Қазіргі уақытта әртүрлі заманауи баспа құралдарының прогрессивті дамуына байланысты жалған ақша жасау фактілері де жиі орын алуда. Таяу күндері Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жүргізу саласының қызметкерлері жалған ақша жасау фактісіне байланысты тағы бір қылмыстық әрекетті әшкереледі.
Оперативті іздеу шаралары барысында Алматы қаласының «Думан» шағын ауданының Қызылжар көшесінде мемлекеттік нөмірі 664 КНА 02 «Nissan Ceiro» автокөлігі күдікті жағдайда тоқтатылды. Көлікті тінту барысында ішінен номиналы 2000 теңгелік 46 дана жалған ақша табылды.
«Автокөлік ішінде отырған Қазақстан азаматтары Б.С.Баймолдин мен И.В.Мойкиннің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту жұмыстары кезінде компьютер, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 359 дана 2000 теңгелік жалған банкноттары, А4 форматына шығаруға дайындап қойған 2000 теңгелік 90 дана ақша нұсқалары, басқа да жалған ақша жасайтын қағаз қиындылары табылды. Аталмыш факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 231 бабының 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, Алмалы аудандық сотының қарауына тапсырылды» Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы Бекен Нұрахметов.
Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтар сауда-саттық кезінде жалған ақшаны номиналы бірдей нағыз банкноттардың ішіне қосып береді. Мұндайда сатушы көп жағдайда жалған ақшаны таза номиналдан ажырата алмай қалады. Кейіннена жалған ақша анықталғанмен, оны кімдердің қолынан алғанын ажырату қиынға соғады. Мұндай әрекеттер негізінен тауар айналымы дамылсыз жүретін сауда орындарында жиі орын алады.
Сондықтан да қылмыстың аталмыш түріне қарсы күрестегі ең бірінші қорғаныш – әркімнің өзіндік сақтық шаралары дейді мамандар. Алаяқтыққа қарсы күрес қоғамдық сипат алғанда ғана оңды нәтиже берері сөзсіз. Сонымен қатар, жалған ақшамен алаяқтарға алданып қалған жағдайда, шұғыл түрде тиісті құқық қорғау органдарына хабарлауды естен шығармаған абзал. Себебі, жедел хабарланған қылмысты ізін суытпай әшкерелеудің мүкіндігі мол.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».