• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Тұрсынбай датқа

935 рет
көрсетілді

Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлға туралы зерттеушілік пайым Тұрсынбай Бүркітбайұлы ХІХ ғасырда Сыр бойының орта ағысында өмір сүрген, дарабоз қарым-қабілетімен, ақыл-ойының сұңғылалығымен, қайтпас қайсарлығымен және басшылық дарынымен аты мәшһүр қайраткер болған. Ол 1798 жылы қазіргі Шиелі, Сырдария аудандарына қарасты Ботабай, Тартоғай аумағында дүние есігін ашқан. Ата-анасы қазақтың мал баққан қарапайым шаруа адамдары екен. Жаратылысынан еті тірі, ширақ, пайым-парасаты мен табиғи күш-қуаты ерен, сөзге жүйрік жігіт азаматтық белсенділігімен ерте көзге түседі. Жас кезінде басқыншы Қоқан хандығының билеуші элитасының сеніміне кіріп, сол мемлекеттегі төртінші жоғарғы билік лауазымы – датқа атағын алады. Кейіннен Ақмешітті жаулап алған Ресей патшасы да оған зауряд-хорунжий (жорықтағы офицерлік шен) атағын беріп, ұлтымыздың сол тұстағы беткеұстар бір шоқ зайырлы, тірек-тұтқа, жақсы-жайсаңдарымен бірге империя астанасы Петерборға өзінің жеке салтанатты қабылдауына шақырады. Ал өзінің өмірлік белсенді қай­раткерлік қызметімен, жаратылысынан дара туған өр мінезі, ақыл-ойының жүйріктігімен, үз­дік шешендік үлгісімен және әділ­дігімен, мәмілегерлік қалпымен танылған Тұрсынбай Бүркітбайұлы қазақ қоғамының бірауызды ортақ ұйғарымымен мәртебелі би атағын алады. Бұл ханның жарлығымен немесе үлкен ұлықтың бұйрығымен берілетін шенді лауазым емес-ті. Сайланбалы ресми қызмет, атақ, дәреже де емес. Бұл Құдайдың бір аты – халықтың өзінің соған лайықты тұлғаға қабілет-қарымына, ой-өресінің биіктігіне, өмірді сана көзімен оқып білетін және сөз өнерін жете меңгерген қасиетіне қарай жалпы бұқараның мойындауымен ғана арнайы қабылданған ең жоғарғы атақ, танымалдық болатын. Тұрсынбай датқа қазақ халқы бостандығынан айырылып, бодандыққа бой ұра бастаған тым ауыр кезеңде ғұмыр кешті. Алаштың анасы – Сыр өңіріне сұғанақтықпен көз тігіп, жат та жау пиғылдылар жан-жақтан жыртқыш аңша анталап тұрған-тын. Осындай тар жол, тайғақ кешулі шақта ел ерге қарады, намысшыл, қанына қызған атпал азаматтарының қауқарына, қабілетіне, қаһармандық қарымына үміт артты, сенді, соларға арқа сүйеді. Міне, осы екіталай сәтте қазағына қамқор аға да, жаға да бола алған өр тұлғалардың бірі – Тұрсынбай датқа еді. Түркі әлемін зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев былай деп жазған болатын: «Ақмешіт пен Түркістанның арасын Тұрсынбай Бүркітбайұлы басқарды. Өз ұлтына қамқор, қорған бола білген ер Қоқан ханының қолынан мерт болды». Біз бүгін Тұрсынбай датқа туралы көнекөз қариялардан жеткен шежіре әңгімелерді өскелең жас ұрпаққа өнеге ретінде қалдырғанды жөн көріп отырмыз. Ақын Мәнсұр Бекежанұлы атақты Тұрғанбай датқаның немересі Иманжүсіп Құтпанұлына арнап жазған «Иманжүсіпке хат» деген тарихи толғауында: Бесінші датқа болған Тұрсынбай бар, Дабысы Қоқан-Хиуа, қыр-Сырда бар. Ешбір жау қарсы тұрып көрген емес, Қылышын қынабынан суырса әгар, – деп дәріптеген Тұрсынбай датқаның батырлығына да еш дау жоқ. Тұрсынбай Бүркітбайұлы орыс билігінің зауряд-хорунжий шенінде де туған елінің амандығын, тыныштығын, шаруашылығын қорғап, ауыртпалығын жеңілдетуге күш салған. Қарадан шығып хан болғандай бұл жаратылысы ерекше жан расында қара шекпенді, қарапайым ортадан тамыр тартып, үлкен мемлекеттік істерге араласты. Жатжұрттықтардың өздері мойындағандай, ол түрлі ақыл-ой жетістіктерін, амалдарды, айланы, мәмілегерлік тәсілдерді шебер қолдана білді. Көптің аузында жүрген сананы селтеткізерлік, естіген кісіні еріксіз елеңдетерлік әңгіме – Тұрсынбай датқаның Сырдарияның бойында бір емес, тап сол екі жерде дар құрғызғандығы туралы. Көне жәдігерлік деректер де сол айтылған тосындау жайтты расқа шығарады. Нақтылай түссек, дардың біріншісін сол кездегі Ақмешіт қаласынан 90 шақырым жердегі Боқтыөлең, қазіргі Ботабай ауылы аумағындағы Алтынбек аралына құрған, ал екіншісін қаладан 20-25 шақырым жердегі Мырыштың түбегіндегі «Қайырсуат» елді мекенінде құм шығанаққа орнатқан. Көрем деген кісіге күні бүгінде Боқтыөлеңнің ит тұмсығы батпайтын қалың тоғайының арасында сол баяғы дәуірдің адамдарының зәре-құтын қашырған ажал құралының қорқынышты іздері әлі күнге сайрап жатыр. Қазір де оған көз тастаған жанның жүрегін солқ еткізіп, үрейін ұшырғандай. Заманында ханның арнайы жарлық-ұлықсатымен жүзеге асқан жойқын дүние жергілікті билеушіге не үшін зәру болды екен? Атап айтарлық жайт, құрылған дарларға ешкім де асылмаған, яки онда әлдебіреудің өмірі қиылмаған. Ал ендеше, кезінде дүйім жұрттың дегбірін қашырған сұрқы сұсты пәлекет неге керек болды деген заңды сұрақ көңілді қара бұлттай торлайды. Бұл сауалға салған беттен тұжырымды жауап бере қою қиын. Ол үшін сол уақыттың нақты тынысын сезінуге, билеушінің бұған қатысты саясатына ойша бойлап көруге талпынған лазым. Алуан пікірлердің ақ-қарасын ақыл безбеніне сала келгенде біз бір орнықты ойдың ұштығын ұстағандай болдық. Мәселенің арғы-бергі жақтарын, астарын санада саралап, салиқалы түйін жасаушылар дар құру қанқұмар қатыгездікті, болмаса сұрқия зұлымдықты аңсаудан немесе көпке көпе-көрінеу қыр көрсету арқылы дөң-айбат шегуді мақсат тұтудан емес, қоғамдағы тұрақтылықты тұрлаулы етудің қамын күйттегендіктен қажет болған деген уәжді алға көлденең тартады. Шындығында, қолында қазіргі қазынаның қарауындағыдай ресми соты, прокуратурасы, полициясы жоқ датқа ел ішіндегі екінің бірінде ұшырасып жататын ұрлық-қарлық, барымта, тонау, зорлық-зомбылық, басқа да қиянатты көріністердің бетін қалай қайтармақ? Ендеше, алыс-жақыннан төнген қауіпті бәсеңдету, қатерді сейілту үшін, жалпы, елге ие болып, халқының етек-жеңін жинақы ұстау үшін, тентегі мен телісін, сұғанақ ұрысын тыйып ұстап, тәртіп пен әділеттілік орнату үшін аталған қатқыл шара ауадай қажет болған. Сыр бойының онсыз да күнкөрісі жүдеу, дені қызылсирақ тұрғындарына Қоқанның еселеп салған алым-салығы ауыр соққаны аян. Бүгінге дейін жеткен деректі хикаяттарға қарағанда, аталмыш күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге Тұрсынбай датқа үнемі жанын сала араласып, салықты азайтудың және қандастарының иығына түсетін салмақты жеңілдетудің жолдарын жатпай-тұрмай іздестіргені, мұнымен ықылас қоя тиянақты айналысқаны, қал-қадерінше халқына қол ұшын беріп қарасқаны аңғарылады. Бұған қоқандық сарбаздардың оның қарауындағы елге тізе батырмақ, тонаушылық жасамақ әлімжеттік әрекеттерін батыл түрде тыйып, мәртебелі хан алдында осыған қатысты қасқайып тұрып сөз ұстап, абыройын айбат қылып, беделін белбеуге түйіп, тіптен жеке басын құрбандыққа шалуға дейін барғаны дәлел. Сол үшін Қоқан ханының абақтысында отырып, зынданына түскендігі де айтылады. Орыс патшалығының сырт бақылаушыларының Тұрсынбай Бүркітбайұлының қарауындағы елдің тұрмыс дәрежесі жақсы, бағымындағы малдары күйлі, қалы­пты тіршіліктерін жасап жат­қандығын ресми түрде тілге тиек етуі жайдан-жай емес. Адамгершілік қасиеті биік аза­маттың жан дүниесі бай, пейілі дарқан, құшағы ашық болып келетіндігін Тұрсынбай датқа өзінің басшылық тәжірибесінде сан мәрте дәлелдеген. Бір жолы Арқадан 60 үйлі арғын ағайындар Сыр еліне қопарыла көшіп келіп, қоныс сұрайды. Ел ағасы алыстан ат арытып жеткен жұрағатқа қарауындағы атырабынан тұрақты қонысқа шұрайлы жер телімін бөліп береді. Сонау аласапыран заманда Тұрсынбай датқа қамқорлықпен қанатының астына алған шағын шоғыр ағайынның өрісін кең жайып, ұрпағының өсіп-өркендеп отырғандығына бүгінгі жұртшылық куә. Жат жұрттықтармен күресте Тұрсынбай датқа жалғыз болмаған. Кенесары хан, Наурызбай батыр, Жанқожа батыр, Бұқарбай батыр, Жаназар батыр бастаған қазақ шаруалары қоқандықтар мен хиуалықтардың Түркістан, Созақ, Сауран, Жаңақорған, Жөлек, тағы басқа бекіністерін сан рет кескілескен ұрыстардың нәтижесінде басып алғаны белгілі. Тұрсынбай датқаның туысы Тұрғанбай пансат Түркістан төңірегін билеп тұрғанда 4 мың қолмен Қоқан билігіне қарсы шыққан. Бұл Шілік көтерілісін Тұрсынбай да қолдаған, одан зардап шеккен қандастарына жанашырлық білдіріп, жәрдем қолын созған. Қазақ биі Тұрсынбайды Ресей үкіметі ақылман, ықпалды жергілікті басшы ретінде таныған. Оның бетін өздеріне қарай бұрып, мүдделерін жүзеге асыруға пайдалану үшін бар әрекеттерін жасап бағады. Әр ыңғайда көтермелеп, дәріптеп, сый-сияпат жасап тұруды ұмытпайды. Оған көрсетілген құрметтің ең мәртебелісі – орыстың зауряд-хорунжий әскери шені беріліп, Станислав лентасы және алтын медальмен марапатталуы, 13 адамнан тұратын қазақ шонжарлары шағын тобының құрамында Петерборға арнайы шақырылып, ІІ Александр патшаның салтанатты қабылдауында болуы. Тұрсынбай датқаға бүгінгі Шиелі, Сырдария аудандарына қарасты Ботабай (Боқтыөлең), Тартоғай, Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді елді мекендерінің аумақтары қараған. Ол кісі төңірегіне елдің игі жақсыларымен қатар жаужүрек батырларын, дін-ислам жолындағы адал пірәдарларын, аузымен құс тістеген ділмар шешендер һәм көркемсөздің перісі атанған арқалы шайырларын топтастырған. Маңдайында жұлдызы жарқыраған бұл өрелі азаматтардың айшықты алқасында жат пиғылды шапқыншыларға қақырата соққы беріп, қандастарын қауіп-қатерден қорғаған от жүректі Жаназар батыр, Баспақ батыр, әулиелік және емшілік, көріпкелдік қасиеттерімен тамам Сыр атырабының сыйлы адамына айналған Құлболды ишан, сөз маржанын төккен жалынды ақын Бұдабай бар. Жақсының қасына жақсылар ерген, ал мұның өзі Тұрсынбай бидің адам жанының, мінез-құлқының да сыншысы, ілкімді қасиеттерді қастерлеуші болғандығынан хабар берсе керек. 1853 жылы орыс отарлаушылары Ақмешітті басып алғанымен, одан әрі 10 жыл бойы жылжи алмады. Демек, Қоқанның қарауындағы өз иелігінен басталған аймақ Түркістанға дейін созылып жатты, оның ішінде Тұрсынбайдың датқалық аумағы да әлі сол баяғысынша ханға бағынышты болатын. Оның үстіне ол елінің амандығы үшін екі тарапқа да қызмет жасап, орыстармен де ымырагершілік танытты. Елден ханға жиналатын салықтың қыспағына қасақана қарсы тұрды. Әрине, мұның баршасы ханның құлағына жетіп жатты, оған ұнамағаны, іштей кек түйгені айдан анық. Әйткенмен, заман басқа, ол билік иесінің бұрынғыдай баса көктеп, күшке салып, белден қайыстыратын қауқары жоқ. Оған ендігі жерде әккі түлкідей зымияндық әрекетке баруына тура келді. Солай болды да. Бірде аңғал батырды құзырына алдап шақырып, қараулық пиғылын амалға асырды. Өтірік көлгірсіп, сыйлаған болып отырып, кері қайтуға бет алғанда Тұрсынбай датқаның ерінің таралғысына уыты күшті у жаққызып жібереді. Қайран есіл ер қапияда жасалған қастандықтан Созақ жеріне, Шолаққорғанға жеткенде ажал құшады. Денесі қасиетті Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіне жерленеді. Бұл 1863 жыл болатын. Бұдан екі ғасыр бұрын осынау қасиетті Сыр бойында ғұмыр кешіп, жау жағадан алып, бөрі етектен шалған қиын-қыстау кезеңде туған халқына адал қызмет ете білген Тұрсынбай датқаның жақсы аты елімен бірге жасасып, өмірі ұрпақтары арқылы жалғасып келеді. Тегінде, бұл дала билеушісінің кіндігінен он ұл және біраз қыз бала тарапты. Олардың ішінде, әсіресе, тегіне тартып ел билеген Әлмәмбет, Жүсіпназар, Смайыл сынды азаматтардың атқарған қызметі күні бүгінге дейін жұртшылықтың жадында. Бұлардың бәрі де болыс болған. «Елім үшін жаным құрбан, халқымның қара тоқтысы болып бауыздалып кетсем арманым жоқ». Бұл Тұрсынбай бидің өмірлік ұстанымы, айнымас кредосы, кіршіксіз ар-ожданының асқақ желбіреген туындай жүрекжарды сергек те серт сезімі. Сан қилы тартысты, тағдырлы, текетірес және тіршілік үшін егес сындарлы сәттердің бірінде Қоқан ханының алдында айбармен айтылған сөз көрінеді. Қажетті жерінде шалт қимылдап, жедел шешім қабылдайтын, батырлық аңғалдығына да салып жіберетін Тұрсынбай датқаның осынау жалынды ұран-сөзінен отансүйгіштіктің, елі үшін өзін де құрбандыққа шалған қайсарлықтың лебі айқын есіп тұрған жоқ па? Қаһарман қайраткердің өмір жолына көз жіберсек, оның сөзі мен ісінде алшақтықтың болмағаны көзге ұрып тұр. Бұл – шын мәнінде ұрпаққа ұран, өскелең жастарға өмірлік өнеге. Қуаныш МАХАНБЕТ, журналист   Қызылорда облысы