• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2016

Министр блогердің Фейсбук арқылы жолдаған сұрақтарына жауап берді

269 рет
көрсетілді

Жуырда фотограф, блогер Максим Рожин Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке табиғатты қорғауға байланысты қабылданған шешімдерге қатысты мынадай төрт сұрақ жолдаған болатын. «Біріншіден, бекіре балықтарын ғылыми мақсаттар үшін аулауды тоқтатып жатыр екенсіз. Бәлки, мен мәселеге тереңдей алмай жатқан шығармын. Бұл шешімнің негізі неде? Екіншіден, қытай ауларын сатуға және тасымалына тыйым салыпсыз. Себебі қытай торларының біз білмейтін зиянды жақтары бар ма? Үшіншіден, орман өрті жүріп өткен алаңдардағы ағаштарды кесуге тыйым салып жатыр екенсіз. Яғни, санитарлық мақсатта кесуге тыйым. Өрттен не қалады дейсіз. Қисынға салсақ, бұл тиімсіз емес пе? Төртіншіден, қару-жарақ дүкендерінде аңшылық маусымы жоқ кезде, оқ сатуға тыйым салу туралы мәселе көтеріпсіз. Сонда, барлық оқ-жарақтарға ма, әлде белгілі бір оқ-дәрінің түріне ме?». Министрліктің Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Әбдіхалықов Министрдің жауабын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. «Бірінші сұрағыңызға байланысты айтарым: Бекіре балығы Қызыл кітапқа енген және жойылып кету қауіпі бар балық түрі болып саналады. Сондықтан, Бекіре балығын өндірістік аулауға тиым салынған болатын. Алайда, тек ғылыми зерттеу мен қадағалау мақсатына 10% мөлшерінде квотаға рұқсат етілетін. Өкінішке қарай, осы квотаны пайдаланған браконьерлер теңізде тиым салынған жерде балық аулауды тоқтатпай отыр. Сондықтан, Бекіре балықтардың көбеюіне тосқауыл болып отырған осы «саңылауларды» барынша тез жапқанымыз жөн деп білемін. Екінші сауалыңызға келсек, бұл Қытайдан тасымалданатын халық арасында «қытай торы» атанып кеткен аудың бұл түрі нағыз табиғаттың қас жауы. Бұл аулар шірімейтін химиялық моноталшықтардан жасалады және бір-ақ рет пайдаланылады. Материалына байланысты экологиялық зиянын айтпағанда, судағы балықтарға шатылып келтіретін залалы да орасан. Әртүрлі су қоймаларында олардың барлығы тонналап жиналып, балықтар қырылуда. Су электр станцияларына да өте қауіпті. Қытайдың өзінде де, бұл ауларға тыйым салынған. Мәселен, ведомстваның инспекциялары заңсыз орнатылған және лақтырылып тасталған ауларды тазалау үшін күн сайын тексеріс жүргізуге мәжбүр болып отыр. Ал браконьерлер үшін мұндай аулар арзан. Сол себептен, тиісті бұйырық қабылданды. Үшіншіден, сіз көтеріп отырған мәселе – табиғат анамыздың төл баласы – тал-дарақтарға байланысты. Таратып айтсам, «санитарлық мақсатта ағаш кесу» деген ұғым бар. Яғни орман өрттері орын алған аймақтарды қайта қалпына келтіру мақсатында ағаштар кесіледі. Әсіресе, бұл қылқан жапырақты қарағай сынды ормандарға қатысты. Бұл жерде өртенген ағаштың қабығы жарамсыз болғанымен, іші бүтін болады. Сол себептен, оны әдейі өртейтіндер бар. Бұл сондай жағдайларды болдырмас үшін жасалып отырған шара. Бұған қоса, сексеуіл ағаштарын қорғауға бағытталған тиісті шешім қабылдадық. Онсыз да орманы аз еліміз. Оңды-солды отауға жол берсек, киелі табиғат, келер ұрпақ бізді кешірмейді деп ойлаймын. Cіздің оқ-дәрілерге байланысты төртінші сұрағыңызға келсек, бұл табиғатты қорғаумен қатар, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне де тікелей байланысты мәселе дер едім. Жалпы, ережеге сәйкес белгілі бір мерзімде «аңшылық маусымы» жарияланады. Осы уақыт аралағында оқ-дәрі сататын дүкендердің саудасы қызып, аңшылар арнайы рұқсатпен бұйырған аң-құсын аулауға шығады. Бұл заңды құбылыс. Ал, енді осы аңшылық маусымы жабық мерзімде, яғни рұқсат етілмеген кезеңде де оқ-дәрі сату тоқтамайды. Сонда, бұл оқ-дәрілердің барлығы қайда кетіп жатыр? Міне, қарама-қайшылық! Қалай десе де, бұл ұсыныс жыл он екі ай браконьерлікпен айналысатындарға аз да болса, тосқауыл болмақ. Өз кезегінде, бұл шешімді де, қалың көпшілік оң қабылдайды деген ойдамын» делінген жауапта. Сонымен қатар Асқар Мырзахметов табиғатқа жаны ашитын, өз елінің патриотымын деген азаматтарды осы ұйғарымдардың орындалуына атсалысуға және қандай да бір заң бұзушылықтарды байқаған жағдайда дер кезінде хабарласып, төл табиғатымызды қорғауға бей-жай қарамауға шақыратынын айтты.