Кентау трансформатор зауыты өзінің бастауын 1959 жылдан алады. Зауыт тарихында ең алғашқы ТМ-180/10 трансформаторы конвейерден 1960 жылдың 10 маусымында шығарылған екен.
2005 жылдан бастап «Халық тұтынатын тауарлар» аталымы бойынша «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік тауары» марапатына ие болған КТЗ содан бері биігінен аласарған жоқ. 2012 жылы «Алтын сапа» республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Әлемнің бірқатар мемлекеттерімен іскерлік қарым-қатынастағы КТЗ жақында тұңғыш рет 80 мегаваттық трансформаторды құрастырып шығарды.
– Бұл тарихи жаңалық, – дейді Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев. – Өйткені, бұған дейін зауыт ең мықты дегенде 63 мегаватт болатын трансформаторлар дайындап келген. Егер жаңа трансформатордың қуатын байқағыңыз келсе, ол Кентау сияқты оншақты қаланы жарықпен толық қамтамасыз ете алады.
Зауыт басшылығы жаңа трансформаторға қазірдің өзінде тапсырыстар түсіп жатқандығын айтады. Қазір КТЗ толықтай жаңғыртудан өтіп, автоматтандырылған. Өндіріс көлемі жиырма жылда жиырма есеге өссе, өнім көлемі межелеген жоспардан асып, 11 млрд теңгеге жеткен. Былтыр экспорт көлемі 33 пайыз болса, биыл 40 пайыз болды. Тапсырыс берушілердің қатарында бұрыннан әріптес болған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен бөлек, биыл Белоруссия мемлекеті қосылды.
Әлемдік дағдарыс жұмысы жолға дұрыс қойылған, бүгінгі күн талабымен үндесетін кәсіпорын үшін қорқынышты емес. Кентау трансформатор зауытының басшылығы 2017 жылдың алғашқы айларына дейін тапсырыс алып қойғандарын айтады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы