2016 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджет кірістері 1 триллион теңгеге жуық асыра орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті деп хабарлайды Үкімет үйінен egemen.kz тілшісі. "Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің атқарылуы сапалы жетістіктермен ерекшеленеді. Кірістер айтарлықтай асыра орындалды. Салықтар қазірдің өзінде бүкіл өткен жылдың көлеміне келетіндей жиналды. Шығыстар бұл кезең үшін ең жоғарғы мәнге жетіп игерілді. Шығыстардың жартысы әлеуметтік болып табылады. Ал 4\1-і экономикалық өсімге бағытталған. Өңірлік бюджеттер экономикалық тұрақтылыққа арналған жаңа трансферттермен қолдау тапты. Жергілікті бюджеттер жалпы жақсы өсім көрсетуде", - деді министр. Оның айтуынша, бюджет кірісі биыл айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. "Кірістер 1 триллион теңгеге жуық асыра орындалды. Бұл макроэкномикалық жағдайдың жақсарғанын көрсетіп отыр. Мысалы, белсенді салық төлеушілердің саны 85 мың кәсіпорынға жетіп, 7,3 пайызға өсті. Кірістердің артығымен орындалуы бюджеттің нақтылауына негіз болды. Осылайша контрциклді саясаттың нәтижелері байқалуда. Яғни, экономиканы қолдау қосымша салықтарды туындатады. Бұл салықтар бюджет арқылы экономикаға қайтып келеді. Жалпы мемлекеттік бюджеттің кірістері 126 пайызға атқарылды. Оның ішінде республикалық бюджет 131 пайыз, ал жергілікті бюджеттер 115 пайызға атқарылды", - деп атап өтті Сұлтанов. Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығындары биыл 13 пайызға өскен. Оның көлемі 7 триллион теңгеге жетіп отыр. Дәрігерлер, мұғалімдер және өзге де бюджеттік қызметкерлердің жалақысы өсірілді. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына кететін шығындар жалпы 18 пайызға ұлғайды және триллион теңгеге жетті. Шығындардың жартысынан көбі, шамамен 3,6 триллион теңге әлеуметтік салаға жұмсалды. Оның ішінде 1 триллион теңге зейнетақы төлемдеріне бөлінген.
Динара Бітікова