«Медеу» мұз айдынында сырғанақ маусымы ашылды
Биылғы жаңа маусымның ашылу салтанаты Универсиадаға 100 күн қалуы қарсаңында өтуімен ерекшеленді. Санаулы айлардан кейін бұл мұз айдыны 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада нысандарының біріне айналады.
Бүгінде әлемнің 56 елі алдағы жарысқа өздерінің қатысатындықтарын растап үлгерді. Ойындар кезінде 8 нысанда спорттың 12 түрі бойынша 2 мыңға жуық спортшы 86 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарысты әлемнің 40 телеарнасы арқылы миллиардтан астам телекөрермен тамашалай алады.
Салтанатты шарада қала әкімі Бауыржан Байбек актер, кинорежиссер Нұртас Адамбайға, шоумен Мұрат Мұтырғановқа және байкер Дмитрий Петрухинге Универсиада елшісі сертификаттарын табыс етті.
Мұз айдынының әкімшілігі биыл жалға берілетін конькилердің саны 2 мыңға дейін артқанын айтты. Соның арқасында мұнда коньки қоры 5 мыңға жеткен. Демалушылардың жайлылығы үшін дәмді стритфуд пен ыстық шоколад немесе кофе ұсынатын жаңа 15 дәмхана жұмыс істейді. Кіру және жалға алу құны, сырғанау уақыты өзгеріссіз қалған.
Айтпақшы, Универсиада билеттері 21 қазаннан бері сатылып жатыр.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ
АЛМАТЫ