• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2016

Ауылыңда ақыл айтар жан қалды ма?

526 рет
көрсетілді

Қамшылар жақ беттен көз ұшында мұнартып Жаман Жалғызтау көрінеді. Жалғызтаудың жамандығын көрген ешкім жоқ. Ырымшыл қазақ жалпақ даладағы ел-жұртқа пана болып тұрған жалғыз тау болғаннан кейін көз тимесін деп «жаман» дей салған шығар. Бұлтсыз, ашық күндері тіпті, айқын, анық көрінеді. Сонау алыстан ноқаттай болып қана. Аттанар жақ бетте көк айдын Шалқар. Балық жүзбейтін, балық түгілі бақа да өрістемейтін, құс қонбайтын өлі көл. Кеңес заманында уран өндіретін кәсіпорынның өндірістік қалдық суларымен ластанған. Ауылға кіреберісте Қонысбай шетелдік жүйрік көлігін тоқтатып, көз таныс, қайда жүрсе де көкірегінің бір түкпірінде айшықты әсем суреттері менмұндалап, қоламтаның шоғындай қыздырып, ауық-ауық ойына оралып, сарытап сағыныштың қатпарын қалыңдататын ұшқан ұясына мейірлене бір қарады. Бүгінгі сапар тіршілік үшін қажетті, болашағын барлаған, отбасының берекесін ойлаған құтты қадам еді. Ұзақ жылдан бері облыс орталығын мекен еткен Қонысбай туған ауылында бірер жылқы ұстамаққа бел байлаған. Балалар өсіп қалды, мал басы керек-ақ. Қой мен сиырдан гөрі жылқыны қолай тұтқан. Оның өзіндік себебі бар. Күні ертең балиғат жасына толған балалары оқу оқыса да, үйленіп, отау құрса да, сойыстық мал керек қой. Тіпті, артылып жатса, жылдағы соғымын айырып отырмай ма?!. Кіреберісте жездесі Есенбайдың қабырғалары көптен сылақ көрмеген, бір кезде ақ болғандығын шатырдың астындағы алақандай жері ғана айғақтайтын үйі көрінеді. Үй жанындағы картоп егетін шарбақтың шетіне «қарақшы» орнатыпты. Сырғауылға көлденең ағаш шегелеп, үстіне қытай костюмін кигізіп қойыпты. Осы қытай костюмінің тарихын Қонысбай жақсы білетін. Осыдан үш жыл бұрын Есенбай жездесі әлдебір құдалыққа барғанда киіп келген. Содан соң үстіне мақтанса үш рет ілсе ілген шығар, көк костюм бой-бой болып, іріп, үлбіреп шыға келді. Содан бері картоп егетін шарбақтың шетіндегі қарақшының үстінде. Екі жеңін екі қалтасына кигізіп қойыпты. Бар міндеті бақшаны көгергенге өлердей өш құстардан күзететін қарақшының кейіпі қарекетсіз мың салса, бір баспайтын жездесінің бүгінгі кейпінен айнымайды-ақ. Жыл он екі ай шыбық басын сындырмайтын Есенбай жездесінің өз уәжі бар. Ол жыл сайын көктемде бір қап картоп егеді. Күзде әлгі еккен жерінен бір қап өнім алады. Содан соң өзі «бір қап ектім, бір қап алдым, никаких затрат» деп қарқ-қарқ күледі. Қонысбай апасының жайдақ шайын ішіп, далаға шыққаны сол еді, көптен көрмеген ауылдастары жиналып қалды. Әдейілеп шақырсаң кемінде екі сағат кешігетін жұрттың қаладан келгенді айналдыратын себептері бар. Бірі келер-кетері жоқ жаңалық естігісі келсе, екіншісі ауылдың жаңалығын жеткізеді. Сөйтіп, ауыл шетінде жаяу жиналыс басталып жүре берді. Әп еткен бетте әңгіменің көрігін қыздырған «Бен Ладен». – Атаңа нәлет, – деді «Бен Ладен» шал. Шын аты – Естемес. «Бен Ладен» қиянқылығына орай ауылдастарының қойған аты. Баяғыда көрші құс фабрикасында тұратын балалары отыз қаздың балапанын әкеліп бергені бар. Инкубатордан шыққан, енесінің бауыр жылуын сезінбеген балапан екеш балапан да ана дегенді ажырата алмайды екен ғой. Құлдыраңдаған күшіктің де, ойнақтаған лақтың да соңынан отызы бірдей еріп, қаңғырып жүре береді. Естемес шалдың айтуына қарағанда, қазаққа құс бағып қажеті жоқ. Ол бар болғырлар есіктің алдын ластайды. Құс саңғырығы у. Одан кейін шөп өспейді. Он күн отыз балапанның азабын көргеннен кейін Естемес шал әлгілерге сірке суы араластырылған су беріп, қырып тастаған. Өз балапанын өзі. Содан бері Есекеңді бүкіл ауыл-аймақ «Бен Ладен» атап кеткен. Әлгі Оразбайдың баласы әкесін ұрыпты. Көкала қойдай қылып сабаған. Ауданнан полиция шақыруға ауылдан ұялып, бетін басып отыр. Бірақ, Оразбайдың өзіне сол керек. Ана жылы совхоз берген тракторға менімен таласты ғой. Көрсін бәлем, кісіге қиянат еткенді. «Бен Ладеннің» дерек-дәйегі, тиянағы жоқ әңгімесін Тоқан шал бөліп жіберді: – Иә, Қонысбай көптен ел бетін көрмей кетіп едің, жай жүрсің бе?!. – Жылқыға бір екі-үш қара қоссам деп едім. – Сол жылқыңнан да береке кетті ғой деймін,–деді малмен көзін ашқан Тоқан шал. – Биыл сіңіріне ілініп, қыстан әзер шықты. Құлын ерткен бірі жоқ. Былтыр күздегі соңғы жауын аязға ілініп жауды. Шөп басына қатқан мұз ішті биелердің бәріне құлын тастатты. Біздің ауылда құлын болмайтын шығар, Бескемпір кеше айғырын сатып жіберді. – Құдай-ау, сөйтті ме, – деді «Бен Ладен». – Апыр-ай, сен нағып естімей қалдың. Осы ауылда құмырсқа қыбырласа, біліп отыратын едің ғой. Бар бие бетіне қарап отырған жалғыз айғыр еді. Одан да айырылдық!.. Қонысбай кейін естіді. Бұл ауыл жүз қаралы жылқыны айғырсыз бағып отыр. Өйткені, жекеменшік адамға айғыр ұстаған тиімсіз. Соңынан құлын ермейді ғой. Ал, қосылып ортадан ақша шығарып, тұқым жаңалауға, үйірге ие болатын айғыр ұстауға сексен үйдің басы біріге бермейді. Әншейінде ағайынға ақыл айтқыш «Бен Ладен» шалдың өзі қарсы болып, елді ірітіп бітіреді. Оның үстіне бұрынғыдай жылқы малын күні-түні бағу жоқ. Аяқты мал емес пе, іргедегі егіс алқаптарына түсетіні, масалап, желдеп кететіні болады. Қазіргінің жылқышысы да еріншек. Түнде бағып, күндіз қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде темір шарбаққа қамап тастайды. Оның ішінде ірісі ұсағын теуіп, мертіктіреді. Сақа биелердің қос аяқтап тепкен тебісі қандай алапат. Тай-жабағы мұнан соң қара күзге дейін оңала алмайды. Егіс алқаптарын орып, жинап алғаннан кейін бір-ақ босатылады. Ол кезде шөптің буыны бекіп, қурап, өлі қауға айналып кетеді. Арғы жағы жылауық жауынмен астасатын қара күз, көп ұзамай қылышын сүйреткен қыс. Қысқа күйсіз түскен мал өлім-жітімсіз және болмайды. Ауылдағы ахуалды естігеннен соң, Қонысбайдың әу бастағы ойы бұзылып сала берді. Дәл мына ауыл мал бағып жарытпас. Көп жыл шетте жүргеннен соң біле бермепті. Бүгінгі ауыл бұрынғы ауыл емес екен. Заманында қызыл кірпіштен салған тамаша клуб бар еді. Әлдебір пысықтар бар болғаны үш теңгеге жекешелендіріп алып, бұзып әкетіпті. Оны айтасыз, іргедегі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Сырымбет ауылында Алаштың біртуар азаматы, ұлт мақтанышы Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай салынған екі қабатты, озық архитектуралық үлгідегі мәдениет үйі жарытымсыз қаржыға сатылып, талан-таражға ұшыраған. Сонда қара ормандай қалың елдің ішінен «ау, бұларың қалай?» дейтін бас көтерер бір ақсақал табылмады. Дүние-мүліктің орны толар. Ауыл­дастарының кеудесіндегі жақсылық оты жалынын өшірген. Сол жері өкінішті-ақ. Қонысбай қарап отырса, қазір алақандай ауылда арақ ішпейтін жан баласы қалмапты. Ата сақалы аузына біткен үлкені де, мектепті кеше бітірген бозөкпе баласы да. Түгел ішеді. Тіпті, бесік тербеткен жас келіндер де. Ананың омырауынан аққан сүтте де аттың өшкір арақтың дәмі бар. Сол арақтың салдарынан ел құлағы естімеген қылмыстар да жасалып жатыр. Әкенің балаға қол көтеруі, талай жас шаңырақтың шайқалуы, бір-бірінің тоқты-торымын, ең аяғы тауығын, тауығының астындағы жұмыртқасын ұрлауға көшкен. Металл сынығын жинап, кәсіп ететіндер анада Жанкелдінің үйіндегі итіне жуынды құятын итаяққа дейін өткізіп жіберіпті. Қонысбай қалаға қайтпақ болған. Апасы тағы да жайдақ шай жасады. Жайдақ шайға «Бен Ладен» мен Тоқан шал ере кірген. Шай үстінде жездесі Есенбай тосын әңгіме бастады. – Қаладағы бала ақша сұратыпты. Ақша болмаса бір тоқтысын беріп жіберсін,–деген көрінеді. – Ақыш-ау, сол бала әбден масыл болып алды. Тоқтыны бермей-ақ қойса қайтеді, өз күнін өзі көрсін. – Етегіме салып әкелген балам жоқ, – деді Ақыш. – Бала болса, өзіңдікі бәрі. Осы ауылдың ұрысы ұрлап жейтін бір тоқты балаңнан артық па?!. «Бен Ладен» шалдың шай кесесіне шамба түсіп кетсе керек. Әншейінде, талғамай жұтатын тентек шал шай қасықпен бозарған шайдың бетінен шамбаны аулап әлек. – Жақсы ырым, – деді Ақыш жай отырмай, – шай бетінен шамба шықса, қонақ келеді. «Бен Ладен» шалдың түрі күзгі боз қырау соққан жүгерідей бозарып кетті. – Тек, – деді ол, – қонақ өз үйіңе келсін. Сағынып келген Қонысбайдың көңілі су сепкендей басылды. Ендігі арада елге бас болар, тұлға болар ақылшының жоқтығына көзі біржолата жетті. Амандық-саулық айтысып, асығыс аттанды. Күн еңкейіп кеткен. Ауылдан шыға бере, қара қорымның жанына тоқтады. Көз байланып келеді. Жаңа жездесі Есенбай шығарып салған. Үй жанындағы картоп егетін шарбақтың ішінде тұр екен. Қарақшының қасында. Өкініштен көзі жасаураған Қонысбай, қайсының қарақшы, қайсының жездесі екендігін анық айыра алмады...  Байқал БАЙӘДІЛОВ  Ақмола облысы