Қазіргі заманда жүкті әйелдер ультрадыбыстық зерттеу аппараты арқылы іштегі сәбиінің жай-күйін алдын ала біліп отыратын болды. Техника мен технология дамыған заманның бір жетістігі осы. Еліміздің қай-қай жерінде болмасын жүкті келіншек өзі тіркелген емхана арқылы міндетті түрде екі рет ульрадыбыстық зерттеуден өтеді. Өзі толқып, қорқып жүргенде «бәрі жақсы» десе, төбесі көкке жетердей қуанып, ал бұлыңғыр жайтты естігенде жылап, мазаң күйге түсетін келіншектерді көзіміз көріп жүр.
Мысалмен сөйлейік. Жуырда Павлодар облысы, Өлеңті ауданының, Бозтал ауылында тұратын таныс келіншекті жүктіліктің төртінші айына аяқ басқанда аудандық емханадағы гинеколог: «ішіңдегі баланы алдыр, УДЗ қорытындысы нашар шықты. Тез Астанаға жөнел»-деп тығырыққа тіреген көрінеді. Ол қайынсіңлісін ертіп, сол күннің ертесіне-ақ біздің үйге келді. Өзі жылап отыр. «Екі баламның кішкентай екенін өздерің білесіңдер ғой. Адам болмайтын болса алдырып-ақ тастайын. Ертең өмірге дені сау боп келмесе мені кінәлап жүрер» – деп қояды. Жолдасым екеуміз оған басу айттық. «УДЗ қорытындысы нашар екен деп адам боп қалған баланы алдырып тастауға бола ма екен? – дедім мен. – Ең дұрысы, осында қайтадан УДЗ-ге түсіп көр». Сөйтсек, аудандық УДЗ қорытындысын емхана гинекологы келіншектің қолына бермеген. Ақылы емдеу мекемесіне барып баланы алдыртасың деп Астанаға сілтеп жіберіпті. Сонымен мен ол келіншекті алып «Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ауруханасына бардым. Қайтадан УДЗ-ге түсірттім. «14 апталық жүктілік. Жақсы дамып келе жатыр» деген қорытындыны қолымызға ұстатты. Оның алдындағы қорытындыдан жүрегі шайлыққан келіншек: «аяқ-қолы бүтін бе, жүрегі жақсы соға ма?» – деп қайта-қайта сұрап қояды. «Бәрі жақсы» деген жалғыз ауыз сөзге көңіл тоғайтып, сол жердегі гинекологтардың бірінің қабылдауында болдық. Ол кісі де біздің көңілімізді орнына түсіріп, әрі 12 аптадан асып кеткен баланы алдыруға болмайтынын, алдырса, ол келіншектің денсаулығына кері әсерін тигізерін айтып бізді шығарып салды.
Бұл бір мысал. Мұндай мысалдар жеткілікті. Осыған ұқсас жайттар өзіміз жақын араласатын, үйге келіп-кетіп жүрген талай келіншектің басынан өтті. Оның бәрін тізбелеп жату міндет емес. Бір ғана нәрсеге баса көңіл аударғым келеді. Біз тікбақай халық емеспіз. Түймедейден түйедей нәрсе шығару да біздің табиғатымызға жат. Оның үстіне ежелден-ақ, жүкті келіншектерді әжелеріміз, апаларымыз аялап, көңіліне тиетін сөз айтпай, ауыр нәрсе көтертпей, тіл-көзден сақтап отыратын болған. Себебі, ол Алланың аманатын, ұлттың болашағын көтеріп жүр деп түсінетін. Тіпті, олар босанатын кезде ер адамдарды жолатпайтын болған. Өйткені, ер адамнан қысылған келіншек босана алмай қиналады екен. Біз бұл жағдайларды кітаптан оқып білдік. Осы салт қазір де жоғалып кете қойған жоқ. Жөн білетін, жол білетін апаларымыз бен жеңгелеріміз осы салтты өзі де ұстап, одан көргенді біз де көңілге тоқып жүрміз. Ал енді, денсаулық сақтау мекемелеріндегі әлгіндей жағдайлар көңілімізге қатты қаяу салады. Біреудің үкілеген үмітін кесу табиғи мінез-құлқымыздың бұзылғаны деп түсінемін. Сап-сау баланы «алдыртып таста» деу оның ата-анасын қаншалықты жаралайтыны өз алдына, біраз келіншектерге «балаңның миында ісік бар, бүйрегінде сарысу толып тұр, бір аяғы қысқа» деген сұмдықтар да айтылып жатыр. Еліміздегі УДЗ-лер жұмыс істеп тұрғанда тікбақай, сазбет дәрігерлердің аузымен ондайдың талайы айтылатынына күмәніміз жоқ. Адамгершіліктің қарапайым қазақы қағидаларын білмейтін дәрігерлердің ұлтқа кесірін тигізетіні ғана жанымды ауыртады.
Айгүл СЕЙІЛОВА.