Кеше «Қазмедиа орталығында» «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Топтың жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында заң жобасының негізгі ережелері талқыланды, ол 1 қарашада министрліктің ресми сайтына орналастырылды.
Отырысты ашу барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев заң жобасын әзірлеу басында министрлік барлық мүдделі тұлғалар қатысқан кезде оны талқылаудың ашықтығы мен қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатын алға қойғанына назар аударды.
Ол, сондай-ақ, ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласы бүгінде шын мәнінде, жаһандық деңгейде болып жатқан технологиялық және қоғамдық қайта құрылу авангардында ауқымды өзгерістерге ұшырап жатқанын атап өтті.
Д.Абаев қоғамдастыққа ұсынылған заң жобасы министрліктің пікірі бойынша қазіргі кезеңде талап ететін өзгерістердің көрінісі болып табылатынын атап өтті.
Министр осы жұмысқа белсенді қатысқан Жұмыс тобының барлық мүшелеріне ризашылығын білдірді және барлықтарына табысты еңбек тіледі. Іс-шарада, сондай-ақ, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі А.Әжібаев пен Жұмыс тобының басқа да мүшелері сөз сөйледі.
Отырыста айтылған барлық ұсыныстар министрлік тарапынан ескеріліп, одан әрі жұмыста пайдаланылатын болады.
Заң жобасының мақсаты бұқаралық коммуникацияның технологияларын дамытуға сәйкес БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс саласында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу болып табылады.
Құжатта 200-ге жуық түзетулер қамтылған және 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Жұмыс тобының құрамына 60-қа жуық адам кірді.
«Егемен-ақпарат»