• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Оралда велосипед жолы ашылды

359 рет
көрсетілді

Орал қаласында, Шаған өзенінің оң жағалауында арнаулы жолдың ашылуы вело­сипедшілерге үлкен қуаныш сый­лады. Оның ұзындығы – 3 шақырымға жуық. Әрі осы арадан бүлдіршіндер мен балаларға арналған шағын айналым жол қоса тұрғызылған. Велосипедшілер жолы арнайы сызықтармен белгі­леніп таңбаланған. Бұған қоса, жазды күні велосипедшілерге, қыс кезінде шаңғышыларға арналған модульді ғимарат пен от жағу қазан­дығы салынған. Шаған өзенінің оң жағалауын велосипед жолына айналдыру жөніндегі жобаны «КПО б.в» атты шетелдік компаниясы қар­жыландырған. Бұған 214 миллион тенге қаражат жұмсалған. Осы кезге дейін өңірдегі велоспортпен айналысушылар өз жаттығуларын Орал қаласының маңындағы Бортау деп аталатын елді мекендегі жолдың бойында өткізіп келіпті. Бұл, әрине, велосипедке арналмаған. Енді олар өз жаттығуларын арнайы тұрғызылған жолда өткізуге мүмкіндік алыпты. Бұл жөнінде газет тілшісіне 14 жасар жас өрен Никита Батюков айтып берді. Сонымен бірге, Айсұлтан Ашы­ғалиев есімді 12 жастағы бала да қуаныштан жүзі жайнап, ер жеткен соң Александр Винокуровтай Олимпиада «алтынын» иеленіп, өз елінің көк туын биікке көтерсем деген ойы бар екенін жеткізді. – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін бұ­қаралық спортпен шұғылдану­шылардың санын 30 пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Еліміздің ба­тыс қақпасында велосипед жолының пайдалануға берілуі оны ойдағыдай орындауға оң серпін береді. Әрі осы біткен іс жас­өспірімдердің қауіпсіздігін сақтаудың да басты жолы, – дейді Батыс Қазақстан облыстық велоспорт федерациясының президенті Асқар Шораев. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ