Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми Сот төрелігі академиясының магистранттарымен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесіп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 18-қадамын орындау маңызын ерекше атады, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Жоғарғы сот жанынан Академияның құрылуы және жұмыс істеуі заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды қадамдарының бірі ретінде айқындалған. Оны құру кезінде халықаралық тәжірибелер зерделенді, ЭЫДҰ мен Еуропа судьялары хартиясының ұсынымдары, Халықаралық судьялар қауымдастығының және Еуропа судьялары консультациялық кеңесінің қорытындылары назарға алынды. Осылайша Жоғарғы сот Академиямен бірлесіп, барлық қажетті нормативтік-құқықтық база дайындалды, профессорлық-оқытушылар құрамы қалыптастырылды, қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Бүгін Академия өзінің алдында тұрған міндеттерді шешуге толығымен дайын.
2016 жылғы магистранттарға сөзін арнай отырып, Қ.Мәми олардың заңгерлік мамандық бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесінің барына және түсу емтихандары барысында жіті іріктеуден өткеніне ерекше тоқталды. «Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының алғашқы, сондықтан айрықша түлектері: сот жүйесін тыңғылықты теоретикалық дайындығы бар, білімдерін іс жүзінде дұрыс қолдана алатын жаңа формациядағы кадрлармен толықтыруға тиіс. Қазірден бастап әділдікке қызмет етушілерге жүктелетін жауапкершілікті терең сезіну қажет», деді Жоғарғы соттың Төрағасы.
Академияның профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесу кезінде жаңа формациядағы заңгер кадрларын даярлау елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудің және зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Ал Академияның жаңа мәртебедегі негізгі міндеті сот қызметінің ерекшелігін ескере отырып, оқу процесін өзгерту болып табылады. Бүгінгі күні басымдық ақпарат беруден судьяның кәсіби біліктілігін қалыптастыруға жасалуға тиіс. Айрықша мәртебеге ие бола отырып, Академияның өзі дербес білім беру, ғылыми және әдістемелік салада негізгі ережелерді әзірлеп, практикаға енгізуге, мамандар дайындаудың жаңа бағыттарын айқындауға, оларды оқытудың мерзімі мен нысандарын белгілеуге құқылы.
Қ.Мәми: «Сот төрелігін жүзеге асыру үшін тыңдаушыны психологиялық және моральдық-этикалық дайындау маңызды болып табылады. Бірінші кезекте, оқу жоспарлары мен бағдарламалары тыңдаушыларды құқық қолдануға машықтандыруға тиіс», деп атап өтті.
Академияны одан әрі дамыту перспективасы Сот білімінің 2017-2020 жылдарға арналған стратегиясының жобасында көзделген. Қазіргі кезде ол талқылау және пысықтау кезеңінен өтуде.