Бес жылдан бері Алматыдағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында жоғалуға жақын қыран тектес құстардың түрлері қолдан көбейтіліп, жабайы табиғат арасына жіберіліп келеді. Таяу күндері кезекті рет осы тәлімбақтағы бүркіт балапандары босатылды.
Осымен жиырмасыншы рет азаттыққа шыққан құстар легі Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институтының бақылауында болады. Яғни әрбір бүркіт арнайы орнатылған электронды чип арқылы қайда жүргені, тірі-өлісі зерттеліп отырылады. Осы арада әрбір чиптің бағасы 3 мың еуро тұратынын және әр құсты бақылау, зерттеу жылына 30 мың АҚШ долларына дейін баратынын айтуға болады. Алайда табиғатта сиреп бара жатқан сұңқар түрлерінің бағасы жоқ.
– Ал тәлімбақта көбейтілген құстар кейін жабайы табиғатқа шыққаннан кейін адам көмегінсіз тамағын тауып жеу үшін мұнда көп жұмыс жүргізіледі. Құстар кең қанат жая алатын орындарда тышқан, қоян, тауықты өз бетінше алуға үйретіледі, – дейді «Сұңқар» тәлімбағының директоры Ашот Анзоров.
Мұндай ғылыми сынақты Зоология институтының ғалымдары мен «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағы 2012 жылдың шілдесінде бастаған болатын. Адам факторы барынша азайтылған ғылыми сынақтар бүркіттердің жабайы табиғаттағы өміршеңдігіне анағұрлым жақсы әсер ететіндігіне көз жеткізілуде.
Сонымен 1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Сұңқар» тәлімбағында, бүркіт, қыран, ителгі сияқты 450-дей құс бар. Бұл құстарды азықтандырып, түрлерін көбейтуге бұл күнде «Эфес Қазақстан» компаниясы «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақтап қал» атты бүркіттерді қорғау бағдарламасы аясында қаржылық қолдау көрсетіп отыр. Осы жолы еркіндікке бес балапан бүркіт жіберілді.
«Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақтап қал» жобасының жүзеге асырылып жатқанына биыл бес жыл болды. Бұл жұмыстар жұртшылықтың назарын сирек құстар мен жануарлардың азаю мәселесіне аудартуға көмектеседі деп ойлаймыз. Біздің компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән беретіндіктен, біз бұл жобаға әрі қарай да қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Біздің ұлттық табиғи брендімізге айналған бүркіттерді сақтап, олардың әрі қарай да Қазақстанның мақтанышы және ұлттық нышаны болғанын қалаймыз, – деді «Эфес Қазақстан» ШС АҚ корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ