• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Өрелі міндет өрісі

609 рет
көрсетілді

Бүгінгі күннің басты мәселесі – мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінетін қаражатты өз мақсатында әрі белгіленген уақытында игеру. Бұл ретте Жетісу жерінде талапқа сай жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жамбыл ауданында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Жандарбек Ермекұлы, бі­рінші кезекте «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша ауданда ат­қарылып жатқан жұмыстар жай­лы айтып берсеңіз? – Биылғы жылдың ерекше екенін күллі қазақстандықтар жақ­сы біледі деп ойлаймын. Өйт­кені, жақында халқымыз үшін мәні де, маңызы да зор ел Тәу­ел­сіз­дігінің 25 жылдық мерекесі Аста­надан бастау алып, жер-жерде аталып өтетіні мәлім. Жыл басынан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес инс­титуттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарын орын­даудың тәжірибелік кезеңі басталды. Оның ішінде аудан әкімдерінің құзыретіне 100 қадамның 57 қада­мы кіреді. Соған сай біз де Ұлт жоспарында белгіленген өрелі міндеттің үдесінен шығуға барынша күш-жігерімізді жұмыл­дырудамыз. Қазір аудан көлемінде 48 қадамды іске асыру шаралары қолға алынды, 9-ы бойын­ша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Батырлар мен ақындар елі атан­ған біздің киелі жерімізде ұлы Жам­былдың есімімен байланыспайтын бірде-бір дүние жоқ. Жамбыл бабамыздың аты аталғанда, осы ауданның әрбір азаматы өзіне қан­шалықты жауапкершілік жүк­телетінін жақсы түсінеді және оның өзі үшін соншалықты мерей екенін іштей сезінеді. Белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай аға Жолдасбеков: «Жамбыл өз заманының тұтас кел­бетін жасады. Ол – тарихта мың жылда бір-ақ кездесетін, қай­таланбайтын, құдіретіне таң қалдыра беретін, мейіріңді қан­дыра беретін жұмбақ жан», деп еді бір сөзінде. Біз бәріміз осы сөз­дің мағынасына әрдайым терең үңіле түскен сайын, ұлы жырау өткен топырақта туғанымызды зор мақ­таныш санаймыз. – Ауданның жағрафиялық орналасу ыңғайлылығы, халық­тың күнкөріс көзі туралы бірер сөз айтсаңыз. – Алатаудың баурайында ор­на­ласқан осынау қасиетті ауданның жер аумағы 19,3 мың шаршы шақырымды құрайды. Барлығы 24 ауылдық округке бөлінген 62 елді мекендегі ха­лық саны 155,8 мың адам. Жалпы, халықтың әлеу­меттік-экономикалық дамуы да жыл сайын тұрақты өсу үстінде деп ауыз толтырып айта ала­мыз. Аудан халқының негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Осы жерде мал және егіншілік саласында ілгері басқан жұмысымызды нақты деректермен атап өткен орынды. Мәселен, биылғы жылдың 1 қазанына де­йінгі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 23 528,8 млн теңгені құрады. Ірі қара мал басы – 111 272, қой мен еш­кі – 570 175-ке, жылқы – 27 968-ге, түйе 1536 бас­­қа жетті. Негізгі капиталға тар­тыл­ған инвестиция 14 395,3 млн теңге болды. Өткен жылдың маусым айында пайдалануға берілген «Им­перия Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын, есімі елімізге етене таныс Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, әйгілі балуан Жақ­сылық Үшкемпіров ағамыз же­тек­шілік ететін «Мыңбай» шаруа қожалығының 1 000 басқа ар­налған мал бордақылау алаңын, жаңадан бой көтерген «Табыс» шаруа қожалығының тауарлы сүт кешенін, тоғыз ай ішінде 35 088 мың дана сапалы тауық жұ­мыртқасын өндірген «Сұңқар» Алматы құс фабрикасын, апорт алмасының мәуелі бағын қайта жандандырған «Ранай» шаруа қожалығын, былтыр облыста ең үздік шаруашылық атанған «Р-Күрті» ЖШС сияқты ондаған шаруа­шылық нысандарының табысын атап өткен дұрыс. Мемлекеттік «Ырыс» бағдарламасымен былтыр Ұзынағаш ауылдық округіндегі «Бейбіт» шаруа қожалығы не­гізін­де тауарлы сүт фермасы құ­рылып, «Ауылды қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы Ресейден 120 бас асыл тұқымды сиыр сатып әкелінді. – Облыста жасалып, қолда­нысқа енгізілген жер картасын сіздер пайдаланасыздар ма? – Әлбетте. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді нарықтық айналымға енгізу үшін түгендеу жүргізілді. Сол жерді игерудің мониторингін жүргізуде элек­тронды жер картасы пайдаланылады. Ауданда бос жатқан 36,1 мың гектар жер телімі анықталды. Нәти­жесінде 561 гектар жер пайдаланыла бастады, 3 070 гектар жер мемлекетке қайтарылды, иесіз 32 469 га жер жөнінде материалдар мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа беріледі. Сөз реті келгенде айта кетсем, құрылыс саласында рұқсат алу әрекеті оңтайландырылды. Үш сатылы қағида енгізіліп, құжат­­тарды беру мерзімі екі еседен астам уақытқа қысқарды. Жыл ішінде ауданда құрылыс жұмыс­тарының көлемі 162 783,6 млн теңге болды. «Өңірлерді дамыту» бағдар­ламасы бойынша бір­неше елді мекеннің ішкі жолдарын жөн­деуге де қомақты қаржы бө­лінді. Біздің ауданда 623 шақырымды құрайтын ішкі шаруашылық су арналары бар. Түрлі себептерге байланысты осы ішкі арналардың біраз уақыт қараусыз қалғаны да рас. Енді оны жаңғырту жұ­мыс­тарын жедел қолға алып жатыр­мыз. Ауданның мелиорация картасы қайта жасалып, 2020 жылға дейінгі аралықта кезең-ке­зеңімен қал­пына келтіру үш аймаққа бөлі­ніп жоспарланды. 10,5 мың гектар суар­малы жерді қам­титын бұл жо­ба жүзеге асатын күн де алыс емес. – Өндіріс орындары туралы не айтасыз? – Өнеркәсіп саласында да із­деністі істеріміздің нәтижесін көре бастадық. Теміржол ауылдық округіндегі «Күрті» ЖШС-нің гранит өңдеу зауыты, Қарғалы ауылындағы «АХБК Қарғалы» ЖШС-нің мата, медициналық дәке шығаратын цехы, «Ор-Ай» ЖШС-нің алкогольсіз сусындар өндіретін цехы, «Никэм» ЖШС-нің пластмасса бұйымдары мен ватин өндіру цехы, Беріктас ауылындағы «Авразия-997» ЖШС-нің алкогольсіз сусындар өн­ді­ру цехы – соның айғағы. Ха­лықтың тұрмысы туралы жауабымды толықтыра түссем, өткен жылмен салыстырғанда орташа айлық жалақы 116,3 пайызға артып, 88 959 теңгені құрады. Бөлшек сауда-тауар айналымы 10 869,8 млн теңге болды. Шағын кәсіпкерлікпен ай­налысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының барлығын есеп­тегенде 7 668 бірлік тіркелді. Соған сай олардан бюджетке түскен төлемдер де 1 817,5 млн тең­геге жетті. Дәл қазір бюджеттік түсімдердің орындалу көрсеткіші – 111,0%. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойын­ша биыл 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. – Жетісу халық ты­ғыз ор­наласқан ауданның бірі бол­ған­дықтан, қажеттілікке орай бі­лім беру саласында да бір­қа­тар жұмыс атқарылып жат­қан шығар? – Ауданда 2015 жылы 6 үш ауы­сым­­ды мектеп тіркелген. Былтыр Ең­бекшіарал ауылында құны 663 млн теңгелік 280 орындық мектеп үйі, биыл Жаңақұрылыс ауылында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жалпы құны 1 млрд. 573 млн теңгені құрайтын 600 орындық орта мектеп салынып бітіп, пайдалануға берілді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында, Ақ­сеңгір ауылында жалпы құны 1 млрд 505 млн 749 мың теңге тұратын 450 орындық мектеп үйі, Ұзынағаш ауылында жалпы құны 1 млрд 924 млн 839 мың теңгелік 1200 орындық мектеп үйі салынуда. Қайназар ауылында жергілікті бюджеттен қарас­тырылған 1 млрд 372 млн 37 мың теңге қаржыға 600 орындық мектеп үйінің құрылысы басталды. Қарғалы ауылында 600 орындық мектеп үйі құрылысын бастауға жергілікті бюджеттен 20 млн тең­ге, Ә.Бейсеуов атын­дағы орта мектеп жанынан қосымша ғимарат құрылысын бастауға 100 млн теңге қаржы бөлінді. Елбасының мектеп жасына дейінгі жеткіншектердің балабақшамен қамтылуын 2020 жылға дейін 100 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы бойынша бүгінгі күнге бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 94,2 пайызға жетті. 2014-2015 жыл­дар аралығында жергілікті және республикалық бюджет есебінен Дегерес, Ақсеңгір, Таң­балытас, Ынтымақ, Қайназар, Жаңақұрылыс ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Олардың барлығы осы заманғы жетілген медициналық құрал-жабдықтармен, білікті дәрігер мамандармен қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындарына қызмет етуде. – Жамбыл ауданы ақын­дар мен батырлар елі деп дәріп­телетіндіктен, халқы­мыздың рухани қазынасын толықтыра тү­су мақсатында атқарылып жат­қан шараларды айтып өтсеңіз. – Ауданымыздың мәдениет, руханият саласындағы жетістіктеріне де сырт ағайын тамсана көз салады. Біздегі орталық кітапхананың, аудандық мәдениет үйіндегі өнер­­паздардың, «Сүйінбай сазы» фольклорлық ансамблінің, Жам­­былдың, Сүйінбайдың, Үмбет­әлінің әдеби ескерткіш-музей­лерінің, «Таң­балы» табиғи қорық аспан асты мұражайының даңқы көпке мәлім. Өткен жылы Сүйінбай ба­ба­мыздың 200 жылдық мерей­тойы кең көлемде аталып өтті. Мереке аясында Анкара қала­сында Сүйінбай атындағы сая­бақ ашылды. Сол жерге биыл ақынның кеудемүсіні орнатылды. ТҮРКСОЙ-дың қол­дауымен Түркияда ақынның өлеңдері мен оның шығармашылығына арналған «Сүйінбай Аронұлы» атты мақала, эсселер жинағы  жарық көрді. Ал­матыда Жамбыл атын­дағы Қазақ мемлекеттік фи­лар­мониясының алдында ақ­иық ақынның ескерткіші бой көтерді. Басқа да мәдени, рухани шаралар жалғасын тауып, жыр сү­лейінің мұраларымен қалың жұртшылық қуана қауышты. Биыл Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай ақын мұражайы 165 млн тең­геге күрделі жөндеуден өтті. Сербия мемлекетінде Елбасының қаты­суымен Жамбыл Жабаевтың бюсті орнатылды. Ауданның «Сүйінбай сазы» ансамблі Түркия,  Біріккен Араб Әмірліктері мемле­кеттерінде өнер сапарымен болды. Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облысы әкімдігінің және аудан халқының бас­та­масы­мен көптеген мәдени шара­лардың тиянағы келтірілді. Әр елді мекенде ақынның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен жиындар, кездесулер әлі де жалғасын табуда. Осының бәрі әрине, қасиетті жердің, құді­ретті елдің арқасы екенін жақсы тү­сінеміз. Сондықтан да Елба­сымыз нұсқаған идеяға сай Қазақ елінің мәңгілікке салтанат құруы үшін тамшыдай болса да өз үлесі­мізді қоссақ деп ұмтыламыз. Әңгімелескен  Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан»   Алматы облысы