• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Қызылжардан келген керуен

278 рет
көрсетілді

Елордада Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесі өтті Сонау XVIII ғасырда Қызылжар өңірінде жәрмеңке өтіп, Ташкент пен Бұқарадан, Құлжадан келген сауда керуендері ат шалдырған екен. Ертістің сол жағын бойлап, Қытайды бетке алған сауда жолы «Абылай жолы» аталғаны белгілі. Қызылжар жәрмеңкесі қазір жоқ болса да, өңірдің талай жәрмеңкені қыздыруға жететін қауқары бар. Өткен аптаның соңғы күндері Солтүстік Қазақстан облысынан Астанаға азық-түлік тиеген керуен келіп, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық алаңының алдында ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін өткізді. Қазан аяқталмай жатып қар жауып, саудаға кедергі келтіргеніне қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы қалыптасқан дәстүрді бұзбауды жөн деп шешіпті. Мағжанның елінен елорда төріне 700 тонна азық-түлік тиеген көлік керуені келіп жетті. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының алдында таң азаннан сауда шатырлары менмұндалап тұрды, кіреберіс қақпасында «Өңір берекесі» деген жазу да алыстан көзге түсті. Жәрмеңке үшін Қызыл­жар­дың жүзден астам шаруашылығы мен кәсіпорны 90 тонна ет, 10 тонна шұжық өнімдерін, 24 тонна сүт пен сүт өнімдерін, 450 тонна көкөніс пен басқа да тауарларын жөнелтіпті. Сөрелерді аралап, бағаны бақылап, сауда барысын көріп жүрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың көңілі толғаны байқалды. – Өнімдеріміздің сапа­сы­ өте жақсы. Біздің ауыл­ша­руа­шылық тауарын өнді­ру­шілеріміздің өз қолымен, ең­бе­гімен өсірген, әзірлеген өнім­дері экологиялық жағынан та­за. Барлық жерде кезек күтіп тұр­­ған адамдарды көріп тұр­сыз­дар, яғни өнімдеріміз жақсы өтіп жатыр деген сөз. Біз тек жәр­меңке ғана өткізбейміз, 18 қазаннан бері елордада об­лыс­ымыздың күндері өтуде. Бейбітшілік пен келісім сарайында концерт береміз. Басқа да мәдени бағдарламалар әзірленген, оған бас-аяғы 300-ден астам әртіс қатысады,– деді Айдарбек Сапаров. Шынында да, күннің су­ық­­тығына қарамастан, жәр­меңкеге келген адам­дардың қа­ра­сы қалың болды. Бәлкім, апта сайын өтетін жәрмеңке нау­қанының аяқталуға жақ­ын қалғанын білетін жұрт тоңа­зыт­қышын толтырып алуға асық­қан болар. Әсіресе, ет сатылып жатқан сөрелердің алдында иін тіресіп, кезек күтіп тұрғандар көп. – Ет алайық деп келдік. Жылқы еті 1400 теңгеден сатылып жатыр, сиырдың еті арзандау. Өткен аптада картоп, сәбіз, баялды сатып алғанбыз, – дейді кезек күтіп тұрған Бағлан есімді азамат. Сөрені шолып шығып, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз сын­ды көкөністердің бағасы өт­кен жолғыдан көтеріле қой­мағанын байқадық. Баялдының келісі 100 теңгеден тұр. Бұл, әрине, басқа базарлардағы бағадан біршама ар­зандау. Әрі өз жері­мізде өсі­ріл­ген сапалы өнім бол­ға­сын да алатындардың аз бол­май­тыны түсінікті. Жалпы, Қызылжар өңірінің же­рі түгін тартсаң майы шыға­тын құнарлы екені белгілі. Со­дан да төрт түлікке де, астыққа да, көкөніске де кенде емес. Мал шаруашылығына, егін ша­руа­шылығына, көкөніс, майлы да­қылдар өсіруге маманданған ау­дан­дар бар. Мәселен, М.Жұма­баев атындағы ауданда өнді­рілетін ет, сүт өнімдері об­лыс көлемінде ғана емес, көр­шілес өңірлерге де таралады. – Біздің аудандағы ірі қа­ра­ның саны қазір 42 мыңға жет­ті. Бүгінгі саудаға ауданда өндірілетін басты-басты деген тауарлардың барлығын әкелдік. 40 тонна картоп, 30 бас ірі қара, 7 жылқы, 25 қой, бір жарым тонна тауық еті бар, барлығы 6 «КамАЗ» өнім жеткізілді. Облыстағы аг­рар­лық секторы дамыған, бетке ұстар аудандардың бірі саналамыз. Төрт түлік мал өсірудің жайын шаруаларымыз жақсы меңгерген. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа да халық риза. Аста­надағы жәрмеңкеге кәсіп­керлеріміз жыл сайын өнімдерін ықыласпен ұсынады, – дейді аудан әкімі Асқар Бегманов. Солтүстік Қазақстан об­лы­­­сы ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына үлкен экономика­лық жетістіктермен жеткенін атап өту керек. Аймақ әкімінің бі­рі­нші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, өңірлік жалпы өнім көлемі 25 жыл ішінде 13 есеге артып, 837 мил­лиард теңгеге жетіпті. Өңір­лік жалпы өнімді жан басына шақ­қанда 20 есеге артып, 1 мил­лион 700 теңгені құраған. Не­гізгі капиталға құйылған ин­вес­тиция 34 есеге көбейіп, 2015 жылы 155 миллиард теңге бол­ған екен. Өндірістік өнім кө­лемі 1991 жылы 7 миллион тең­ге болса, өткен жылы 167 мил­лиард теңгеге өсіпті. – Ауыл шаруашылығы кешеніндегі еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 1 миллион 666 мың теңге болды. Агросекторда алдыңғы қатарлы техникалар қолданылады, жаңа тиімді технологиялар енгізілуде. Соның арқасында өнім көлемі ұлғайды, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 25 жылдың ішінде шағын­ және орта бизнестің үл­е­­сі еселеп арт­қанын атап өту керек. 25 жылда 3 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға беріліпті. Құ­рылыс жұмыстарының көлемі тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда 40 есеге артқан. – Сөз жоқ, бұл көр­сет­кіш­тер­дің барлығы өңі­рі­міз­дің Тәуелсіздік жылда­рын­­­­да тұрақты түрде дамып отырғанын білдіреді. Мұ­­ның бәрі Президентіміз Н.Назарбаевтың көреген сая­са­тын­ың арқасы, – дейді А.Сапаров. Шындығында, еліміздің экономикасында Солтүстік Қазақстан облысының алатын орны ерекше. Басқа секторды айтпағанда, тек аграрлық сектордың өзінде Қызылжар өңірінің үлесі аса қомақты. Мәселен, ұзақ жылдардан бері еліміздің астықты алқабы болып келген облыс рес­публика бойынша өндірілетін астықтың үштен бір бөлігін бір өзі беріп келеді. Облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 22,3 пайыздан асып түседі. Халқының үштен бір бөлігінен астамы аграрлық сектордан екі қолға бір күрек тауып отырған жайы бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында озық техникадан таршылық көрмей, тиімді технологияларды енгізуден басқаларға үлгі болып келеді. Егіншілер екі жылдан бері облыста шығарылатын «SAMPO» комбайндарының қызығын көруде. Сапасы шетелдік комбайндардан кем түспейтін, бағасы қолжетімді техниканың арқасында шығын азайып, бітік шыққан астықты қамбаға төкпей-шашпай толтырып алып жүр. Биылдан бастап Пет­ро­павл­да «Батыр» деген марка­мен шығарыла бастаған трактор­лар да шаруалар тарапынан сұранысқа ие. «Батырды» өнді­ріс­те сынап көрген шаруалар тех­никалық тиімділігі шетелдік тракторлардан кем түспейтінін айтады. Жылына жүзден астам трактор шығаратын облыс таяу жылдарда шаруалардың сұранысын толығымен өтеуді жоспарлап отыр. Облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Айдар­бек Сапаровтың сө­з­і­не қарағанда, әкімдік ауыл­шаруашылық машиналарын жасау кластерін жүзеге асыруға ниетті екен. Мал шаруашылығының бір тиімді тұсы – халық жылдың төрт мезгілінде құр отырмай, жұмыспен шұғылданады. Өнімі тұрақты, тетігін тапсаң шаш-етектен табысқа кенелуге болады. 2011 жылы Солтүстік Қазақстанға шетелден асыл тұ­қымды 11 мың сиыр әкелінген. Қазір олардың саны 40 мыңнан асыпты.  14 сүт өнімдерін шығаратын кешен жұмыс істеп тұр. «Зенченко и К», «Тайынша-Астық» сынды кәсіпорындар Канададан асыл тұқымды мал алып, республикада бұрын-соңды болып көрмеген еңбек өнімділігіне қол жеткізді. Яғни, әр сиырдан бір жылда орта есеппен 8 тонна сүт сауыла бастады. Бұл кеңестік кездегі орташа көрсеткіштен екі жарым есеге көп екен. Осындай рекорд жасаған кәсіпорындардың қаптамасында «Зенченко» деген жазуы бар сүт өнімдері қазір Астананың да, басқа қала­лардың да дүкен сөрелерінде самсап тұрғанын айта кетейік. Соңғы жылдары Үкімет экономиканы өркендетудің басты бағыты ретінде аграрлық кешенді айқындағаны мәлім. Сол­түстік Қазақстан облы­сы осы үдеден көрініп отыр­ған бірден-бір өңір деуге то­лық негіз бар. Аймақтың ауыл­­­шаруашылық өнімдері рес­публиканың басқа облыстарын айтпағанда, Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған сынды іргелес аймақтарына экспортталып жатқаны осының бір айғағы деуге болады. Солтүстік Қазақстан об­лы­­сы «Қуатты өңір – қуат­ты Қазақстан» акция­сы­н­ың аясындағы аймақ­тар­дың Астанадағы күн­де­рін қо­ры­тын­дылап отыр. Биылғы жиын-терім нау­қанын озық көрсеткішпен аяқтап, астық көлемі бойынша рес­пуб­ликаның рекорд жаңа­ртуына сү­бе­лі үлес қосқан облыс ел­ордадағы күндерін жоғары дә­ре­же­де өткізді. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРов, «Егемен Қазақстан»