Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов өзі оқыған №54 мектепке барып, дене шынықтыру сабағын өткізді. Чемпионмен қатар, мектеп оқушыларына «Астана» президенттің клубының спорт менеджері Юрий Мельниченко мен «World class» фитнес клубының ұстаздары сабақ берді.
Сабақ жүргізу кестесіне сай, спортшылар алдымен дене шынықтыратын жаттығуларды, сондай-ақ, фитнестегі соңғы жаттығуларды көрсетіп шықты. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов спорт адам денсаулығына қажетті факторлардың бірден бірі екенін көрсетті, деп хабарлайды «Астана» президенттік клубының баспасөз қызметі.
«Дене шынықтыру пәнінде балалардың денесін шынықтыратын жаттығуларға көп көңіл бөлген жөн. Біз бүгінгі сабағымыздың басында және сабақтың соңына қарай дене шынықтыратын жаттығуларды үйреттік. Ол жаттығулардың біразын мен күнделікті жатығуларымның арасынан қосқамын. Жалпы, дене шынықтыру балалардың білімін дамытып, денсаулығын нығайту үшін ең керек пәндердің бірі. «Дене шынықтыру» жобасының арқасында балалар спортқа бас бұрып, дені сау ұлт тәрбиелейміз деген ойдамын. Шынын айтсам, бір топ баламен жұмыс істегеннен гөрі, жеке-жеке дайындаған ұнайды. Бірақ, міне, бүгін сабақ жүргізе отырып, мұалімдердің қадірін, жұмыстарының оңай еместігін түсіндік»,-деді Д.Елеусінов.
Президенттік клубтың менеджері Юрий Мельниченко мектеп оқушылары спортқа мықтап кіріссе, болашақта Данияр Елеусінов сияқты чемпион болатындарына сенім білдірді.
Айта кетейік, «Дене шынықтыру» жобасы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен басталған жоба және балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру мен спортқа шақыратын бастама.