Павлодар облысының Май ауданына қарасты Кеңтүбек ауылында көкпар тартудан аудандық ішкі істер бөлімінің кубогы үшін ауданның ашық біріншілігі өтті. Ал мұның алдында аудандық прокуратураның бастамасымен осындай көкпар жарысы өткен еді.
Жалпы, ауыл мен аудан аумағында көкпаршыларды шақырып, жарыс өткізіп тұрудың өскелең ұрпаққа беретін өнегесі көп. Облыстағы негізінен көкпаршы жігіттеріміз Екібастұздың Ақкөл ауылында, Баянауылда, Май ауданында, Ақсуда тұрады. Бұған дейін аудан орталығы – Көктөбе ауылының маңында көкпар ойынының жанашыры болған, соғыс ардагері Хасен Сейітқазинді еске алуға арналған облыстық чемпионат өткен болатын. Онда Екібастұздың Ақкөл ауылының «Пырақ», «Самұрық» және Май ауданының «Саты» командалары жүлделі орындардан көрінді. Көкпаршылардың айтуларынша, «Пырақтың» капитаны Дәурен Жандарбеков, Оразалы Шөпшин бастаған Еркебұлан Егінбаев, Мереке Смағұлов, Ерғанат Қадыров, Нұрбол Жақсыбектер үшін көкпар ойын ғана емес, өмір сүру салтына айналыпты.
Ауданда өткен бұл жолғы көкпар жарысына Малайсары, Кеңтүбек, Ақшиман, Саты ауылдарының командалары қатысты. Үздік үштікте көрінген Малайсары, Кеңтүбек ауылдары командасының арнайы сыйлығын аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Береке Ахметов табыс етті. Екінші орын иеленген Ақшиман көкпаршыларын арнайы жүлдесімен аудан прокуроры Сержан Теміров марапаттады. Ал бірінші орынға ие болған Саты командасына арнайы жеңімпазға берілер кубокты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нығметолла Қаббасов табыстады. Жарыстың ең үздік шабуылшысы жүлдесін Алмас Жұмағалиға ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Берік Зәбиев тапсырды.
Ауылдарда ат баптап, көкпар тартуға құмар жастар көбейіп келе жатқаны, әрине, қуантады. Биыл Қырғызстанда өткен ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынында біздің облыстан ақсулық Бекболат Ысқақов барды. Бекболат та көкпаршы, ит жүгіртіп, құс салуды серік еткен саятшы. Ал көкпарға құмартқан құқық қорғаушылардың ұлттық ойынымызға қолдау көрсеткен бастамасы жақсы-ақ.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Май ауданы