• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2016

Әлемде күн сайын 25 мыңнан аса адам аштықтан өледі

786 рет
көрсетілді

Бүгін, яғни, 17 қазан – Халықаралық кедейшілікпен күрес күні. Бұл күн әлемнің көп елінде аталып өтеді. 17 қазанды Халықаралық кедейшілікпен күрес күні деп белгілеу туралы шешім 1992 жылдың 22 желтоқсан күні БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарары негізінде ресми түрде қабылданған. 1993 жылдың 17 қазанынан бастап, осы күн аясында жыл сайын арнайы шаралар ұйымдастырылып келеді.  Биыл бұл датаға –  24 жыл. Бұл күннің тарихы қандай? 1948 жылы Париждегі Trocadero алаңында Адам құқығы жөніндегі Жалпыға ортақ декларация ратификацияланады, 1987 жылдың 17 қазаны күні 100 мыңнан астам адам сол алаңға кедейшіліктен, зорлық-зомбылықтан, аштықтан зардап шеккен жандарды еске алу үшін жиналады. Алаңға жиылған қауым «қайыршылық адам құқығын аяқ-асты ету, ал кедейлердің құқығын қорғау үшін бірлесе күш біріктіру қажет» деген ойларын айтып, сол күні ашылған ескерткіш тақта-тасқа осы өтініш-тілектерін жазып қалдырады. Кейін мұндай ескерткіш-тақталар әлемнің көптеген қаласында ашылады. БҰҰ-ның соңғы мәліметтеріне сүйенсек, күн сайын аштықтан 25000 адам өлім құшады екен, олардың басым көпшілігі – балалар. Жер шарының 1 млрд-қа жуық тұрғыны күн сайын шамамен 1 долларға ғана күн көрсе, 2,5 млрд адамның күнделікті кірісі бар-жоғы  2 долларды ғана құрайтын көрінеді. Бүгінде әлемде 48 кедей ел бар, олардың басым көпшілігі, яғни 33-і Африкада орналасқан. 2016 жылғы көрсеткіш бойынша, дүние жүзіндегі ең кедей ел  Африкадағы Орталық Африка республикасы. Бұл елде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 542 доллар шамасында ғана. Тұрғындардың 48 пайызы ғана орта мектепті тәмамдаған. Ал ең кедей елдердің қатарында тұрған мемлекет бұл тізімнен шығу үшін өзінің ішкі жалпы өнімін 900 долларға дейін көтеруі керек екен. Ләйла Еділқызы