Торайғыр ауылы – «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғысы» келген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өскен жері. Осында Торайғыр көлі, Торайғыр ауылы атымен заманында белгілі би, шешен болған Торайғыр Едігеұлының (1772 – 1825) шежірелі өткені қалды. Тізіп жаза берсек, сыры мен жыры жетерлік. Баянауылдың туризмге өзінен-өзі сұранып, дайын-ақ тұрған жер.
Бір жақсысы, Торайғыр ауылы жол бойында, табиғаты көз сүріндірер жерде, тау ішінде, көл жағасында орналасқан. Сондықтан ба, әкімдіктегілер тілшілер келсе де, алыс-жақыннан туристер, қонақтар келе қалса да, осы ауыл жаққа қарай ала жөнелетіні бар. Әрі айтқанымыздай-ақ, жол бойында, тау ішінде отырған басқа ауылдарына қарағанда, жолдың қырық мың мехнатын көрмей, әйтеуір, жылдам жетіп келесің. Биыл әлгі қырық жыл бойы ой-шұңқырлы тұрған Торайғырдың жолы жөнделіп, ауыл да, туристер де, қонақтар да, тілшілер – біздер де бір қарық болып қалдық. Айтпақшы, биыл бұл ауылда үлкен өзгеріс, жақсы жаңалық бар: ЭКСПО-ға келетін шетелдік туристерді қарсы алуға әзірленуде.
Енді, міне, жаңадан жасалған жолмен зулап, айнала биік шыңды құзды тауларға көз жеткізе алмай, толқыған Торайғыр көліне ойша шомылып, таңдана қарап келеміз. Жергілікті зерттеуші, тарихшылар болса, ертедегі темір дәуірінің қорғандар тобы көне ескерткіштері, қорымдарының көлдің шығыс жағалауындағы демалыс аймағында қалғанын айтуда. Облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің археология факультеті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл біздің дəуірге дейінгі VIII-IX ғасырларда немесе сақ дəуірінен келе жатқан Тасмола мəдениеті де болуы мүмкін. Жағадағы қазылып жатқан жерлер қоршалған күйі қалыпты. Көл суы биік құзды шыңдардың түбінен толқындана жарыса шығып, жағаға соғылады. Түстік жиегінде үшкір басты биік шың Найзатас тұр. Ашық беті көлге қараған су үстіне асыла біткен Үңгіртас үңірейеді. Тау түбінен ағып жатқан Әулиебұлақтың суынан ішкен адам ауруынан сауығып кетеді деседі.
Ауыл əкімі Арғын Абраров бастап ауыл ішін қоқыстан тазартып шығыпты. Абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінгенін естігендерімен, аз-маз бұл қаржының өзі ауыл əкімінің есебіне қай күні түсері белгісіз.
– Қазір Әулиебұлақтың айналасын тазалап, жөндеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұлақ суын ішіп, қараағаштың түбінде демалып отыратын орындықтар орнатпақпыз. – дейді ауыл әкімі.
Алдыңғы бір жылдары «Баянауылдың бұлақ суы» атты су шығаратын цех та жұмыс жасаған-ды. Бүгінде цех тоқтап, ғимараты қаңырап тұр. Ауыл әкімі ауыз су тапшы емес дейді. Десе де, ауыл күнделікті ішетін суды осы Əулиебұлақ пен Сабық құдығынан тасып ішеді екен. Үлкендер жағы Əулие бұлақтың сылдырап ағып жататын ағысы саябырлап барады деп қалды.
Ал бұлақтың қасында бұйығылана, ұйыса өскен ағаштар тобы «Қызыл кітапқа» енген. Кесуге, бір бұтағын жұлуға рұқсат жоқ. Қасына тұрып суретке түскенде, жапырақтарынан, домалақтана бұйығылана өскен бойына қарап, өзге ағаштардан өзгешелігін де байқайсыз. Баянауылдықтар «қанды қараағаш» деп те атайды. Бұрын Торайғыр көліне таудан шығатын бірнеше бұлақ суы келіп құйылса, қазір біреуі ғана қалған. Басқа бұлақтар бітеліп қалыпты. Жыл сайын лайланып, су бетін балдыр басу қаупі де содан. Көл жағасындағы ауылдардың да қоқыстары ағын сумен осы жерлерге шайылып келетіні облыс әкімі Болат Бақауовтың жазда Торайғыр ауылына жасаған сапарында да айтылды.
– Торайғыр көлі жағалауына туристерді көбірек тарту қажет. Ауылға кіре берістегі ескерткіште жөндеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы билбордтар ілу керек. Облыстық бюджеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырмай, ол жұмыстарды өздеріңіз де жүргізуге болар. Көлдің маңайындағы бос үйлерді тексеріп, рұқсаттама құжаттары дұрыс болмаса, оларды ұлттық саябақтың балансына аудару қажет. Туризмді дамытуда ұлттық дәстүрлерімізді ұмытпай, саяхатшыларға қымыз бен ат үстіндегі экскурсияларды ұсыныңыздар, – деп тапсырма берген еді облыс әкімі.
Аймақ басшысы айтқандай, көл жағасындағы 2000 жылдары салынған демалыс үйлері есік, терезелері аңырайып, қаңырап бос жатыр. Одан беріде қаз-қатар қызыл түске боялған бірнеше демалыс үйлері тұр. Қасына барып көргенімізде, демалушылар бар екенін көріп, қуанып қалдық.
– Тамаша жер. Саф ауадан бас айналады. Бірақ демалуға, суға түсуге әлі де жағдай жасалмағанын көріп тұрсыздар. Көл ішіне белгілер қойылуы керек-ақ. Біз жабайы туризмді қаламаймыз, адам сияқты демалғымыз келеді, – дейді бізбен кездескен туристер реніш білдіріп.
Кəсіпкер Ерлан Əлімбаев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесіне жыл сайын күтім жасайды екен. Талғат Бораншиев болса, өз қаражатына ақынның мүсінін жасатып, музей алдына қойдырыпты. Ғибрат, тағзым, құрмет деген осы. Мұндай ғибратты іске мектеп оқушылары да үлес қосуда. Олар да ақын кесенесінің маңын тазалап, күтім жасауда. Кәсіпкер Қасен Солтанбаев та ауыл балаларының күреспен айналысуы үшін жаттығу алаңшаларын сыйға тартыпты. Тұрғындардың өздері, ешкімге жалынбай-ақ, мешіттерінің жылу жүйесін жасап алыпты. Ауылдың ер-азаматтары Баянауылды жан-жақтан қазып, кен қопарып жатқан жекеменшік кеніштерде еңбек етуде. Сақтықта қорлық жоқ. Кенін алып болған соң, кеніштер ашық-шашық қалып, одан ұшқан удан Калачидегі секілді ұйықтап қалып жүрмейік десіп ескерту де жасап жатыр.
«Торайғырдың малдарының жұмсақ етін жеп, бал қымызын ішіп, бал қаймағынан ауыз тиіп көріңіз. Құрт, май, қымыз, ұлттық салт-дәстүрлерің өзгеге таңсық, ендеше, неге пайдаланбасқа» десек, «шетелдік туристердің келе жатқандары бір бұл емес, ЭКСПО-ға дейін де талай шетелдік келіп-кеткен, оған үйренгенбіз», – дейді ауылдықтар. Олай болса, таудың, даланың табиғи өнімдерінен бас ала алмайтын, саф ауасына мас болатын шетелдік туристерің қусаң кетпейді бұл жерден.
– Бізге жетпейтіні жайылымдық жер, – дейді ауылдықтар.
– Малды емін-еркін жая алмаймыз, өріске жіберуге жер тар. Өйткені, біздің ауыл Баянауыл ұлттық паркі аймағында орналасқандықтан, осындай жайсыздық бар. Бұл мәселе қалай шешімін табар екен? Сүтпен, етпен, май, құрт, қымызбен өзімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, туризмді дамытуға қарсы емеспіз. Үкімет дамудың ұзақ мерзімді бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі деп жариялағанын да білеміз, бірақ экология, табиғатты қорғау деген ұғымды да ұмытпайық, деген ойлар да айтылды. Әрине, бұл бағдарлама сол үшін де басқа өңірлермен қатар, Баянауылдағы экотуризмді де іске қосу саласы жергілікті жердің, ауданның, ауылдық экономиканы дамыту көздерінің бірі болып отыр. Баянауылдың туризмін дамыту үшін – ең алдымен аудандағылар ояну керек, білікті, білімді мамандар аса қажет деді мамандар.
Зерттеуші мамандар, туризм индустриясын дамытуда экологиялық соқпақ басты міндет атқаратынын ескертуде. Ал экологиялық соқпақ дегеніміз – табиғат қорғау ісінде экологиялық білім мен тәрбие беруге, оны көпшілік арасында насихаттауға бағытталған әрі экологиялық ақпаратқа толы белгіленген маршрут немесе демалыс орны. Экологиялық соқпақта оқу экологиялық білім мен тәрбие беру үдерісін үйрету ғана емес, туристердің еркін түрде ақпаратты қабылдау, табиғи ортада жүріс-тұрыс ережесін сақтау мақсатын көздейді. Шынында, Баянауылға керегі де осы. Экологиялық туризмді дамыту мен экотуристік әлеуетті жоғарылату үшін ұлттық саябақтарға туристердің келуін реттеп отыруға тиіспіз. Экотуристерді қорғалатын аумақтарға емес, оларға жақын жердегі Торайғыр сияқты ауылдарға орналастырса, сонда жергілікті тұрғындар айтып отырған табиғат қорғау мәселесі де оңтайлы шешімін табады.
Біз мөлдірген сұлу Торайғыр көлімен, заңғар биік құз - жартасты Ақбет тауымен, өзімізді құшақ жая қарсы алған ауылдағы ағайынмен қимай қоштастық. Көл жағалай жүріп отырып, ақын Сұлтанмахмұттың ақ кесенесіне барып, тағзым еттік. Ауылдықтар кесенеге дейін алып баратын жолды жөндеп беруін сұрап отыр. Торайғырға келетін адам қарасы болса аз емес, біз де жол жөнделсе дейміз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы