• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2016

Немістер құтты мекен – Қостанайдан қол үзбейді

547 рет
көрсетілді

VIII облыстық «Begeisterung-2016» фестиваліне жиналған неміс ағайындар осылай дейді Неміс мәдениеті фестивалі облыста осымен сегізінші рет өт­кізілді. Бүгінде облыс өңірінде 28 мың этникалық немістер тұ­рып жатыр. «Возрождение» не­­міс мәдени орталығының құрыл­ғанына биыл 25 жыл болыпты. Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев мұны ерекше атап өтті. – Биыл 25 жылдығын тойлаға­лы отырған ел Тәуелсіздігінің арқа­сын­да неміс ағайындар өзінің ата­мекеніне қайтуға, өзінің тарихын, дәстүрін, тілін сақтауға мүмкін­дік алды. Сұрапыл жылдары арып-ашып келген немістерге бір үзім на­нын бөліп беріп, бауырына бас­қан қазақтар оларға ағайындай, Қос­танай құтты мекен болды. Егер статистикаға сүйенсек, 80-ші жылдардың аяғында Қа­зақ­­стан­да бір миллионнан астам немістер тұрды. Олардың кө­бі тарихи Отанына қайтты, бі­рақ Қазақстанды, оның ішінде Қостанайды да олар құтты мекен санайды, біз оларды жерлестер деп білеміз. Қостанайда бүгінде бір қауым немістер тұрып жатыр, ұлттар достығы, еңбек, ұйыған бірлігі бар еліміздің гүлденуіне олар да үлес қосуда, – деді Марат Қонысбайұлы. Расында, облыстың немістер тығыз тұратын 9 ауданы мен қалаларында «Возрождение» неміс мәдениеті орталығының филиалдары бар. Оларда неміс диаспорасының мәдениеті, дәс­түрі мен тілі ұмыт болмауы үшін жұмыстар жүргізіледі. Фес­ти­вальға Қарабалық ауданынан кел­ген Елена Шевчук қолөнер бұйымдарын әкеліпті. – Бұрын ауылдарда неміс ағай­лар түрлі жиһаз жасайтын, қазірге дейін оны кейбір үйлерден кездестіруге болады. Әйелдері тоқымашы, қуыршақ тігетін. Қазір ауданымызда тұратын түрлі ұлттардың қолөнері өрмектің жібіндей бірге өріліп кетті. Не­містер, қазақтар, орыстар, молдавандар дегендей, түрлі ұлт өкілдері бір-бірінен үйренеді. Бәрінен де жастардың соны ұмытпауын ойлаймыз. Тату-тәтті тұрамыз, қуа­нышымыз да, қайғымыз да бір, – дейді Елена Валентиновна. Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстанға жақында ғана келіп, Елбасына сенім грамотасын тапсырып, қызметін бастаған елші Рольф Мафаэль қатысты. Елшінің Қазақстандағы алғашқы сапары Қостанайға жасалды. «Елдестірмек – елшіден» деген, ол сапар аясында алдымен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, болашақ эко­номика, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы әңгімелесті. Германия мен Қостанай облысы арасын­да сыртқы сауда-экономикалық байланыс бекем қалыптасқан, биыл сыртқы сауда айналымы 20 миллион долларды құраған. Ай­мақ басшысы елшімен кезде­су­ін­де облыстың Германиямен әріп­­­­тестікті кеңейтіп, экономи­ка­дағы ынтымақтастықты терең­дете түсе­тініне, инвестиция тартылатынына сенімі зор екенін айтты. Қостанай облысы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы байланыстың одан әрі нығаюы үшін біздің тарапымыз­дан барлық мүмкіндік жасалатын болады, – деді Архимед Бе­гежанұлы. – Сіздің облыста ауыл шаруа­шы­лы­ғының әлеуеті мықты. Бізде ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыратын аграр­лық орталық жұмыс істейді, Қазақ­станда бизнесін ашуға ынталы кәсіпорындар бар. Оларға осын­дағы ауыл шаруашылығы сек­торының дамуы, кәсіпорындар қызметі мен олардың әлеуеті туралы толық ақпараттар қажет, – деді Рольф Мафаэль. Елші сапарына орай жасалған іскерлік және мәдени бағдарлама шең­берінде Рольф Мафаэль не­міс диас­порасының жастар қанатымен кездесті, облыстағы өнді­рістік және ауылшаруашылық кәсіп­орындарын аралады, «Қазақ­стан­дағы немістер. Тарих пен қазіргі заман» тақырыбындағы дөң­гелек үстел мәжілісіне қатысты. Фестивальдің гала-концертінде елші облыстың әр шалғайынан келген неміс көркемөнерпаздарының өнеріне тәнті болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ