Еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті қарапайым халықтың көкейкесті мүдделерін қозғаған өткір тақырыптарға қалам тарта бастады. Оған газеттің биылғы 11 тамыз күнгі санында жарық көрген журналист Жылқыбай Жағыпарұлының «Девяткодан Дүйсеноваға дейін» деген мақаласы толық дәлел бола алады. Мақала бүгінде дәрігерге сенімін жоғалта бастаған халықтың ащы мұңын ашық көрсетіпті.
(«Егемен Қазақстан»,
№153. 11 тамыз, 2016 жыл)
Автор Жылқыбай Жағыпарұлы денсаулық сақтау саласының «сырқаттарын» дөп басқан. Міндетті әлеуметтік медицинаны сақтандыруға қатысты оның «Қолда бар білікті кадрлар мен мемлекет қаржысына алынған қымбат заманауи қондырғыларға иелік жүргізе бастаған денсаулық сақтау саласының жаңа байшыкештері әділетті жүйенің тамыр жаюына кедергі келтіріп бағатыны анық» дегенінің өзі-ақ түсінген жанға талай нәрсені меңзеп тұр.
Мұны журналист өз басынан өткізген машақатпен дәлелдеген. Жекеменшік медициналық орталықтардың біреуінен бастап, әрі қарай басынан өткерген сергелдең жайында оқып отырып, жағаңды ұстамасқа амал қайсы? Алдына келушілерден ең алдымен тек ақша дәметкен дәрігерлермен біздің еліміз алысқа бармайды. Осы бізде медициналық мекемелер денсаулықты сақтаушы ма, әлде денсаулықты қорлаушы ма? Кабинеттен кабинетке барған сайын қалтасын қаққан емделушіде не күй қалсын? Яғни, ол «мынаған ақшам жете ме?» деген уайымның өзінен-ақ шаршап кетпей ме? Көлемді мақаладан түйген ойымыз осы. Демек, адам денсаулығын саудаға салған жекеменшік медициналық мекемелер толық тексерілуге тиісті. Дұрысының дұрыс екені айтылып, бұрысы бұрыс екені жалғанның жарығына шығуы қажет. Ал «бұрыс» дегеніңе шаш жетпейтінін айтып жату артық шығар. Прокуратура органдары өздерін осындайда көрсетпегенде, басқа қашан деп ойлаймын. Заң сақшыларын мына мақала бейжай қалдырмауы керек.
Көкейкесті мақалада айтылған келеңсіз кемшіліктер қағаз жүзінде қалмауы керек. Тиісті органдар және Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мақалада келтірілген мәселелерге байланысты газет арқылы халыққа нақты жауап беруге тиіс. Сондықтан қолыма қалам алып, мақалаға үн қосуды парыз санадым.
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,
«Егемен Қазақстанның» байырғы оқырманы
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы,
Чапаев ауылы