь, Түр­кия мемлекеттерінің жоғары әске­ри оқу орындарында білім алып жатқанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда мектепте еліміздің 14 облысынан, Астана, Алматы қалаларынан келген тәрбиеленушілер, 14 ұлттың өкілдері білім алуда. Мектепте тәрбиеленушілердің құрамында же­тім балалар, қамқорлыққа алын­­ған өскіндер, көп балалы отбасы­ның перзенттері, ата-аналары мүге­дек жеткіншектер, әскери қыз­мет­­шілердің балалары бар. Бұлар тәр­биеленушілердің жалпы санының 50 пайызын құрайды екен. Ант қабылдау рәсімі аяқталған соң Қорғаныс министрлігінің өкіл­­дері, ардагерлер, ұстаздар мен ата-аналар сөз сөйлеп, жас ұландарға табыс тілеп, ақ тілектерін арнады. Өз кезегінде ант қабылдаған жас өрендер де Қорғаныс ми­нистрлігінің басшылығы мен ұс­таздарына алғыстарын білдіріп, Тәуелсіз Қазақстанның жас Отан қорғаушылары ретінде талап үдесінен шығатындарына сенім білдіреді. Бұдан кейін оқуға жаңадан қабыл­данған 4-оқу-ротасы ұландарынан құралған көркемөнерпаздар тобы келген қонақтар мен ата-аналарға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Соңында арнайы шақырылған қонақ­тар мен ата-аналар мектептің жалпы жағдайымен танысты. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Астана Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ