• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Министрлік айықтырғаштар санын көбейтуді көздейді

229 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің 8 күнгі санында Александр Тасболатовтың «Абайлаңыз... айықтырғыш!» тақырыбымен материал жарияланған болатын. Онда мемлекет тарапынан ішімдікке қарсы күрестің жүргізудің түрлі амал-әрекеттері тиісті заңнамалық негізде жасалып жатқанымен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отырғаны жайында жазылған болатын. Енді міне, осы мәселеге байланысты ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев медициналық айықтырғыштарға қатысты арнайы түсіндірме жасады. Құзырлы орган өкілі өз мәлімдемесінде 2010 жылы 32 медициналық айықтырғыш (қазіргі уақытта Уақытша бейімдеу және оңалту орталықтары) денсаулық сақтау органдарының құзыретіне тапсырылғандығын және бұл ретте мас адамдарды тиісті орындарға жеткізу функциясы ішкі істер органдарының құзыретінде қалдырылғандығын айтады. Сонымен қатар, ол: «ел ішінде осындай 29 орталық жұмыс істейді, оларда барлығы 598 төсек-орын болғанымен, қажеттілік толық қамтамасыз етілмейді. Біз қолданыстағы орталықтарды 240 төсек-орынға кеңейтуді ұсынамыз және 595 төсек-орынды қамтитын қосымша тағы да осындай 38 орталық ашуды ұсынып отырмыз», – деді А.Садубаев. Оның айтуынша, мұндай мекемелер барлық аудан орталықтарында болған. Қазіргі уақытта олар тек қалалар мен облыс орталықтарында жұмыс істейді. ІІМ мұндай орталықтармен еліміздің барлық аудандарын қамтуды көздеп отырған жоқ. Ал кейбір жекелеген үш-төрт аудан үшін бір орталық бөлсе, жеткілікті болады деп санайды. Сондай-ақ ІІМ-нің өкілі өзге проблемаға да тоқталды. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік қамауға алу туралы сот шешіміне дейін полиция маскүнемді үш сағат қана ұстай алады. «Мысалға, күйеуі үйінде жанжал шығарса, әйелі полиция шақырады. Үш сағат өткеннен кейін оны үйіне жібереді. Одан әрі ол мастығынан айықпастан отбасының берекесін қашыруы да мүмкін. Сондықтан мас күйіндегі адамды мәжбүрлі емдеуге ресімдеу және жіберу рәсімдерін өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеудеміз», – дейді А.Садубаев. Айта кетейік, қазіргі уақытта мас күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны шарықтау шегіне жетіп тұр. Ағымдағы жылдың 9 айында мас күйде 14 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған болса, өткен жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 12,7 мыңды құраған. Сонымен қатар, мас күйде құқықбұзушылық жасағаны үшін ұсталған адамдар саны да күн санап артып келе жатқанын статистикалық деректер растайды.