• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2016

Аманатқа адалдық

433 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық музейде Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының 120 жылдығына арналған «Аманатқа адалдық» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгер­ұлының ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегін насихаттау, оның жақсы атын әрдайым халық санасында жаңғыртып отыру бүгінгі тірілердің парызы. Осы орайда Ұлттық музейде өткен дөңгелек үстелдің жастарға берер тағылымы зор болды. Онда аз ғұмырында көп еңбек еткен, соңына мол мұра қалдыра білген әмбебап тұлғаның шығармашылығы әңгіме арқауына айналды. Дөңгелек үстелге қатысқан белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Қошкені бүгінгі күні қай бағытта тану керек деген мәселеде өз тұжы­рымдарын паш етті. «Бүгінгі күні Ұлттық музейдің Алаш зиялыларына қатысты залдары бар. Сонда Қошкенің біраз дүниелері қойылса болар еді деп ойлаймын. Екіншіден, бұл музейдің бір ерекшелігі, қылқалам шеберлерінің туындыларына көп орын берілген. Өткен ғасырдың басында ұлт мәдениетіне ерекше үлес қоса білген Қошке Кемеңгерұлы, Жұмат Шанин сияқты азаматтардың бейнелері салынса, бұл да тұлғаларды халық жадынан өшірмеудің бір жолы болар еді»  – деген профессор Қ.Кемеңгерұлының қазақ руханиятындағы, ғылым-білімін­дегі орны, реформаторлық қасиеті жайлы тұшымды ойларымен бөлісті. 1926 жылы 13 қаңтарда Қызыл­ордадағы ұлт театрының шымылдығы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен ашылғаны белгілі. Сол дәуірде пьесаға неше түрлі пікірлер айтылғаны да тарих беттерінде қаттаулы. Ал бізге бүгінгі күн биігінен айтылған ойлар қызығырақ көрінетіні рас. Бұл тұрғыда   белгілі тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың ой-пікірі былайша өрбіді: «Қошкенің атын естігеніміз болмаса, біз оның шығармаларын кейінірек білдік. 1996 жылы кітаптары шыға бастады. «Езілген ұлттар хақында», «Қазақ тарихынан» деген тарихқа қатысты шығармалары бар. Бірақ мен оның «Алтын сақинасына» қызықтым. Мен осы шығармаға интерпретация жасап көріп едім. Қай заманда көркем әдебиет деңгейі астарына қарап бағаланатынын білесіздер. Сол астарды іздедім» – деген ғалым пьесаның сол кездің өзінде ене бастаған гендерлік саясатты құптамаған шығарма екенін баяндады. Дөңгелек үстелде сөз алған Еу­разия ұлттық университеті қазақ әде­биеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұлов Қошке Ке­меңгерұлы шығармашылығындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – білім тақырыбына арналған мақалаларына, олардағы жаңару мен жаңғыруға бас­тайтын жігерлі идеяларына шолу жасады. Профессор Алаш ардақтыларының барлығы да ренессанстық тұлғалар болғанын, ұлттық құндылықтарды бас­ты орынға шығарғанын баяндады. Дөңгелек үстелге Қошке Кемеңгер­ұлының ұрпақтары – Қайырбек Кемеңгер, Ризабек Кемеңгеров, Нұрания Шамшуалиевалар қатысты. Тектінің тұяғы, ардақты азаматтың немересі Ризабек Кемеңгеров Қостанай облыстық драма театрының режиссері Ерсайын Төлеубайдың «Алтын сақи­наны» қоймақ ниетін жариялады. Ол сондай-ақ, жиналғандардың назарын Қошке Кемеңгерұлы шығармаларының орыс тіліне тәржімаланбағанына аударды. «Атамның «Қарашаш» атты бір ғана әңгімесін аударып көрдім. Бірақ бұл жеткіліксіз. Болашақта Қ.Кемеңгерұлы шығармаларының орыс тіліне аударылуына көңіл бөлінсе» – деді ол. Айта кетейік, дөңгелек үстелге аталмыш ғалымдардан, Қошке ұрпақ­тарынан тыс Еуразия ұлттық университетінің магистранттары, Еуразиялық Гуманитарлық институттың студенттері, Астана қаласы №49 мектептің 10-сынып оқушылары қатысты. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»