• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2016

Тараздық оқушы Стивен Хокингпен кездеседі

261 рет
көрсетілді

Әлемге атақты ғалым, британияның астрофизигі Стивен Хокинг Таразда тұратын 14 жастағы Исаак Мустопуломен 2017 жылдың 23 қаңтарында кездесетін болды. Бұл туралы Британия кеңесіндегі дерекке сүйене отырып, "CentrAsia Group" ЖШС компаниялар тобының даму жөніндегі директоры Жұматай Сәлімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сал ауруына шалдыққан Исаак Тараз қаласындағы №13 мектепте оқиды. Бірақ, сырқатына қарамастан ол 2015 жылы оқушылар арасындағы ұлттық инновациялар конкурсының арнайы сыйлығына ие болды. Содан бері Исаакты Қазақстанның түкпір-түкпірі, тіпті, шенеуніктер де танып, біле бастады. Сол кезде Инвестициялар және даму министрлігін басқарған Әсет Исекешев те Исаакпен танысып, онымен түскен суретін бүкіл әлеуметтік желіге таратқан болатын. НАТР мен Қазақстандағы Британия кеңесі ұйымдастырған оқушылар арасындағы инновацялар конкурсына өтінім берген кезде, Исаак өз бейнеролигі арқылы «Гармон теориясы» атты жобасын ұсына отырып, атақты Стивен Хокингпен кездесуді армандайтынын айтқан еді. Жарыстың ұйымдастырушысы болған Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің сол кездегі төраға орынбасары қызметін атқарған Жұматай Сәлімов жас баланың арманын орындау үшін барымды саламын деп уәде берген болатын. Ал, өте ауыр амиотрофикалық склероз ауруына шалдыққан Стивен Хокингті таныстырудың да қажеті жоқ. Ол қазір Кембридж университетінің профессоры, ағылшынның атақты ғалымы.  18 жасында Стивен Хокингтің денсаулығында амиотрофикалық склероздың алғашқы белгілері білене бастайды да, көп ұзамай ол мүлде сал дертіне шалдығады. Тамағына жасалған операциядан кейін 1985 жылы ол сөйлеу қабілетінен айырылады. Достары оған сөйлеуге мүмкіндік беретін синтезатор сыйлайды. Стив тек оң қолындағы сілтеуші саусағымен қимылдата алады. Соған қарамастан, ғылымнан қол үзбей, кітап жазып, тіпті 2009 жылы ғарышқа ұшып келген.