• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Асқар Әбілдаев: "Шахтер" командасының қаржылық жағдайы түзеліп келеді

452 рет
көрсетілді

Биылғы маусымды біраз қиыншылықтармен өткізген «Шахтер» футбол командасының басшылығы мен бапкерлері бірнеше рет ауысты. Соңынан атқарушы директор болып  Асқар Әбілдаев келді. – Асқар Зүбайділдаұлы, қалың оқырманға өзіңізді қысқаша таныстырып өтсек. – Мен осы «Шахтердің» даярлық тобына алғаш бала күнімде келіп едім. Тоғыз жасымнан Анатолий Чудиновтың қол астында жат­тықтым. Команданың негізгі құра­мында 1986 жылдан бастап ойнадым. Ол кезде бас бапкеріміз Серік Әшірбеков еді. «Шахтерде» үш маусым ойнап, 1991 жылы Алматының «Қайратына» ауыстым. 1992 жылы осы командамен бірге Қазақстан чемпионы, ел Кубогының иегері болдым. 1994 жылы бір мау­сым Павлодардың «Аңсат» клубында өнер көрсетіп, одан соң қайтадан «Шахтерге» келдім. Кеңес дәуірінде де, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанның алдымен жасөспірімдер, жастар құрамасында, одан кейін ұлттық құрама командасында ойнадым. Кейін мемлекеттік қызметке ауы­сып, 2008 жылы «Шахтер» футбол клубының атқарушы директоры болып тағайындалдым. 2015 жылдан қазіргі қызметіме дейін Қазақстан Футбол федерациясының бұқаралық футбол департаментін басқардым. – Клуб басшылығына енді келіп жатырсыз. Бағыт қандай болмақ? – «Шахтердің» құрамында жер­гілікті мықты ойыншылар қай кезде де болған. Кезінде команданы мейлінше Қарағанды футболының төл шәкірттерімен қамтамасыз еттік. Ол бастама нәтижесіз болған жоқ. Қазір де сол жалғасады – Команданың биылғы проблемалары негізінен қаржы жетіс­пеушілігі болды деп отырмыз. Алдағы маусымда бұл жағдай қайталанбай ма? – «Шахтер» футбол клубының қаржылық жағдайы қазір түзеліп келеді. Облыс басшылығы спортқа, оның ішінде, әсіресе, футболға ерекше көңіл бөліп отыр. Көкейде көптен жүрген өзекті мәселенің бірі – кеншілер қаласына жеке футбол манежі керек. Қаланың Майқұдық және Оңтүстік-Шығыс тұрғын аудандарының арасындағы бос кеңістікке футбол стадионы салынады деп жоспарланған. Сол мәселе тезірек қолға алынса, Қарағанды футболын жетілдіруге көп көмегі тиер еді. – Дәстүр жалғастығы болуы керек. Қазір «Шахтердің» қосал­қы құрамын, жас футболшыларды даярлау жағы қалай? – Командаға қосалқы құрам футболшыларын даярлау да өзекті мәселенің бірі. Онымен Қазақстан Футбол федерациясының арнайы бағдарламасы бойынша «Шахтер» клубының орталығы, сонымен қа­тар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және  Ә.Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-ин­тернаттың футбол бөлімдері айналысады.  Өкінішке қарай, мектеп-интернат балаларды былтыр алғаш рет футбол бөліміне қабылдамай қалды. Бірақ, солай екен деп салымыз суға кетпеуі керек. Спорт бас­қармасы таяуда қаланың Сұ­рып­тау тұрғын аумағындағы «Ло­комотив» спорт кешенін қайта жөндеуден өткізіп, «Шахтер» футбол клубының футбол орталығы сонда көшірілетін болады. Кейін сол жерден Футбол академия­сын ашуға болады. «Локомотив» спорт кешенін қайта жөндеуден өткізіп, соның базасында Футбол академия­сын құру қажеттігін  2007 жылы сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин айтқан болатын. Содан бері оншақты жыл өтсе де, академияға деген сұраныс өспесе, кеми қойған жоқ. Сондықтан, бұл мәселені тезірек шешуге асыққанымыз абзал. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»   ҚАРАҒАНДЫ