• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Жоғары мектеп жетістіктері

642 рет
көрсетілді

Жоғары оқу орнында бі­лім алғысы келетіндер көп. Себебін сараптап көргенбіз. Студент­тер­мен сөйлестік, ата-аналарынан сұрадық, кішігірім сауал­нама жүргіздік. Сондағы біл­геніміз, оқу орнының білім беру саласындағы рейтингісіне қа­рап таңдау жасаған жастар көп екен. Жоғары оқу орнындағы ма­мандықтар мен сапалы білім туралы ересектерден естіп, ақпарат құралдарынан біліп келгендер де аз емес. Университеттің тарихын түсіндіріп, көптеген түлек­терінің лауазымды қызмет атқарып жүр­генін айтып, кеңес берген ата-ананың ықпалымен құжатын тап­сырғандардың да қарасы көп. ҰБТ-дағы жинаған балы бойынша таңдаған мамандығы сәйкес келіп қалғандары да баршылық. Қысқасы, «әйтеуір диплом алсам болды» немесе «алса болды» деген пиғылдағыларды кездес­тірмегенімізге қуандық. Иә, біз әңгіме еткелі отырған білім ордасы еліміздің үздік жоғары оқу орындарының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті. Алда айтып өткеніміздей, жастар үшін өз­дері қалаған мамандықтары бо­йын­ша жоғары оқу орнын таң­дауда рейтингтің маңызы зор. Универ­ситеттердің рейтингі талап­кер­лердің ЖОО таңдауына ықпал жасайтын басты фактор болып отыр. Білім беру саласындағы бағалау сапасына қойылатын та­лаптар да өсуде. Осы орайда айта кетелік, әлем­дік жетекші агент­тіктердің бірі «QS World Unіversіty Rankіng» жария­лаған 2016 жылдың рейтингісі бойынша ОҚМУ 601-ші орынды иеленді. Әлемнің 4322 жоғары оқу орындары арасындағы бәсекеден 601-ші орыннан көріну жақсы нәтиже. Рейтингке Қазақстаннан ОҚМУ-дан басқа 7 жоғары оқу орны еніп отыр. Көпбейінді ЖОО рейтингінің қорытындысы бойынша биылғы жылы да жетекші ұлттық университеттер алдыңғы орыннан кө­рін­ді. Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университеті жә­не Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті бірінші орын­­ды бөліссе, алдыңғы жыл­дар­­дағыдай М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті үшінші орынды иеленді. М.Әуезов атын­дағы Оңтүс­тік Қазақстан мем­ле­кет­тік уни­верситеті расында үз­дік атына лайық. Жетпіс жылдан астам тарихы бар Оңтүстіктегі оқу орнын­дағы білім сапасы, бү­гінгі жастардың жаңашылдыққа, инно­вацияға құштарлығы үлгі етер­ліктей. Университеттегі тех­ни­калық, гуманитарлық, өнер, спорт бағытындағы мамандық­тар­­дың жетістіктері бір төбе. Ал бүгінде қайта қолға алынған, ау­ыл­шаруашылығы саласы маман­дықтарын оқытып жатқан Ауыл­шаруашылығы ғылымдары жоғары мектебінің жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Соңғысына кеңірек тоқталып өтсек. Өйткені, бұрынғы факультеттің, қазіргі жо­ғары мектептің агрохимия және топырақтану, агрономия, су ресурстары мен суды қолдану, ветеринарлық медицина мамандықтары рейтингтің салалар бойынша жүргізген сараптамасында І орынды, жерге орналастыру, аграрлық техника және технология мамандықтары ІІ орынды, кадастр мамандығы ІІІ орынды иеленді. Бұл университеттің ауыл шаруашылығы үшін аса қажетті, білікті, білімді мамандар даярлап келе жатқандығының жарқын көрінісі. Мұндай баға жылдар бойғы ізденістің, жинақтаған тә­жірибенің, еселі еңбектің ар­қасында келгені мәлім. Елбасы тапсырмасымен «2002-2005 Ауыл жылдары» болып жариялануына байланысты Ауылшаруашылық ғылымдары жоғары мектебі 2003 жылы алдымен агроөнеркәсіп факультеті ретінде ашылған болатын. Жаңа бөлім 6 мамандық бойынша алғашқы жылы 80 та­лапкерді грант негізінде оқуға қабылдаған. Жылдан жылға студенттер саны көбейіп, даярлайтын мамандық түрі сегізге жеткен. Факультеттің мүм­кіндіктері молая түскесін осыдан екі жыл бұрын университеттің ғылыми кеңесінде төрт факультетке жоғары мектеп мәртебесін беру туралы мә­селе қозғалған. Сөйтіп, оқу орны басшы­лары мен ғалымдар өзара ке­ңесе отырып, жоғарыда аталған фа­культетке арнайы мәртебе беру туралы шешім шығарады. Қазіргі таңда мектепте алты кафедра жұ­мыс істеуде. Жоғары мектептің факультеттен айырмашылығы - жұмысында ерекшелік, жаңалық болуы шарт. Ең басты мақсат, түлектерді жұмысқа қабілетті, өн­дірістен хабары бар, жан-жақ­ты дайын маманға айналдыру. Тағы бір маңызды міндеті, кә­сіби мамандарды дайындаудағы іргелі ғылымның орны мен рөлін жоғарылатудан келіп шығатын білім беруді ізгілендіру. Осыған байланысты дайындықты меңгеріп шыққан жоғары мектеп түлегі заманауи ақ­параттар ағымын жылдам игеріп, өз іс-әрекетін дұрыс жолға қояды, яғни дұрыс пайдалана алады. Сондай-ақ, мектептің ішкі мәселелерді өз деңгейінде шешуге құқығы бар. Оқу бағдарламаларын ұстаздардың өздері жасайды. Ғалымдар мен об­лыстағы түрлі кәсіпорын, мекеме басшыларынан іріктелеген салалық кеңес құ­рылған. Сол кеңесте студенттерге мемлекеттік стандартта бе­кітілген міндетті пәндерден бө­лек таңдау компоненті бойынша қо­сымша пәндер енгізу мәселесі қаралады. Яғни, әр өңірдің табиғи ерекшелігі ескеріліп қосымша пән­дер оқытылады. Ұстаздардың тү­сіндіруінше, мәселен, Оңтүстік­тің климаты мен Солтүстік өңірін салыстыруға келмейді. Оң­түс­тікте өсетін өсімдіктер мен дақыл­дың кейбір түрлері суық аймақта өспеуі мүмкін. Ал мұнда даярланып жатқан студенттердің басым бөлігі жергілікті жерде жұмысқа орналасатындықтан оңтүстіктің агросаласын жан-жақ­ты таныс­тырып, талдайтын пәндер таңдалып, кеңестің шешімімен оқу бағдарламасына енгізіледі. Мектепке берілген тағы бір ба­сымдық, алда айтқанымыздай, салалық кеңестің мүшелігінде кәсіпорын, зауыт, шаруа қожа­лықтарының басшылары бар. Олар болашақта жұмысқа орналасатын жас маманның қабілет-қарымын байыптап, тереңірек меңгеруі тиіс саланы көрсетіп, кеңес береді. Яғни, өндіріс басшылары өздеріне немесе әріптестеріне қажетті мамандардарға әу бастан «ен салу» мүмкіндігіне ие болады. Оқу орны ертеңгі күні жас маманның жұмыссыз қалмауын алдын ала қамдайды. Жо­ғары мектеп ұстаздарының жа­лақысы нәтижелі еңбегіне қарай бел­гіленеді. Мұндағы мақсат қызметкерлерді өз ісінде із­денісін жетіл­діруіне ынталандыру. Міне, жоғары мектептің тағы бір ерек­шелігі осында. Бүгінгі таңда тек теорияны оқыту сапасыз мамандардың кө­беюіне алып келетіні анықталып отыр. Сондықтан университет дуальды оқыту жүйесіне көшкен. Яғни, теория мен іс-тәжірибені қатар алып жүру, тиісінше теория­дан гөрі тәжірибеге көбірек мән беру көзделген. Бұл бағытта кез­десетін қиындықтар да аз емес. Көптеген кәсіпорындар, қо­­жалықтар, зауыттар ішкі шаруасына бөтендерді араластыра бергісі келмейді. Осы проблеманы шешу үшін Ауылшаруашылық ғылымдары жоғары мектебінің студенттеріне арнайы Түлкібас ауданынан 50 гектар жер балансқа беріліпті. Одан бөлек мектеп қосымша жер телімін жалға алған, сондай-ақ жастардың уақытша тұруы үшін арнайы база сатып алынған. Қажетті техникаларын түгендеп алған жоғары мектеп өткен жылы алғашқы рет тиесілі жерлеріне бидай, арпа, мақсары, жоңышқа секілді дәнді дақылдар мен көкөністер егіпті. Студенттер егін басында жүріп, барлық процестерді, яғни жерді өңдеу, техниканы игеру, егінді суару, өсіру, зиянкестермен күрес, арам шөптерден тазарту секілді жұмыстардың бар­лығын маман­дардың кеңесімен ат­қарады. Бола­шақ мамандар еккен өнімдерін күзде жинап алады. Студенттер жи­налған өнімді де кәдеге жаратуда. Алынған өнімнің жартысы тұқым ретінде сақталса, қалғаны өңдеуші кәсіпорындарға өткізілуде. Осылайша университет студенттері Елбасы Н.Назарбаевтың «Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштас­тыр­ған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал», – деген сөзін басты қағидат етіп алуда. Егістік алқабынан бөлек оқу ғимаратының жанынан жылыжай салынған. Жоғары мектеп ұжымының алға қойған мақсат-мұраты биік, жоспарлары ауқымды. Ол жоспарлар біртіндеп жүзеге асырылуда, яғни университет түлектерінің ең таң­даулы, білікті де білімді және сұра­нысқа ие маман болып шығуына барлық жағдай қарастырылған. Жоғары мектеп студенттері іс-тәжірибе ретінде сабақтан тыс уа­қыт­тарын диқандармен бірге егін ал­қабында өткізсе, басқа факультет студенттері жазғы демалыстарында құрылыс саласында еңбек етіп, қала­мыздың көркеюіне атсалысып келеді. ОҚМУ-дың құрылыс мамандығында білім алып жатқан студенттер «Студенттік құрылыс жа­сақтары» құрамында жұмысқа тартылады. Облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға атсалысқан студенттердің орташа жалақысы 50-60 мың теңге болды. Студенттер Шымкент қаласында «Қазақ­­стан» кинотеатрының жә­не «Нұрсәт», «Қайтпас», «Тұ­ран» шағын аудандарындағы көп қабатты үйлердің құрылыс жұмыстарына өз үлестерін қосты. Осылайша олар теориялық білімін практикада қол­дануға мүмкіндік алды. Биыл облыс бойынша 500-ге жуық студент облыс аумағындағы құрылыс компанияларына жұ­мысқа тартылған. ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда жоғары мектептің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осы орайда, университет студенттердің бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігіне сай бейімдеп оқуына, жалпы ғаламдық танымды, ойлауды дамыту, өзінше ғылыми тұжырым жасауына, ғы­лым жетістігін сұрыптауға, өзі іс әре­кетінің иесі болуына мүмкіндік ту­ғызуда. Тек жоғары білімді маман ғана қоғам мен экономиканың, әлеу­меттік және мәдени өркендеудің көш­басшысы бола алатынын оқу ор­ны­ның студенттері де жақсы біледі. Еркін ДОСЫМБАЙ   ШЫМКЕНТ