• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2016

«Хат қоржын»

441 рет
көрсетілді

Оқырман ...қуанышын бөліседі

Тәжікстанда «Шымкент» шағын ауданы бой көтерді

 Биыл бұрынғы одақтас республикалардың, қазіргі егемен елдердің барлығында дерлік мерейтойлы жыл. Осы орайда Қазақстан­ның Тәжікстандағы елшілігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, Душанбе және Ходжент қалаларында бірқатар ресми, мәдени және салтанатты іс-шаралар өткізді. Соның бірі – тамыз айының соңында Тәжікстандағы біздің  елші­лік осы елдің Соғди облысы, Ходжент қаласының басшылығымен келіссөздер өткізіп, бизнес өкілдерінің іскерлік кездесулерін ұйымдастырды. Тәжік ағайындар біздің елімізге деген достығы мен құрметінің белгісі ретінде Ходжент қаласында жаңадан бой көтерген шағын аудан бөлігіне «Шымкент» атауын беріп, оның ашылу рәсімі шын ниетті көтеріңкі көңіл күйде  өткізілді. Осылайша, Шымкент-Ходжент қалаларының бауырластық мәртебесі бұрынғыдан да беки түскендігінің куәсі болдық. Ходженттегі берекелі кездесулер аяқталған соң Душанбеде С.Айни атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында  ОҚО өнер шеберлерінің салтанатты концерті жоғары деңгейде өтіп, жергілікті халықтың қошеметіне бөленді.  Мұхтар КӘРІБАЙ, Душанбе ...қолдау күтеді

Есенжанов есімі лайықты

Елімізде өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болар тұлғалар жеткілікті. Солардың бірі – Хамза Есенжанов десек, қателеспейтін шығармыз. Оның «Ақжайық» трилогиясы әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Жайық жұртшылығы көрнекті жазушының туғанына жүз жыл толу мерекесін осыдан жеті-сегіз жыл бұрын лайықты түрде атап өтті. Сол кезде облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына аталған жазушының есімін беру жөнінде ұсыныс-тілектер айтылған болатын. Халықтың бұл тілегі қоғамдық ұйымдарға жеткізілді. Обалы не керек, жергілікті басқару органдары да бұған түсіністікпен қарады. Осылайша 2014 жылы республикалық ономастикалық комиссия Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына Хамза Есенжановтың есімін беру жөнінде тиісті шешім де шығарған еді. Алайда, кейінгі жылдары ономастика саласында болған мораторийлерге байланысты мәселенің түбегейлі шешімін табуы тежеліп тұр. Бүгінгі таңда мораторий алынғаны белгілі. Сондықтан осы мәселенің заңды-құқықтық мәртебесін негіздеуде Үкімет тарапынан қолдау күтеміз.  Алтынбек ӘБДІЛМАНОВ, Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Орал ...сүйсініс білдіреді

Бойтұмар болар ұлағатты сөз

Тіл жөнінде небір асыл сөздер бар. Ұлы тұлғаларымыз Абай, Мағжан, Мұхтар Әуезовтен тартып, өз заманында ардақты азаматтарымыздың ұлт тілінің қадір-қасиетін өсиет етіп жазып кеткенін ардақ тұтамыз. Ал мына ұлты басқа Асылы Осман апайымыз қазақ тілінің қадірін тайға таңба басқандай етіп айта біліпті. «Қазақ деген жан-жағына қамқоршы болып жүретін халық қой, ол кезінде артта қалғанды алға жетелеп, жалаңаш қалғанды киіндірді, аш қалғанның қарнын тойдырды, енді бүгін біз неге сол қазақтың тілінің дамуы үшін сен, мен деп бөлінбей түгел қауым болып жұмылмаймыз? Осыған қаншалықты ақыл керегін түсінбеймін. Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!»... Бұдан артық ұлағаттың керегі жоқ. Мен сияқты өмір табалдырығын енді аттамақ ұрпақ бұл қанатты сөзді бойтұмар етіп тағып алсақ артықтық етпейді.  Заманбек МҰХАМЕТХАНОВ, Д.Бабаев атындағы 115-мектептің 11 сынып оқушысы Алматы  ...жаңалығын жеткізеді

Жібек жіп иіретін цех ашылды

Шымкенттік жеке кәсіпкер Оразкүл Бүкірова жібек құртын өсіруді қолға алып, осылайша үзіліп қалған үрдісті қайта жандандырмақ. Кезінде Сайрам ауданында табысы көп осы кәсіппен біраз азаматтар айналысып, оны өндіретін орталық болмаған соң іс аяқсыз қалған еді. Жібек жіп иіретін цехы бар әйел енді бұл бастаманы соңына дейін жеткізем деп отыр. Тіпті, мата және кілем тоқуды қолға алмақ. Сәтін салса, жібек матадан тігілген сәнді отандық өнімді киетін күн де алыс емес. Қолынан іс келетін кәсіпкер алдымен жібек құрттары жапырағын жейтін тұт ағашын көптеп егіп, арнайы плантация жасапты. Қазірдің өзінде 21 гектар жерге тұқымбақ әзірлеп үлгерген. Көшетті кейін сол жерден алып көбейте бермек, әрі облыстың ауа райы да құрттың бұл түрін өсіруге өте қолайлы. «Жібек дүние жүзінде өте қадірленеді, оны білесіздер. Жібектен жасалған маталар, жібектен жасалған бұйымдар көп жерде қолданылады. Жібек талшық қорғаныста, медицина саласында пайдаланылады», – дейді кәсіпкер Оразкүл Бүкірова.  Аман БОЛСЫНОВ Шымкент  ...тілегін жеткізеді

«Қамқор» орталығы ашылды

Елбасы арнаулы әлеуметтік қызметтердің баламалы үлгісімен жұмыс істеуді тапсырған болатын. Күні бүгінге дейін осы бағытта арнаулы қызмет көрсетуге жеке секторларды тарту жұмысы жүруде. Осы орайда 3 қазан күні аудан орталығында аудандық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазталов» қоғамдық ұйымымен келісімшартқа отырып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан псих-неврологиялық ауруы бар мүгедектерге қызмет көрсететін «Қамқор» орталығы ашылды. Орталықта 18 жасқа дейін және 18 жастан асқан адамдарға арналған екі кабинет жұмыс жасайды. Орталық қызмет алушыларға күндізгі жартылай стационарлық түрде 4 сағаттық қызмет түрі көрсетіледі. Арнайы мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс жасайтын орталықта жұмыс кестесіне сай арнаулы 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсету жолға қойылған. Қайрат ЖАҚЫП Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы