Шымкенттегі «Rixos Khadisha» қонақ үйінің салтанат сарайында «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-тың ұйымдастыруымен өткен шараға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиындықтарына тап болған 250 мыңнан астам азаматқа, оның ішінде 100 адамға көмекке зәру адамдарға көмек пен қолдау көрсетілгенін баяндады. Биылғы байқауда аймақтық комиссия 178 өтінішті қарап, 32 әлеуметтік жоба байқаудың іріктеу кезеңіне өткен екен. Комиссия мүшелері Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі сайтындағы дауыстардың нәтижесін сараптап, еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыруға мүмкіндігі бар жобаларды анықтады.
Бірінші орын «Онлайн сурдоаударма қызметі» әлеуметтік жобасының авторы алматылық Сергей Махашевке берілді. Екінші орынды Көкшетау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен Красный Яр ауылында тұратын «18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларға үйде паллиативті көмек көрсету орталығын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы иеленді. Үшінші орынға «Адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» әлеуметтік жобасының авторы, астаналық Анна Рыль ие болды.
Ешкім тағдырын жаратқаннан сұрап алмайды. Бұлар мүмкіндігі шектеулі болғандарымен, өзгелермен теңдей өмір сүруге құқылы. Елімізде жыл сайын осы саладағы азаматтарға әлеуметтік көмектер көрсетілуі жақсы қарқын алып, рухани демеудің жаңа тетіктері қолға алынып келеді. Қазақстан бойынша жүзеге асырылуға жарайтын әлеуметтік жобалар соның бір тармағы ғана.
ШЫМКЕНТ