• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

"Конгресс-холл" атауы "Астана" концерт залы деп өзгереді

659 рет
көрсетілді

Астанадағы Конгресс-холл атауы «Астана» концерт залы» болып өзгермек. Осыған байланысты нысанның қасбетіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Бұл туралы «Астана ақшамы» басылымы хабарлады. Конгресс-холл бұрын Тың игерушілер сарайы болғанын байырғы тұрғындар жақсы біледі. Кейін жаңа шаһардың бітім-болмысына байланысты 1998 жылы қайта түрленіп, Астананың айшықты нысандарының біріне айналды. Тіпті «Конгресс-холл» атауымен мемлекеттік мекеме де құрылды. Алайда 2010 жылы осында Астана Мемлекеттік академиялық филармониясы көшіп келуіне орай екі мекеме бірігіп, соңында «Конгресс-холл» жеке мекеме ретіндегі қызметін мүлде тоқтатты. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде бұл ғимарат түгел - филармонияның еншісінде. «Конгресс-холл» деген мәжілістер, ресми жиындар өтетін орын деген мағынаны білдіреді. Ал мұнда көбіне әншілердің, өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары ұйымдастырылып жүр. Филармонияның концерті де осында өтеді. Бірақ жұртшылық кейде филармонияның қайда екенін білмей, шатастырып алатыны бар. Сондықтан ғимараттың маңдайшасындағы жазуды өзгертпекшіміз. Бұл туралы қала әкімінің қаулысы шықты. Ал нысанның қасбетіндегі үлкен экранға «Филармония» деген жазу тұрады, айналасы қазақтың ою-өрнегімен көркемделетін болады» , - дейді Астана Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі Сәкен Абдрахманов. Иә, ғимараттың атауы өзгергенімен, Астана Конгресс-холлсыз қалмайды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аумағында жаңа Конгресс-холл ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы жақында жаһандық көрменің дамуына орай өткен жиында айтылды.