ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Томас Шэннонмен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Кездесу барысында ҚР мен АҚШ арасындағы саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Екі жақ Қазақстанның экономикалық дамуындағы америкалық бизнестің рөлін және ЭКСПО-2017 мен «Нұрлы жол» бағдарламасы тұрғысындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын талқылады.
А. Мамин Астанадағы ЭКСПО-дағы АҚШ-тың көрме павильонының ұйымдастырылуына алғысын білдірді.
Тараптар Стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссия, Энергетика саласындағы серіктестік жөніндегі ортақ комиссия және Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия секілді екіжақты Қазақстан-Америка тетіктерінің сәтті жүргізіліп жатқан жұмыстарын ерекше атап өтті.
«Біз АҚШ-пен Стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссия шеңберіндегі жұмыстарға ерекше назар аударамыз. Бұл механизм өзінің тиімділігін көрсетті әрі екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда маңызды қадамға айналды», - деді А. Мамин.
Т. Шэннон ҚР мен АҚШ арасындағы ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде аса үлкен орын алатындығын айтып өтті.