Қазақстан Президентінің Сауд Арабиясына жасаған ресми сапары жоғары деңгейде өтті. Бұл сапардың ел экономикасына, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсуге септігін тигізері сөзсіз. Мәселен, сапар аясында энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, сауда-саттыққа қатысты жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын 10 келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келісімдер бар. Сонымен қатар, екі мемлекеттің арасында мынадай екіжақты құжаттарға да қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт;
- Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы шарт;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
Жолдыбай Базар, «Егемен Қазақстан».